|   |   |   |  ҚазМұнайГаз – Телеком. "Самұрық-Қазына" кубогы кімге бұйырады?

ҚазМұнайГаз – Телеком. "Самұрық-Қазына" кубогы кімге бұйырады?

ҚазМұнайГаз – Телеком. "Самұрық-Қазына" кубогы кімге бұйырады?
Қайырбек Елеусінов vs Дамир Жарымбетов

Ертең «Самұрық-Қазына» кубогының финалдық ойыны. Ақтық айқаста бас жүлдеге «ҚазМұнайГаз» бен «Телеком» айқасады. Аталмыш текетірестің алдында біз «мұнайшылар» мен «байланысшылардың» капитандары Қайырбек Елеусінов пен Дамир Жарымбетовты сұхбатқа тартқан едік.

– Командаңыз алдағы айқасқа қаншалықты дайын? Жарақат немесе басқа да себептерге байланысты алаңға шықпай қалатын ойыншылар бар ма?

Қайырбек Елеусінов: – Финалға жақсы көңіл-күйде келіп отырмыз. Командада жарақат алған ешкім жоқ. Тек өз облыстарында өтіп жатқан біріншіліктерге қатысып жатқандықтарына байланысты Астанаға Жаңаөзен мен Атырау қалаларындағы ойыншыларымыз келе алмай қалды.

Дамир Жарымбетов: – Командамыздағы футболшылардың барлығы бірге жұмыс жасайды. Бұрыннан бірге футбол ойнаймыз. Сондықтан болар, паркетте бір-бірімізді айтпай ұғысамыз. Құдайға шүкір, жарақат алған ешкім жоқ. Бәрі де ойынға дайын. Ертеңгі текетіресте қарсыламызды қалайда жеңуге тырысамыз.

– Финалға дейін қай ойындар қиын болды?

Қайырбек Елеусінов: – Шыны керек, финалға дейін ешбір ойын қиын болған жоқ. Алты ойынның барлығын да жеңіп, ақтық айқасқа жүз пайыздық көрсеткішпен жеттік. Ертеңгі ойында да жеңіске жетіп, кубокты иеленуге тырысамыз.

Дамир Жарымбетов: – Бізде де соншалықты тер төгіп, қиналып ойнаған кездесулер болмапты. Жартылай финал қиындау болатын шығар деп едік. Бірақ, «КеденТрансСервис» ешқандай да қарсылық көрсете алмады. Ал «Самұрық-Қазына» лигасында біз үшін ең лайықты қарсылас – «ҚазМұнайГаз». Тек солардан ғана аздап сескенеміз. Бәлкім, ертең жеңетін шығармыз.

– Қарсыласыңыздың қандай әлсіз және қандай күшті тұстарын байқадыңыз?

Қайырбек Елеусінов: – Оңайлықпен берілмейтін команда екен. Кез-келген командамен терезесі тең айқаса алады. Алайда әлсіз тұстары да жоқ емес. Нақты айтсам, негізгі төрттігі өзге ойыншыларынан әлдеқайда мықтырақ.

Дамир Жарымбетов: – «ҚазМұнайГаздың» қосалқы құрамында ойыншылар тым аз. Кейбір кездесулерге бес-ақ ойыншымен де келе береді. Яғни, оларда футбол ойнайтын 5-6 ойыншы ғана бар. Бірақ, «мұнайшылардың» сол бес ойыншысы он бес футболшыға татиды. Өте шебер, тәжірибелі, алғыр жігіттер. Кәсіпқой деңгейде ойнағандары көрініп тұр. Бір-бірін жақсы түсінеді.

– Егер жеңімпаз атанған жағдайда ойыншыларға қандай да бір сыйақы бола ма?

Қайырбек Елеусінов: – Егер «Самұрық-Қазына» кубогын жеңіп алып жатсақ, алдағы турнирлерге мотивация болуы үшін және салауатты өмір салтын қолдау мақсатында компания басшылары турнирге қатысқан қызметкерлерді сыйақымен ынталандыру жағын қарастыратын болады.

Дамир Жарымбетов: – Біздің компанияда сыйақы бағдарламасы қарастырылмаған. Жеңістеріміз жайында компания басшыларына өзіміз жеткізіп отырамыз. Ал сыйақы бола ма, жоқ па, оны өздері ойындардың маңыздылығына қарай шешеді. Егер ертең жеңіп жатсақ, компания басшылары біздің бұл жетістігімізді ескерусіз қалдырмайды деп үміттенемін

– Сұхбаттарыңызға рахмет! Үздік команданың жеңуіне тілектеспін!

Тізімге қайта оралу