|   |   |   |  Асқар Бекенов: "Самұрық-Қазына" лигасына қатысу үшін апта сайын Астанаға Қызылордадан келемін

Асқар Бекенов: "Самұрық-Қазына" лигасына қатысу үшін апта сайын Астанаға Қызылордадан келемін

Асқар Бекенов: "Самұрық-Қазына" лигасына қатысу үшін апта сайын Астанаға Қызылордадан келемін
Асқар Бекенов

Бір қызығы, аталмыш турнирге қатысу үшін «ҚазМұнайГаз» командасының ойыншысы апта сайын Астанаға Қызылорда қаласынан келіп тұрады екен.

«Самұрық-Қазына» кубогының финалында командасын алға жетелеп, жеңіске сүбелі үлесін қосқан ойыншылардың бірі – Асқар Бекенов. «Телекоммен» болған финалдық ойыннан кейін sportsffa.kz порталына сұхбат берген «мұнайшылардың» қорғаушысы чемпион болудың қаншалықты қиын екендігі туралы айтып берді.

- Асқар, финалдық матч көңіліңізден шықты ма?

– Иә, әрине, көңілімнен шықты. Тартысты ойын болды. Бұл менің ғана емес, командадағы барлық жігіттердің жеңісі. Үш айға созылған турнирде біраз тер төктік. Жеңіс жолында аянып қалмай, мүмкіндігімізді барынша пайдалануға тырыстық. Міне, нәтижесінде «Самұрық-Қазына» кубогын иеленіп, қуанып тұрмыз.

- Сол матчтың алғашқы минуттарында-ақ төреші сізге ескерту қағазын көрсетті. Бұл сары қағаз әрі қарайғы ойыныңызға кесірін тигізген жоқ па?

– Кедергі болды деп айта алмаймын. Мұндай текетірестерде эмоциямен ойын ережесін бұзуға мәжбүр болатын кездер кездесіп тұрады. Дегенмен, одан әрі қателік жібермеуге тырысып, кішкене сақ ойнадым. Өйткені тағы бір ескерту алар болсам, командамды қиын жағдайға душар етер едім.

– Өткен жылы да осы турнирде бақ сынап, ол кездеде де жеңіс тойын тойлаған едіңіздер. былтырғы маусым мен биылғы маусымның айырмашылығы бар ма?

– Өткен жылы да «Самұрық-Қазына» турнирлерінде қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанғанбыз. Алайда биыл біраз қиындау болды. Командалар жылдан-жылға дамып келеді. Осымен үшінші жыл қатарынан осы додада ойнап келе жатқан ойыншы ретінде байқағаным – футболшылардың деңгейі жыл санап өсіп келе жатыр.


Асқар Бекенов командаластары, әрі жерлестері Нұрлан Дайрабаев және Берікбол Алтыбасовпен бірге 

– Білуімізше, «Самұрық-Қазына» лигасы мен Кубогына қатысу үшін апта сайын Қызылорда қаласынан ұшып келеді екенсіз. Арадағы қашықтық қиындық туғызбай ма? Жалпы, жолақысын кім көтереді?

– Футболды жан-тәнімен сүйетін адам үшін жол қашықтығы ешқандай да қиын емес. Менен бөлек, командаластарым Нұрлан Дайрабаев пен Берікбол Алтыбасов та Қызылордадан. Үшеуміз апта сайын Астанаға осы турнирге бола келіп, командамыз үшін ойнап кетеміз. Бір жақсысы, «ҚазМұнайГаз» басшылығында футболды дұрыс түсінетін адамдар отыр. Жолақымыз жұмыстың есебінен. «Самұрық-Қазына» додасын тек Астананың аясында ғана шектеп қоймай, республикалық деңгейге көтеріп отырғандары үшін алғысым шексіз.

– Қызылордадағы футбол жайлы не айтасыз? Ол жақта әуесқой футбол қай деңгейде дамыған?

– Сыр өңірінде де футболды сүйетін, футболмен өмір сүретін әуесқойлар өте көп. Біз – Нұрлан мен Берікбол үшеуміз Қызылордадағы «Азамат» деген әуесқой командасының мүшесіміз. Бұрыннан келе жатқан команда. Ол жақта әрдайым үлкен турнирлерде жеңімпаз атанып отырамыз. Команданың басшысы, әрі қолдаушысы Амангелді Жанахметов деген азамат. Сондай жандардың арқасында Сыр жерінде әуесқой футболы біраз деңгейге көтерілді. Былтыр Қызылордада әуесқойлар арасында Шағын футбол лигасы құрылған болатын. Бір жылдың ішінде керемет дамыды. Өте көп команда қатысты. Қысқы маусымында вице-чемпион атанып, жазғы маусымында жеңімпаз болғанбыз. Бірақ, қазір Шағын футбол лигасы аздап тоқтап тұр. Қолға алатын адам табылар емес. Ал жалпы бұл тұрғыда Қызылорданың Астанадан үйренері аз емес.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Тізімге қайта оралу