|   |   |   |  Самат Жұмабаев: Үздік қорғаушы екендігімді келесі маусымда да дәлелдеймін

Самат Жұмабаев: Үздік қорғаушы екендігімді келесі маусымда да дәлелдеймін

Самат Жұмабаев: Үздік қорғаушы екендігімді келесі маусымда да дәлелдеймін
Самат Жұмабаев

Жақында ғана шымылдығын жапқан «Самұрық-Қазына» лигасында үздік қорғаушы атанудан үміткерлер өте көп болды. Ұзақ пікірталастан кейін аталмыш номинация «ҚазақТелеком» командасының қорғаушысы Самат Жұмабаевқа бұйырған еді.

Турнирден кейін біріншілік жайлы өз ойын білдірген қорғаушы келесі маусымда өздеріне сенген барша жанкүйердің сенімін ақтауға уәде берді.

– Самат, жақында аяқталған футзалдан «Самұрық-Қазына» лигасында үздік қорғаушы номинацисын жеңіп алдыңыз. Жеке жетістігіңіз құтты болсын!

– Көп рахмет! Шынымды айтсам, үздік қорғаушы атанамын деп ойламаған едім. Өйткені, менен бөлек, басқа да мықты қорғаушылар болды. Сондықтан, бұл құрмет мен үшін тосын сый болды. Енді келесі маусымда өзімнің расымен де осы номинацияға лайықты болғанымды дәлелдеймін.

– Осымен қатарынан төртінші рет «ҚазақТелеком» командасы турнирде 2-орын алып қалып жүр. Чемпион атануға не кедергі болуда?

– Себептер көп қой. Бірде сәттілік, бірде шеберлік жетпей қалып жатты. Кей ойындарға психологиялық тұрғыда дайын болмадық. Оның үстіне, басты бәсекелесіміз «ҚазМұнайГаз» да өте қарымды команда. Оларға қарсы тұру мүлдем оңай емес.

– Турнир несімен есіңізде қалды?

– Осы маусымға тыңғылықты дайындалдық. Ашығын айтқанда бас жүлдені жеңіп алғымыз келді. Себебі, талай рет оқталып, талай рет қолымызға түспей қойған «арман алтын» еді. Бұл жолы да бұйырмады. Дегенмен, жекелей номинацияларда жолымыз болды. Мен үздік қорғаушы атансам, командамыздың капитаны Дамир Жарымбетов үздік ойыншы атағын жеңіп алды.

– Жалпы, «Самұрық-Қазына» лигасы Сіз үшін несімен маңызды?

– Әлбетте, осы турнирге қатысқаным үшін, «ҚазақТелеком» сынды компанияда қызмет атқарып, осы команданың намысын қорғайтыным үшін қуаныштымын. Жалпы, мұндай турнирлердің салауатты өмір салтын қалыптастырудағы маңызы өте зор. Әр ойын денсаулыққа пайдалы. Сондықтан, жыл сайын осы тектес додалардан қалмай, қатысып тұрамыз.

– Сұхбатыңызға көп рахмет!

Тізімге қайта оралу