|   |   |   |  ҚазМұнайГаз "Самұрық-Қазына" кубогын жеңіп алды

ҚазМұнайГаз "Самұрық-Қазына" кубогын жеңіп алды

ҚазМұнайГаз "Самұрық-Қазына" кубогын жеңіп алды
ҚазМұнайГаз – Самұрық-Қазына кубогының иегері

Көптен күткен финал. 14 ақпан күні «Астана» спорт кешеніндегі жанкүйерлер «Самұрық-Қазына» кубогының финалдық додасын тамашалады. «ҚазМұнайГаз» және «Телеком» командалары арасындағы матчта 5:1 есебімен «мұнайшылар» жеңіске жетті.

Ойын бірден қызу басталып, алғашқы минуттардан-ақ екі жақ та бір-біріне есе жібере қойған жоқ. Қауіпті шабуылдар бірінен соң бірі өрбіп, табан тірескен дода болды.

Ешқайсысы да тартынбай, итерісіп-қағысып, дөрекі ойнай бастады. Төрешілер оларды бірден жазалап, тәртіпке шақырумен болды. «ҚазМұнайГаз» футзалшысы Асқар Бекенов ойын ережесін бұзып, бірінші болып ескерту (сары қағаз) алды. Әйтсе де, «мұнайшылар» асып-саспай, жаттықтырушысы алған тайм-ауттан кейін қарқындарын күшейтіп, «Телеком» қақпасының «кілтін» тауып, «құлыпын» ашты. Көп ұзамай «ҚазМұнайГаз» ойыншылары қатарынан тағы екі гол соғып, қарсыластарының еңселерін түсірді.

«Байланысшылар» да өз мүмкіндіктерін қалт жібермеуге тырысып, бар күш-жігерлерін салды. «Телекомның» осыған дейінгі ойындарда белсенділік танытқан Дмитрий .Докучаев, Алисхан Цуров, Самат Жұмабаев сынды ойыншыларының қақпаға бағыттаған бірнеше соққылары сәтсіз аяқталып, керісінше «ҚазМұнайГаз» ойыншылары басымдығын арттыра берді.

Ешкім де жеңілгісі келмеді

Екінші таймда ойын одан сайын қыза түсіп, «байланысшылар» тарапынан ереже бұзу көбейді. Ал «мұнайшылар» сапынан Қайрат Рамазанов, Нұрлан Дайрабаев, Жандос Махамбетов, екі мәрте Нұрым Кенжебаев тоғытқан голдар «ҚазМұнайГаз» командасының жеңіске лайық екенін дәлелдеді.

Финалға шыққан үздіктер арасындағы тартысты ойын жанкүйерлер көңілінен шықты. Рамазанов бастаған «мұнайшылар» «Телеком» капитаны Дамир Жарымбетовтың бір добын жіберіп алғандарымен олардың қақпасын 5 рет «шаңдатты».

«Телеком» – оңай шағылар жаңғақ емес, соңына дейін арпалыса білетін, оңайлықпен есе жібере қоймайтын команда. Жеңіс оңайлықпен келді деп айта алмаймын. Бірақ біздің жігіттер басымырақ болды. Енді «Самұрық-Қазына» лигасын да жеңіп алуға тырысамыз, - деді қуанышы қойнына сыймай тұрған «ҚазМұнайГаз» командасының капитаны Қайрат Рамазанов.

Өкінішке қарай, ойын біз ойлағандай сценариймен өрбімеді. Қарсыласымыздың қарымды екенін білетінбіз. Алайда, оалрға қарсы өз жоспарымыз болған, жүзеге аспады. Енді «Самұрық-Қазына» лигасында барымызды саламыз. Ол жақта әлі де болса екінші орын алуға мүмкіндігіміз бар, - деді ойыннан кейін көңілі болмаса да, сұхбат беруге келіскен «Телеком» шабуылшысы Дмитрий Докучаев.

Матчтан кейін бірден марапаттау рәсімі өтіп, жеңімпаздарға арнайы кубокты Астана қаласы футбол федерациясының Вице-президенті Дүйсекеева Әлия Алмасқызы табыстады.


Тізімге қайта оралу