|   |   |   |  Бауыржан Суженов: Жазғы маусымда міндетті түрде үздік үштікке кіреміз

Бауыржан Суженов: Жазғы маусымда міндетті түрде үздік үштікке кіреміз

Бауыржан Суженов: Жазғы маусымда міндетті түрде үздік үштікке кіреміз
Бауыржан Суженов – "Самұрық-Қазына" лигасының үздік сұрмергені

Төрт айға созылған футзалдан «Самұрық-Қазына» лигасы мәресіне жетіп, турнирдің үздіктері толығымен анықталды. Сұрмергендер номинациясында 30 гол соққан «Астана» халықаралық әуежай» командасының шабуылшысы Бауыржан Суженовке тең келер ешкім болған жоқ. Sportsffa.kz/kz сайтына сұхбат берген сұрмерген биылғы біріншілік жайлы өз ойын білдірді.

– Бауыржан, жеке жетістігіңізбен құттықтаймын! «Астана» халықаралық әуежайы» командасының сапында қай кезден бері ойнап жүрсіз?

– 2013 жылдан бері осы командадамын. Ол кезде аталмыш компанияда жұмыс істемесем де, түрлі турнирлерге қатысып жүре беретінмін. Кейін футболдың және біліктілігімнің арқасында біржола компания маманы болдым.

– Биылғы біріншілік туралы не айтасыз? Деңгейі қалай болды?

– Маған ұйымдастырылу жағы ұнады. Өте жоғары деңгейде. Астана футбол федерациясы аймақтағы бұқаралық аяқдоптың дамуына зор көңіл бөліп жатқаны осыдан-ақ көрінеді. Өкінішке қарай, кейбір командалар турнирге жүрдім-бардым қараған сияқты. Кейде кешігіп, кейде тіпті келмей қалып жатқан командалар да болды. Міне, осы жағы ғана аздап көңіл құлазытты.

– Бір турнирде 30 гол. Келесі маусымда жеке рекордыңызды бұзу қиын болады деп ойламайсыз ба?

– Мен бұған дейін, шыны керек, бір турнирде мұнша гол соғып көрмегенмін. Бірақ жылдан жылға голдарымның санын арттырып келемін. Өзіммен өзім бәсекелесемін де жүремін. Келесі маусымда да голдарымның санын арттырсам ба деймін. Дегенмен, биыл оңай болған жоқ. Әсіресе, «ҚазМұнайГаз» командасының шабуылшысы Батырбек Жүнісовте керемет мүмкіндік болды. Тіпті, соңғы турда тоғыз гол соғып, маған жетуге шақ қалды. Тағы үш доп болғанда мені басып озар еді.

– Сіздің командаңыз «Самұрық-Қазына» лигасын 4-орынмен аяқтады. Үөздік үштіктен көрінуге не жетпеді?

– Командамыз өте жақсы. Шындап кіріссек, кез-келген қарсыласты жеңе аламыз. Тек әттегенайы әуежайда ауысыммен жұмыс істейміз де, кейде ойындарға толық құраммен жинала бермейміз. Жаттығу жасауға да уақыт табыла бермейді. Оның үстіне, басшылық та кейде жағдайымызды түсінбей жатады.

– Соған қарамастан турнирдің үздік сұрмергені атандыңыз ғой.

– Иә (күліп).

– Қарсыластарыңыз жайлы не айтасыз?

– Қарсыластарымыздың көбі өте қарымды. Дегенмен, бәрінен де «ҚазМұнайГаздың» мықтылығын атап өтер едім. Олардың чемпиондықты ешкімге бермей келе жатқандарына бірнеше жылдың жүзі болды.

– Ал Сіздің командаңыз қашан бас жүлдеге қол жеткізеді?

– Біз де міндетті чемпиондыққа таласамыз. Әлеуетіміз жетеді. Алда келе жатқан жазғы маусымда-ақ үздік үштікке енеміз деп алдымызға мақсат қойып отырмыз.

– Ендеше сәттілік!



Тізімге қайта оралу