Главная страница
 |   |   |   |   |  BAQ league. Журналистер біріншілігі экваторына таяп қалды

BAQ league. Журналистер біріншілігі экваторына таяп қалды

BAQ league. Журналистер біріншілігі экваторына таяп қалды

Елордамызда Астана футбол федерациясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан футзалдан Журналистер лигасы экваторына таяп қалды. Бірақ бас жүлдеден үмітті командалардың саны әлі азайған жоқ.

Өткен аптада BAQ league біріншілігінде трансферлік кезең болған. Яғни, командалар өз құрамдарына өзгеріс енгізіп, доп тебе білетін журналистермен күшейе алды. Сондықтан, маусымның екінші жартысы тіптен қызық болуы тиіс.

Трансферлік терезеде күшейгендердің бірі – «Асыл арна» телеарнасы. «Qazaqinfo.kz» сайты командасының жігіттерімен кездескен исламдық арнаның қызметкерлері 4:1 есебімен жеңіске жетіп, Журналистер лигасындағы алғашқы жеңістеріне қол жеткізді.

Сондай-ақ, «ДИАП Qazaqstan» командасы да біршама күшейіп алыпты. «Qazaqstan» ұлттық арнасының ақпараттық-сараптамалық дирекциясы сонау Қостанай қаласынан журналистер алдыртыпты. Жарандарың жақсы ойнайды екен. Лиганың екі дүркін чемпионы «Хабарға» лайықты қарсылық көрсетті. Алайда, шыны керек, фавориттерді тоқтату олардың да қолынан, турасын айтқанда аяқтарынан келмеді. Есепте алға шыққанымен естерін дереу жиып алған «Хабар» журналистері екінші таймда қақырата голдар соғып, 14:3 есебімен ірі жеңіске қол жеткізді.

Дәл қазір «Хабар» 6-шы турдан кейін 16 ұпай жинап, турнир кестесінде ЦАИ МИК РК командасымен бірге көш бастап келеді. Өз кезегінде министрліктің командасы бұл жолы «Qazsport» жігіттерін жеңді. Ал «Qazaq radiolary» командасы қатарынан екінші ойында жеңілістің кермек дәмін татып, турнир кестесіндегі жағдайын қиындатып алды. Өткен аптада «Егемен Қазақстаннан» ұтылғанын көпшілік сенсацияға балап еді, бұл жолы «Қазмедиадан» жеңілісін «радиолықтардың» ойынындағы дағдарыспен байланыстыратындар көп. Енді оларға көшбасшыларды қуып жету қиын болады. Тіпті, үздік үштіктен де тыс қалулары әбден мүмкін. «Егемен Қазақстан» демекші, еліміздің бас газеті әзер болса да «Qazaqstan» ұлттық арнасын ұтты. Есеп 5:4. Ұлттық арна сапындағы Данияр Бекжановтың покері тең есепке де жетпеді.

«Астана TV» командасы да жүлделі орындардан әлі де дәмелі сияқты. «Хабар 24» журналистерімен кездескен Әділет Құсайынов бастаған жігіттер 4:2 есебімен жеңіске жетіп, 12 ұпаймен үздік бестікке еніп тұр. Ал маусымның алғашқы матчындағы жеңісінен кейін қатарынан 4 турда ұтылған «Спорт 59» ақыры жеңіске жетіп, «Еуразия+ОРТ» командасын 6:3 есебімен тізерлетті.


Журналистер лигасының турнир кестесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

Возврат к списку