|   |   |   |  Бұрымды қыздар Наурыз мерекесіне орай доп тепті

Бұрымды қыздар Наурыз мерекесіне орай доп тепті

Бұрымды қыздар Наурыз мерекесіне орай доп тепті
Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған футбол турнирі

Елорданың «Алау» спорт кешенінде қыздар арасындағы қалалық ашық турнир өтті. Барлығы алты команда қатысқан додада Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қарсылас шақ келтірмей, жеңімпаз атанды.

Астана футбол федерациясының ұйымдастыруымен өткен бұл турнирге Еуразия ұлттық университетінен бөлек, Назарбаев университеті, Сәкен Сефулин атындағы агро-техникалық университет, Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті және №8 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің екі командасы қатысты.

Бұрымдылардың ойыны қызық қой, қуаныштары да шынайы. Егер қыздарды доп тебе алмайды десеңіз, қатты қателесесіз. Олардың арасында да теңбіл допты ұршықша иіретіндер жетерлік. «Снарядты» шірене теуіп, қақпаға қақырата соққанда кез-келген торың әзер шыдас береді.

Сонымен, алты команда топтық кезең бойынша дүлдүлдерді анықтап, ақырында бас жүлдеге таласуға Еуразия ұлттық университеті мен Қазақ аграрлық-техникалық университеті мүмкіндік алды. Бірақ Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Мадина Шойкина бастаған ЕҰУ ойын тізгінін бірден өз қолдарына алып, 4:2 есебімен жеңіске жетті. Үшінші орынды Қазақ экономика, қаржы және сауда университеті иеленді.

Марапаттау рәсіміне Астана футбол федерациясының вице-президенті Әлия Дүйсекеева қатысып, үздіктер мен жеңімпаздарды марапаттады.

– Бұл қыздар турнирінің басы ғана. Күзге таман қыздар арасында Студенттер лигасын құрып, оны толыққанды біріншілік ретінде ұйымдастырамыз. Оған тек елордамыздың бұрымдылары ғана емес, жақын аймақтардың да қыздары қатыса алатын болады. Болашақта сіздерді елордада құрылған «Астана» футбол клубынан және Қазақстан ұлттық құрамасынан көруге тілектеспін, - деді Әлия Алмасқызы.

Сонымен, турнирдің қорытындысы бойынша үздік қақпашы номинациясын Мадина Шойкина жеңіп алса, Назарбаев Университетінің бұрымдысы Аида Әмірханова үздік қорғаушы атанып, ҚазАТУ аруы Анеля Елеусізова үздік сұрмерген номинациясын жеңіп алды. ҚазЭУ студенті Людмила Червенко ең үздік ойыншы деп танылса, елімізде қыздар футболының дамуына қосқан үлесі үшін №8 МБЖСМОР және «Астана» әйелдер футбол командасының жаттықтырушысы Орынбасар Дәуренбекова арнайы дипломмен марапатталды.

– Осындай турнирді ұйымдастырып, елордамызда қыздар футболының дамытып отырғаны үшін Астана футбол федерациясына алғысым шексіз. Турнир тамаша өтті. Арасынан допты кәсіпқойлардан кем теппейтін қыздарды да көрдік. Оларды өз командама шақырттым. Бұйыртса, менің командамда кәсіпқой деңгейде футболмен айналысатын болады, - деді Орынбасар Амангелдіқызы.

Тізімге қайта оралу