|   |   |   |  Қайырбек Елеусінов: «Бірлесіп атқарса, бірлігі жарасқан команда құру қиын емес»

Қайырбек Елеусінов: «Бірлесіп атқарса, бірлігі жарасқан команда құру қиын емес»

Қайырбек Елеусінов: «Бірлесіп атқарса, бірлігі жарасқан команда құру қиын емес»
Қайырбек Елеусінов

«Самұрық-Қазына» лигасында ұпайдан шашау шығармай, біріншілікті бірінші орында аяқтап, бас жүлдені жеңіп алған «ҚазМұнайГаздың» жеңіс құпиясы неде? «Мұнайшыларға» бұл турнир несімен маңызды? Ендігі мақсаттары не?

Осы және өзге де сұрақтарды біз команданың жетекшісі, «ҚазМұнайГаз» компаниясы бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Елеусінов Қайырбек Сағынбайұлына қойған едік.

– Қайырбек Сағынбайұлы, «ҚазМұнайГаз» командасының бұған дейін де жетістіктерге жетіп жүретінін білетін едік. Жалпы, осы турнирде нешінші рет жеңімпаз атанып отырсыздар?

– Биылғы жылды есепке алғанда «Самұрық-Қазына» лигасына төртінші жыл қатарынан қатысып отырмыз. 2013 жылы төртінші орынды иемденгенбіз. Одан кейін бір сатыға көтеріліп, 2014 жылы үздік үштіктен көріндік. Былтыр бар күшімізді салып, құрамымызды күшейтіп, чемпион атанғанбыз. Биыл да бас жүлде бізге бұйырып отыр. Әлбетте, жеңістің оңайы жоқ қой. Дегенмен, футболшыларыма ризамын. Паркетте бар күштерін салып, ешкімнің тең келмейтінін көрсетті.

– Ал бұл турнирге қатысу Сіздің компанияңызға не береді?

– Бірінші ретте, «футбол десе ішкен асын жерге қоятын», мақсатымыз бен қызығушылығымыз үйлескен адамдармен әрдайым байланыста болу. Жұмыс деп тек бір бағытта шектеліп қалуға болмайды. Жан-жақты болып, әрқашан бабымызда жүруыміз қажет. Сонда өндірістің де сапасы артады. Командамыз тату. Бір-бірімізді дос ретінде сыйлап, араласып тұрамыз. Жалпы, футбол адамдарды жақындастыратын бірден-бір спорт түрі. Осы ойын арқылы серіктестерімізбен байланысымызды арттырып тұрамыз.

– Командаңызда тек Астана қаласынан ғана емес, еліміздің басқа да аймақтарынан ойыншылар жиналыпты. Апта сайын барлығының басын қосу және өзара түсіністік орнату қиын емес пе?

– Иә, Командамызда Қызылорда, Ақтау, Жаңаөзен қалаларынан да ойыншылар бар. Апта сайын Астанаға шақыртып тұрамыз. Келеді, ойнайды және беделімізді өсіріп кетеді. Олар тек футболды тамаша ойнап қана қоймайды, жұмыстарын да жақсы білетін әмбебап мамандар. Шындығында ойыншылардың әртүрлі өңірлерден болғандары маңызды емес. «Футбол» деген ұғымды дұрыс түсінген адаммен тіл табысу еш қиын емес. Бір шаруаны бірлесіп атқарса, бірлігі жарасқан мықты команданы құру қиын соқпайды. Бұл турнир біздің рухымыздың қаншалықты мықты екендігін көрсетті. Соның арқасында барлық матчты жеңіліссіз ойнап шықтық та, үздік команда, бірлігі жарасқан ұжым екендігімізді дәлелдедік. «Бірлік» демекші, бұл «ҚазМұнайГаз» компаниясының барлық мамандарына, футболға қатысы жоқ қызметкерлеріне де қатысты. Командамыздың мықты болғандығынан болар, компания ұзақ жылдар бойы алдыңғы қатарда келеді.

– Командаңыздың алға қойған мақсаттары қандай?

– Өндірісте тек дені сау адамдар ғана жұмыс істей алады. Біз мұнай компаниясымыз. Оны өндіру оңай шаруа емес. Оған көп күш және талпыныс қажет. Сондай-ақ, үнемі бабыңда жүруің керек. Бабыңда жүру үшін футбол ойнап тұрған жақсы. Алдағы уақытта да «Самұрық-Қазына» біріншілігіне қатысуды жоспарлап отырмыз. Бұйыртса, тағы да бас жүлдені қанжығамызға байласақ дейміз.

– Сұхбатыңыз үшін көп рахмет!

Тізімге қайта оралу