|   |   |   |  Қайрат Рамазанов: ҚазМұнайГаз командасы Телеком ойыншыларын тыпыр еткізген жоқ

Қайрат Рамазанов: ҚазМұнайГаз командасы Телеком ойыншыларын тыпыр еткізген жоқ

Қайрат Рамазанов: ҚазМұнайГаз командасы Телеком ойыншыларын тыпыр еткізген жоқ
Қайрат Рамазанов – ҚазМұнайГаз командасының капитаны

«Самұрық-Қазына» кубогында қарсылас шақ келтірмей, финалда «Телекомды» 5:1 есебімен ойсырата жеңген «ҚазМұнайГаздың» капитаны Қайрат Рамазанов. Матч бойы командаластарын қайраумен болып, әдемі пастарымен қарсыластарды әбден әбігерге салған Қайрат ойыннан кейін шаршаңқы күйде болса да, sportsffа.kz порталына сұхбат беруге қуана келісті.

– Көңіл-күй тамаша. Ойын нәтижесіне бәріміз де қуанып тұрмыз. Алғашқы минуттарда қарсылас біраз қысым көрсетіп, соның кесірінен бірден қарқынды әрекетке көше алмадық. Алайда бірінші голдан кейін өз ойынымызды таптық. «Телеком» да бастапқыдай жабылып алмай, ашық ойынға көшті. Бізге керегі сол еді, бәріңіз куә болғандай 5-1 есебімен жеңіске жеттік, - деп бастады сұхбатты капитан.

– Қарсы команданың ойынын қалай бағалайсыз? Сіздің ойыңызша, олардың кубоктан қапы қалуына не себеп болды?

– «Телеком» – өте мықты команда. Қателеспесем, Астана футбол федерациясы өткізетін әрбір турнирде олар тұрақты екінші орыннан көрінетін. Мүмкін сәттілік жетіспеген шығар. Сонда да, жанкүйерлер куә болғандай біздің команда мықтырақ ойнады.Біз оларды паркетте артық қимылдатпай, тыпыр еткізбей ұстадық.

– Жігіттер ойын басынан соңына дейін өздерін жақсы көрсете білді. Команда капитаны ретінде оларды қалай ынталандырасыз?

– Айтсам сенбессіздер, алайда, бізде арнайы ынталандыру сыйлығы қарастырылмаған. Біз әдетте жұмыстан соң жаттығу залында жиналамыз. Ешкімді мәжбүрлеп жаттықтыру деген жоқ. Жігіттер футболды жақсы көреді, шын ықыласымен ойнайды. Осыған дейінгі жетістіктердің негізгі себебі де осы деп ойлаймын.

– Команда құрамындағы ең белсенді ойыншылар деп кімдерді атар едіңіз?

– Білесіз бе, біздегі жігіттер бәрі бірдей жақсы ойнайды. Ешкімді бөліп жарғым келмейді. Тек әрбір ойынды жібермей, турнир басынан соңына дейін белсенді ойын көрсеткен футболшылар ретінде қызылордалық жігіттер - Нұрлан Дайрабаев пен Асқар Бекеновты айтар едім.

– Сұхбатыңызға рахмет. Алдағы ойындарыңызға да сәттілік!


Тізімге қайта оралу