|   |   |   |  Қала біріншілігіндегі "футбол спектаклі"

Қала біріншілігіндегі "футбол спектаклі"

Қала біріншілігіндегі "футбол спектаклі"
"Есіл" басты бәсекелесінен бес ұпайға ұзап кетті.

Футзалдан қала біріншілігінің 9-турынан кейін турнир көшбасшысы «Есіл» командасы басты бәсекелесі «Кеденнен» бес ұпайға озып кетті. Енді оларды қуып жету оңайға соқпайды.

Құрамына Қуаныш Әбдуәлиев, Олжас Сүлейменов сынды сырттандарды жинаған «Есіл» бұл жолы да әдеттегінше қарсыласын қалпақпен қайырып, «Ярышты» 6:1 есебімен ойсырата жеңді. Ә дегеннен-ақ қарсы қақпаны нысанаға алған олар бірінші таймда-ақ үш голмен алға шығып, екінші таймда есепті еселей түсті. Абырой болғанда Ринат Якбаров бір гол соғып, «Ярышты» құрғақ жеңілуден сақтап қалды.

Ал «Кеден» – «Алан» кездесуінде нағыз футбол спектаклінің куәсі болдық. «Аланның» турнир кестесінде төртінші орында тұрғанына қарамастан фаворит «Кеден» болатын. Бұған дейін «Есілге» ғана жол берген олар басқа ойындарда ұпай жоғалтқан емес. Алайда, «Аланның» да өз ойлағаны бар екен, төрешінің ысқырығы естіле салысымен шабуылға лап қойған «жасылдар» бірінші тайм аяқталмай жатып, қарсылас қақпасына қақырата төрт гол соқты.

Ойынның тағдыры шешілді, қуып жету мүмкін емес. Иә, көпшіліктің ойлағаны осы еді. Енді ше бағанадан бері сан шабуылдап, бір гол соға алмағанда бақандай төрт голды қайдан соға қойсын. Бірақ шын мықтыға тұсау бар ма? Үзілістен кейін шабуылдарын үдеткен «кедендіктер» есепті теңестіріп қана қоймай, бір голға артық соғуға да шамалары жетті. Дегенмен, ойынның аяқталуына санаулы минуттар қалғанда таразы басы қайта теңесіп, одан кейін таблодағы көрсеткіш өзгерген жоқ.

Тағы бір ойын «Достар» мен «№8 МБЖСМОР» командалары арасында өтуі тиіс еді. Өкінішке қарай, соңғылары ойынға келмей, «Достар» бәйгені шаппай алды.

Қала біріншілігінің турнир кестесімен мына сілтеме бойынша таныса аласыздар.



Тізімге қайта оралу