|   |   |   |  "Самұрық-Қазына" лигасы мәресіне жетті

"Самұрық-Қазына" лигасы мәресіне жетті

"Самұрық-Қазына" лигасы мәресіне жетті
ҚазМұнайГаз – Самұрық-Қазына лигасы қысқы маусымының жеңімпазы

Төрт айға созылған «Самұрық-Қазына» лигасының кезекті қысқы маусымы мәресіне жетті. Кеше біріншіліктің соңғы туры өтіп, ойындардан соң бірден марапаттау рәсімі ұйымдастырылды.

Чемпионның тағдыры күні бұрын анықталып қойған болатын. Біріншілік бойы қарсылас шақ келтірмей, алдынан шыққанын қоғадай жапырған «ҚазМұнайГаз» тек бір ғана кездесуінде тең түсіп, қарсыластарынан оқ бойы ұзап кеткен. Оларды ешкімнің қуып жете алмасы әу бастан-ақ белгілі болды. Сондықтан, бірінші орыннан гөрі көпшлікті «күміс» пен «қоланың» тағдыры қызықтырғаны хақ. Иә, нағыз тартыс осы екі орын үшін, атап айтқанда «ҚазақТелеком» мен «КеденТрансСервис-ҚТЖ» арасында өрбіді.

Екі команда да бір-біріне лайықты, айдарларынан жел ескен командалар. Осы уақытқа дейін өзара бір рет кездесіп үлгерген. Ол кезде «теміржолшылардың» жолдары болған еді. Аса тартысты өткен матчта әзер дегенде 2:1 есебімен жеңген. Содан бері 2-орынды «КеденТрансСервис» тізгіндесе, үшінші орынды «Телеком» жүгендеп алған еді.

Біріншіліктің аяқталуына бір тур қалғанда аталмыш командалар тағы да кездесті. Бұл жолы тыңғылықты дайындалған екен. Салған бетте қарсы қақпаны нысанаға алып, допты қарша боратқан олар «теміржолшыларға» еш мүмкіндік бермей, 5:0 есебімен ойсырата жеңді. Осылайша екінші орынды «Телеком» жеңіп алса, «КеденТрансГаз» үздік үштікті қорытындылады.

Ал кеше Лиганың соңғы туры өтті. Мұнда кімдердің қай орынды иемденетіндіктері емес, «ҚазМұнайГаз» шабуылшысы Батырбек Жүнісовтің қанша гол соғатыны қызық болды. Өйткені, осы тур алдында еншісінде 19 гол болған сұрмергеннің турнирдің басты «голеадоры» Бауыржан Суженовті қуып жетіп, басып озу үшін 10 гол соғу қажет еді. Бауыржан да қарап жүрмей, соңғы турда «ҚазТрансГаз» қақпасына екі доп соққан.


Бір ойында 9 гол соққанымен Батырбек Жүнісовке үздік сұрмерген атану үшін екі гол жетпей қалды

Сондықтан, Батырбектің алдына қойған тапсырмасы тағы біршама қиындай түсті. Дегенмен, «жұмыла көтерген жеңіл». «Астана» спорт кешені» командасына қарсы ойында «мұнайшылар» бүкіл ұжым болып, Жүнісов үшін жұмыс жасады. Сәті түскен сайын допты шабуылшысының аяғына салып беріп, гол соғуына бар мүмкіндікті жасады. Тіпті, өздеріне ыңғайлы болса да, Батырбекті іздеп, допты қақпаға соқпай күтіп қалған кездері болды. Осылайша біраз оңтайлы сәттер, әдемі шабуылдар аяқсыз қалып жатты. Әйтпесе, есеп 11:5-тен әлдеқайда ірі болар еді.

Обалы не керек, Жүнісов те барын салды. «Астана СК» қақпасына тоғыз доп тоғытып, голдарының санын 28-ге жеткізді. Бірақ еншісінде 30 добы бар «Астана» халықаралық әуежай» командасының сұрмергені Бауыржан Суженовке сонда да жете алмады.

Марапаттау рәсімі соңғы ойыннан кейін бірден басталды. Алдымен турнирдің үздік ойыншыларына естелік сыйлықтар табыс етіліп, кейін командалық жүлдегерлер марапатталды. Айта кетейік, "қола жүлдеге" 500 мың теңге сыйақы табыс етілсе, "күміс жүлдегер" 1 000 000 теңгеге ие болып, бас жүлденің қоры 1 500 000 теңгеге қол жеткізді.

«Самұрық-Қазына» лигасы Астана футбол федерациясы қолға алған басты футбол додаларының бірі. Ежелден бастау алатын серіктестігіміз бен ынтымақтастығымыз жылдан жылға тек арта түсуде. Биыл командалардың деңгейлері біраз өскенін байқадық. Көптеген жаңа есімдер пайда болып, бізді әдемі ойындарымен таңғалдырды. Ендігі кезек Лиганың жазғы маусымында, – деді марапаттау рәсімін жүргізген турнирдің бас төрешісі Кенжалинов Ғалымжан Жұмажанұлы.


«Самұрық-Қазына» лигасының үздіктері:

Үздік қақпашы – Жасұлан Мұстафин (КеденТрансСервис-ҚТЖ)

Үздік қорғаушы – Самат Жұмабаев (ҚазақТелеком)

Үздік шабуылшы – Асқар Бекенов (ҚазМұнайГаз)

Үздік сұрмерген – Бауыржан Суженов («Астана» халықаралық әуежайы)

Үздік ойыншы – Дамир Жарымбетов (ҚазақТелеком)

Тізімге қайта оралу