|   |   |   |  Төбелеспен аяқталған ойын

Төбелеспен аяқталған ойын

Төбелеспен аяқталған ойын
"ҚазМұнайГаз РД" - "КеденТрансСервис-ҚТЖ" ойыны төбелеспен аяқталды. Фото: Сергей Надточей

Қақпаға қақырата соғылған доптар, таблодағы ірі есептер, бірінен соң бірі жалғасқан хет-триктер, пенальтилер мен қызыл қағаздар, тіпті төбелес... Несін айтасыз, демалыс күндері өткен «Самұрық-Қазына» лигасының 12-13 турлары ешқашан естен шықпайтындай болды.

«ҚазМұнайГаз РД» мен «КеденТрансСервис-ҚТЖ». Бұл текетіресті 12-13 турдың ғана емес, біріншіліктің ең маңызды ойыны, тіпті маусымның шешуші кездесуі деп айтсақ та болатын шығар. Қарсылас шақ келтірмей, алдынан шыққанды жайпап келе жатқан екі қошқардың басы 13-турда бір «қазанда» түйісті. «Теміржолшылар» бұл ойынға тыңғылықты дайындалып келген екен, бір емес, үш құрамын сақадай-сай сайлапты. «Мұнайшылардың» бір ғана «бестікпен» келгенін көріп, «қазір бұларды жүндей түтетін шығар» деп ойлағанбыз. Қайдан білейік, «ҚазМұнайГаздың» саннан гөрі сапаға иек артқанын?!

Құрамында қызылордалық «легионерлер» ойнайтын олар қарсыластарының әр әрекетін жіті бағып, матчты асықпай бастады. Ал «кедендіктер» керісінше, бірден қызбалыққа салынып, көп ұзамай-ақ алты фол жасап үлгерді. Нүктеге беттеген Асқар Бекенов пенальтиді әдемі орындап, командасын алға шығарған. Біршама уақыттан кейін Батырбек Жүнісов есепті 2:0-ге жеткізді. Мұндайды күтпеген «КеденТрансСервис-ҚТЖ» жігіттері ва-банкке барып, алаңға қақпашының орнына бесінші ойыншыны шығарды. Бірақ, бұл қадам өзін ақтаған жоқ. Қарымта шабуылдардың бірінде Батырбек Жүнісов ашық тұрған қақпаға үшінші голды тоғытты.

Осылайша ойынның аяқталуына бес минуттай уақыт қалған. Әбден мазалары кетіп, жүйкелері сыр берді-ау, кенет «кедендік» бір ойыншы бастаған кикілжің ерегіске ұласып, соңы төблеспен бітті. Төреші, әлбетте, кінәлілерді жазалап, қалған шешімді Тәртіптік кеңестің еншісіне қалдырды. Қорытынды есеп – 3:0, енді бұл ойын Тәртіптік кеңесте арнайы қаралатын болады.


"ҚазМұнайГаз-РД" ойыншысы Нұрлан Дайрабаев кезекті шабуылды бастады. Фото: Сергей Надточей

Айта кетейік, сенбі күнгі ойында «ҚМГ-РД» командасы «Евро-Азия Эйр» ұжымын 11:0 есебімен ойсырата жеңген. Ал «КеденТрансСервистің» қарсыласы келмегендіктен бәйгені шаппай алды. Есесіне «Қазпошта» мен «Аэропорт» арасындағы ойын тартысты өтіп, көрермендер бес голдың куәсі болды. Оның екеуі «пошташылардың» қақпасына соғылса, «әуежайшылар» өз қақпасынан үш доп алып шығуға мәжбүр болды.

«Самұрық-Қазына ФНБ» мен «ҚазАтомПром» арасындағы кездесуде текетірес бір ғана таймға созылды. Ал ойыннның екінші жартысында «атомшылар» қарсыласының түгін қойған жоқ. Қорытынды есеп – 7:0.

Ерлан Исмағанбетов пен Тілек Мырзахан бір-бір хет-триктің авторы атанып, «СК Астана» командасына жеңіс әперді. Негізі, ойын тартысты өтті. Алма-кезек шабуылдарға ұласқан матчта небір әдемі голдар соғылып, «астаналықтар» әзер дегенде «Евро-Азия-Эйр» командасын 8:6 есебімен тізе бүктіре алды. Ал бірінші күні «Аэропортты» әзер жеңген «ҚазПошта» ертеңінде «ФНБ «Самұрық-Қазына» командасын 9:1 есебімен есеңгірете жеңді.

«Самұрық-Қазына» лигасының турнир кестесімен және 12-13 тур нәтижелерімен мына сілтеме бойынша таныса аласыздар. 

Тізімге қайта оралу