|   |   |   |  Футзал. Астана біріншілігінің қысқы маусымы мәресіне жетті

Футзал. Астана біріншілігінің қысқы маусымы мәресіне жетті

Футзал. Астана біріншілігінің қысқы маусымы мәресіне жетті
Есіл – футзалдан Астана қаласының қысқы чемпионы–2016

Футзалдан Астана қаласы біріншілігінің қысқы маусымы мәресіне жетті. Бас жүлдені «Есіл» командасы жеңіп алса, күміс «Кеденге» бұйырды. Ал қола жүлденің тағдыры соңғы турда анықталып, «Аланмен» өткен өзара ойында «Достар» командасы жеңісті жұлып алды.

«Есіл» біріншіліктің аяқталуына екі тур қалғанда-ақ чемпион атанып қойған. Сәйкесінше «Кеденнің» де «күміс жүлдегер» атанғаны сол кезде белгілі болды. Ал үшінші орынға талас тартысты болды. Үміткерлер екеу болатын. Шешуші матчтың қарсаңында «Алан» турнир кестесінде басты бәсекелесі «Достардан» екі ұпай алда тұрды. Сондықтан, соңғы ойында оларға тең ойнаса да жеткілікті еді. Ал «Достарға» керегі тек жеңіс. Басқа нәтиже Әділ Шанабаев шәкірттерін еш қанағаттандырмайды. Ойынға моральдық, психологиялық тұрғыда барынша дайындалған «Достар» бірінші минуттан бастап-ақ паркетке қақпашысыз шықты. Соңғы қорғаушының рөлін қаба сақалды Алексей Ногайға тапсырып, тайлы-тұяғымен шабуылға көшті. Бірақ «Алан» да сауатты қорғанады екен, қақпаларына доп дарытқан жоқ. Қақпашысы Абай Нұрманов та допты өзінің бекер үздік қақпашы атанбағанын дәлелдеп, соққының барлығына тойтарыс беріп жатты. Шындығында бірінші таймның голсыз аяқталуы соның арқасында.

Үзілістен кейін «Достар» шабуылдарын тіптен күшейтті. Дегенмен, есепті бірінші болып ашқан «Алан». Қарымта шабуылдардың бірінде допты ашық тұрған қақпаға асыра салып, алға шығып кетті. Бірақ қуаныштары көпке созылған жоқ, аздап босаңсып қалғандарын пайдаланған Әділ Шанабаев шәкірттері қатарынан екі доп соқты. Рас, көп ұзамай есеп теңескен. Алайда, жеңіске деген жігерліктері басым болған «Достар» ойын аяқталғанша тағы екі гол соғып, қола медальді жұлып алды.


"Достар" шабуылшысы Біләл Насыров "Алан" қақпашысы Абай Нұрмановтың қырағылығын тексеріп көруде

Иә, осымен футзалдан қала біріншілігінің қысқы маусымы мәресіне жетті. Бұдан бөлек, соңғы турда «Ярыш» тартысты өткен текетіресте «Целиноградты» 5:4 есебімен тізе бүктірсе, «Кеден» 8:6 есебімен әзер дегенде №8 МБЖСМОР командасын ұтты. Ал бір күн бұрын қала чемпионы «Есіл» мен күміс жүлдегер «Кеден» өзара кездесіп, кезінде Қарағандының «Тұлпарында» ойнаған бразилиялық легионер Алекстің арқасында 10:6 есебімен ұтты.

Біріншіліктен кейін бірден марапаттау рәсімі өтіп, турнирдің бас төрешісі Ғалымжан Кенжалинов жеңімпаздар мен үздіктерді толық марапаттады. Турнир қорытындысы бойынша, бас жүлдеге 750 мың теңге сыйақы табысталса, екінші орынға 500 мың теңге бұйырып, үшінші орынның иегері 250 мың теңгеге қол жеткізді.

Біріншілік үздіктері:

Үздік қорғаушы – Абай Нұрманов (Алан)

Үздік қорғаушы – Қуат Әбішев (Достар)

Үздік шабуылшы – Сәбит Тұрсынбаев (Кеден)

Үздік сұрмерген (21 гол) – Мұрат Жәнішев (Кеден)

Үздік ойыншы – Қуаныш Әбдуалиев (Есіл)

Тізімге қайта оралу