|   |   |   |  Ербол Мейрамбай – Еуразия ұлттық университетінің үмітін ақтаймыз

Ербол Мейрамбай – Еуразия ұлттық университетінің үмітін ақтаймыз

Ербол Мейрамбай – Еуразия ұлттық университетінің үмітін ақтаймыз
Ербол Мейрамбай - ЕҰУ-2 командасының капитаны

Жалпы, команданың осы турнирдегі мақсаты не? Жүлделі орындарға таласа ала ма? Бұл жайында біз аталмыш команданың капитаны Ербол Мейрамбайдан сұраған едік.

Екі ойында жеңіп, екеуінде тең түсіп, біреуінде жеңіліп қалған Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің екінші командасы Студенттер лигасының 5-турынан кейін 2-орынға жайғасты. 

– Ербол, соңғы турда «Тұран» университетімен кездесіп, ұтып тұрған жерден есепті теңестіруге жол беріп қойдыңыздар. Жеңісті қолдан шығарып алуларыңызға не себеп болды?

– Эмоцияналдық тұрғыда дайын болмадық деп ойлаймын. Өйткені, мұның алдында фавориттердің бірі, яғни Қазақ экономикалық университетін жеңгенбіз. Содан жігіттер бұл ойынды да опоңай жеңеміз деп ойласа керек, кішкене босаңсып қалдық. Ал негізі «Тұранмен» ойын тең дәрежеде өтті.

– Жалпы, «Тұран» командасының әлеуетін қаншалықты бағалайсыз?

– Меніңше «Тұран» университеті Студенттер лигасының бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша үздік төрттікке кіруі тиіс. Қорғаныста қаншалықты сауатты ойнаса, шабуылда соншалықты ұшқыр. Сондай-ақ, команда жігіттерінің рухы жоғары.

– Олардан бөлек, үздік төрттіктен тағы қандай командалар үмітті?

– «Астана» медициналық университеті мен Қазақ экономикақ универистетінің қарқыны қатты. Сонымен қатар, Назарбаев университетінің бірінші командасы да қарап қалмас.

– Өздеріңізге орын табылмай қалды ғой.

– Біз қазір турнир кестесінде 2-орында келе жатырмыз. Бастапқы мақсатымыз – үздік төрттікке кіру. Одан кейін чемпиондыққа таласамыз. Өздеріңіз білесіздер, Еуразия ұлттық университеті Студенттер лигасына екі команда қосқан. Бірінші командасы турнирді сәтсіз бастап, соңғы орынға бір-ақ түсті де, жүлдеге таласу мүмкіндігінен біржола ақталды. Енді бар үміт біздің командада. Тұтас Университет бізге қарап отыр. Үміттерін ақтауға міндеттіміз.

– Өзіңіз айтып өткендей, Еуразия ұлттық университеті Студенттер лигасына екі команда қосты. Неліктен сіздердің командаларыңыз ЕҰУ-2 деп аталады. Әлде, әу баста ЕҰУ-1 командасы мықтырақ болып, негізгі жауапкершілік соларға артылды ма?

– Команданың атауында тұрған ештеңе жоқ. Құрамның әлсіз немесе күштілігінде емес. Әу баста турнирге өтінішті олар бірінші болып өткізген. Содан кейін ЕҰУ-1 деп аталып кетті.


Ербол Мейрамбайдың "Тұран" қақпасына кезекті соққысы

– Ал сіздердің командаңыздың ойыншылары кімдерден жасақталған?

– Еуразия ұлттық университетінде 14 факультет бар дейтін болсақ, соның он шақтысының студенттері бізде ойнайды. Бәрі де өз факультеттерінің лидерлері.

– Командаңыздың капитанысыз. Жалпы сіздерде капитанды қалай таңдайды?

– Өзімнің ұйымдастырушылық қабілетімнің, командамды жинақтай алатындығымның арқасында шығар, жігіттер бірауыздан капитандықты маған ұсынды. Сенімдеріне рахмет! Негізі команданы жасақтап, жігіттердің барлығын шақырған өзім болатынмын. Сондықтан шығар, бұл мәртебе маған беріліп отыр.

– Ербол, енді өзіңіз жайлы. Бұрын футболмен кәсіпкой деңгейде айналысқан ба едіңіз?

– Өзім Ақмола облысының Воздвиженка деген ауылында туылғанмын. Астана қаласынан алыс емес. Жастайымнан футболға әуеспін. Мектепте оқып жүрген кезімде өзімнің командаммен бірге Атбасар, Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларындағы турнирлерге қатысқанмын. Бірақ футзал емес, үлкен футболмен айналысатынмын. Футзалмен Университетке түскеннен кейін таныс болдым.

– Астанада, жалпы елімізде Жоғары оқу орындары өте көп. Неліктен Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін таңдадыңыз?

– Негізі мен әу баста ҚазЭУ-ге түскен болатынмын. Қазір сол командада ойнап жүрген жігіттердің барлығымен сол кезден-ақ таныспын. Жақын араласып кеткенбіз. Бірақ ақылы бөлімде оқыдым. Кейін бірінші курстан соң Ұлттық бірыңғай тестілуін қайта тапсырып, грандта оқу мәртебесіне ие болдым. Бала кезден Еуразия ұлттық университетінде оқу арманым болатын еді. Сондықтан, осы оқу орнын таңдадым. Мектепте оқып жүргенімде ЕҰУ футбол командасы мықты деп еститінмін. Менің де сонда ойнап, капитан болғым келді. Арманыма жеттім деп ойлаймын. Бүгінде Ақпараттық технологиялар факультетінде 3-курста оқып жатырмын.

– Сұхбатыңызға рахмет! Тек сәттілік тілеймін!

Тізімге қайта оралу