Главная страница
 |   |   |   |   |  BAQ league. Алтыншы турдың таңдаулы құрамы жасалды

BAQ league. Алтыншы турдың таңдаулы құрамы жасалды

BAQ league. Алтыншы турдың таңдаулы құрамы жасалды
BAQ league. Алтыншы турдың таңдаулы құрамы жасалды

Назарларыңызға Журналистер лигасының 6-шы турының таңдаулы құрамын ұсынамыз.

Қақпашы – Диаз СӘРСЕНОВ (Астана TV)

Басқа-басқа, «Астана» телеарнасының қақпашылары мықты. Өткен маусымның үздік кипері Дмитрий Покидаев жарақат алып қалған еді, оның орнын басқан Дарын Шеңгелбай өзіне артылған міндетті тамаша атқарып, екі турдың таңдаулы құрамына кірді. Енді міне, команда сапын трансферлік терезеде толықтырған Диаз Сәрсенов те әріптестерінің сенімінен шыға білді. «Хабар 24» командасына қарсы кездесуде байқадық, тек қолмен ғана емес, аяқпен де жақсы ойнайды екен. Құдды бір, «Қайрат» және Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы Игита сары маска киіп алып, Журналистер лигасына келіп қалғандай болды.

Қорғаушылар – Әділет ҚҰСАЙЫНОВ (Астана TV) пен Абылай ТҰРЛЫБЕКОВ (ЦАИ МИК РК)

«Астана TV» командасының шабуылы қаншалықты әлсіз болса, қорғанысы соншалықты берік. Бұл капитаны Әділет Құсайыновтың арқасында болса керек. Қарсы алдынан қандай шабуылшы шықса да, аяғындағы допқа қасқырдай тап беретін Құсайынов «Хабар 24» ойыншыларын да еркін жүгіртіп қойған жоқ.

Таңдаулы құрамға енген тағы бір капитан – Абылай Тұрлыбеков. «Qazsport» телеарнасына қарсы кездесуде командасының ойынына әр кіргізіп, қарсыластарының қорғаушыларын тұсап ұстады. Өзі де шабуылға шығып, дубль авторы атанды.

Шабуылшылар – Бимухамед БУКЕЕВ (Хабар) пен Құмарбек АЗАТ (Қазмедиа)

Бимухамед Букеев өз командасын енді тапты-ау. Шыны керек, «Хабар 24» сапында оның мұндай ойынын ешқашан көрген жоқпыз. Өзінің құлқы болмады ма, әлде әріптестерінің тарапынан қолдау таппады ма, әйтеуір, бұған дейін алаңда мұншалықты көсілмейтін. Ал «Хабарға» ауыса салып, алғашқы матчында-ақ 5 гол соғып, бір маусымдық жоспарын орындап тастады. Мұнымен де тоқтап қалмайтын сияқты.

Қатарынан екінші турда таңдаулы құрамнан орын алып отырған Құмарбек Азат расымен де Журналистер лигасының үздік шабуылшыларының бірі екенін дәлелдеуде. Өткен аптада «Астана TV» қақпасына екі гол соққан, бұл жолы «Qazaq radiolary» жігіттерін әбден әбігерге салып, покер жасады. Шыны керек, дәл қазір «Қазмедианы» сүйреп жүрген жалғыз футболшы осы – Құмарбек. Өзге командаларға оны қалай жабу қажеттігі жайлы ойлану керек секілді.

РЕЗЕРВ

Қақпашы: Шамкен БАЙЫРБЕК (Спорт 59)

Қорғаушылар: Талғат ҚАЙРОЛЛА (Қазмедиа), Олжас КҮЛТЕШОВ (Асыл Арна)

Шабуылшылар: Данияр БЕКЖАНОВ (Qazaqstan), Аян ӘБДУӘЛИ (Егемен Қазақстан)

Возврат к списку