|   |   |   |  "Самұрықтың" сенбідегі доп "сайысы"

"Самұрықтың" сенбідегі доп "сайысы"

"Самұрықтың" сенбідегі доп "сайысы"
ҚазМұнайГаз сүрінер емес

Сенбі күні «Астана» спорт кешенінде «Самұрық-Қазына» лигасы аясында өткізілген қызықты ойындардың куәсі болдық. Дегенмен, бұл тур да турнир кестесіне еш өзгеріс енгізе алмады.

16-турдың ойындары болатын. Алдымен алаңға «Еуразия Эйр» және «КеденТрансСервис» командалары шықты. Тартысты ойында «кедендіктер» айқын басымдық танытып, «Еуразия Эйр» қақпасына тоғыз гол тоғытты. Самат Қасымбеков пен Әли Сағындықов бір голдан соқса, Жолдас Абдрахманов пен Алмас Ысқақов екі реттен қарсыластарын қапы қалдырды. Ал Мейрамбек Ниязбеков, тіпті хет-трик жасап, айрықша көзге түсті. «Еуразия Эйр» сапынан Максим Черновой жалғыз голмен жауап қатты.

Қызықты сәттерге толы тағы бір ойын «Қазпошта» және «ҚазМұнайГаз» командалары арасында өтті. «Мұнайшылар» өз басымдықтарын әдемі голдар соғып, дәлелдей білді. Олардың жеті голына «пошташылар» құрамындағы Бохановтың жалғыз добы көңілге медеу де бола алмады. «ҚМГ» сапынан Асқар Бекенов бір рет мергендігімен көзге түссе, Нұрлан Дайрабаев дубль авторы атанып, Бақыт Иманғалиев жанкүйерлерін хет-трикпен желпіндірді. Енді бір голды қарсылас команданың ойыншысы Қаирбек Қалиев өз қақпасына соғып алды.

«Астана» СК кешеніндегі жанкүйерлерді еліткен тағы бір ойын «Қазақтелеком» мен «ҚазАтомПром» командалары арасында өтті. Бірақ, шыны керек, «атомшылар» «байланысшылардың» қарқынды ойын өрнектеріне төтеп бере алмады. Матч бойы тізгінді уысынан шығармаған «Қазақтелеком» қарсылас қақпасына жауапыз төрт гол соқты. Самат Жұмабаев пен Дмитрий Докучаев бір-бір голдан соғып, Алисхан Цуров дубль жасады.

«Аэропорт» және «Самұрық» ҰӘҚ арасында матч нағыз жан алысып, жан беріскен ойын болды. «Ұшқыштар» салған жеті голга «Самұрық» сегіз голмен жауап қатты. Номиналды алаң иелері құрамында Думан Өмірзақов пен Қайсар Абдулғалел бір-бір голмен командаластарын қуантса, Айтжан Нұрмұхамбетов пен Бауыржан Сужанов үш реттен қақпа торын дәл көздеді. «Самұрық» сапынан Ақылжан Нұрдәулетов, Арман Манаспаев, Әбүйір Бекайдар, Елеусінов бір голдан, ал Тимур Баржақсин мен Абылай Тілешов екі доптан енгізді.

Иә, маусым мәресіне жақындап қалды. Дәл қазір турнир көшбасшысы «ҚазМұнайГазды» ешкім тоқтата алар емес. Чемпиондықты жеңіп алса да таңғалмаймыз. Ал 2-ші және 3-ші орындар үшін «КеденТрансСервис» пен «Телеком» таласпақ.

Тізімге қайта оралу