Главная страница
 |   |   |   |   |  YELEU CUP–2018. Бас жүлдеден үміттілер өте көп

YELEU CUP–2018. Бас жүлдеден үміттілер өте көп

YELEU CUP–2018. Бас жүлдеден үміттілер өте көп
YELEU CUP. Бас жүлдеден үміттілер өте көп

Астанада Қазақстан футзалындағы ең ірі турнир Қанат Елеупов мемориалы басталды. Үш күнге созылатын турнирдің алғашқы ойындары да өтті.

Жеребе бойынша 15 команда бес-бестен үш топқа бөлінген. Турнирге қатысушылар мен мамандар бірден «В» тобына «Өлім тобы» деп айдар тағып үлгерді. Расымен де, мықтылардың бәрі осы топқа түскен бе дерсіз... Астананың екі мықты командасы «Сайран» мен «Бірлік» бар, Алматының «Recom» командасы да фавориттердің бірі. Шымкенттің «Таукенті» де тартымды ұжым екен. Ал «Оқжетпес» – нағыз кәсіпқой команда. Қазақстан чемпионатында ойнайды. Сондықтан, бұл топта бәрі де соңғы турда шешілуі әбден мүмкін. Әзірге, алғашқы екі ойыннан кейін 4 ұпаймен елордалықтар көш бастап тұр.

«А» тобында Ақтаудың «Ынтасы» көш бастап тұр. Құрамында Дінмұхамед Сүлейменов пен Серік Жаманқұловтар ойнайтын бұл команда алғашқы екі кездесуінде де қарсыластарын еш қиындықсыз жеңіп, еншісіне максималды 6 ұпайды салды. Алайда, «Ынтаның» нағыз қарымын ертең көреміз. Өйткені, бүгінгі қарсыластары – Астананың «Әлішері» мен Петропавлдың «Динамосы» да турнирдің басты аутсайдерлерінің бірі. Ал ертең Сүлейменов бастаған саңлақтар Астананың «Бейбарысы» және Семейдің «Ярышымен» кездеседі. Екеуі де өте мықты командалар. «Бейбарыс» – осы турнирдің бірнеше дүркін чемпионы «Аманаттың» тікелей ізбасарлары. Ал «Ярыштың» құрамында ұлттық құрама ойыншылары Павел Такумен Григорий Шамродан бөлек, бразилиялық легионерлер де бар. Екі ойыннан кейін 4 ұпайдан еншілеген «Ярыш» пен «Бейбарыс» бүгін өзара кездесіп, 1:1 есебімен тең тарқасты.

«С» тобында да жеке-дара көшбасшы бар. Ақтөбенің «Желкені» екі ойында да қарсыластарын ірі есеппен жеңді. Алдымен Жаңаөзеннің «Арланымен» кездесіп, маңғыстаулықтардың қақпасына жауапсыз бес гол соқса, екінші ойында Астананың «АО НИТ» командасын 7:1 нәтижесімен ойсырата жеңді. Сондай-ақ, бұл топта Рудный қаласының «Аят» командасы бар. Қазақстан чемпионатының үздіктерінің бірі әзірге бір ғана ойын өткізіп, жоғарыда атап өткен жаңаөзендіктермен тең түсіп қалды.

Турнирдің ертеңгі ойындары бүгінгіден де қызық болайын деп тұр. Сондықтан, баршаңызды «Астана» спорт кешенінен күтеміз.

YELEU CUP турнирінің хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

Возврат к списку