|   |   |   |  "Аманат" Чемпиондар лигасынан күміспен оралды

"Аманат" Чемпиондар лигасынан күміспен оралды

"Аманат" Чемпиондар лигасынан күміспен оралды
Аманат әуесқой футбол командасы Чемпиондар лигасынан күміспен оралды

Астананың «Аманаты» Испанияның Барселонасында өткен футзалдан әуесқойлар арасындағы Чемпиондар лигасынан күміспен оралды. Ақтық ойынға дейін жеткен жерлестеріміз тек Ресейдің «Волга» командасынан ғана ұтылып қалды.

Топтық кезеңде жерлестеріміз екі кездесу өткізген. Біріншісінде Францияның USR командасын 3:1 есебімен тізерлетсе, екінші ойында Чехияның SMR клубынан 1:2 нәтижесімен жеңіліп қалған болатын. Бірақ топтан екінші болып шықты. Ширек финалда Чехияның тағы бір командасы «Chemcomex» ұжымымен кездескен. UEFS Чемпиондар лигасының үш дүркін чемпионы екен. Өте қарымды команда.

Дегенмен, құрамы Павел Таку, Илья Мун, Александр Довгань, Григорий Шамро, Александр Гребонос сынды Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншыларынан жасақталған «Аманат» та оңай шағылар жаңғақ емес, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Бірақ, бұл жеңіс жерлестерімізге оңайлықпен келген жоқ. Жеңілісті көтере алмаған чехтар төбелес бастап, соның кесірінен төреші қарсыластардан бір, бізден екі футболшыны алаңнан қуды. Соның бірі Александр Довгань еді.

Оның жоқтығы ақтық ойында білінді. Топтық кезеңде өздерін ренжіткен чехтарды жеңгенімен финалда Ресейдің «Волгасына» шама жетпеді. Қорғанысқа жатып алған саратовтықтар қарымта шабуылдармен-ақ қақпамызға төрт гол соғып кетті. «Аманаттықтар» қанша шабуылдағанымен екеуден артық гол соға алған жоқ.


"Аманат" Чемпиондар лигасында

Осылайша өздерінің алғашқы маусымында Астананың «Аманаты» әуесқойлар арасындағы ең ірі турнир саналатын UEFS Чемпиондар лигасынан күміс медальмен оралды.

«Аманаттың» YELEU CUP турнирінде биыл да чемпион атанғанын ескерсек, Асқат Қожахметов бастаған жарандар келесі жылы да ел намысын Чемпиондар лигасында қорғауға мүмкіндік алады. Бәлкім, келесі жылы чемпион атанар.

– Турнирден алған әсеріміз тамаша. Биыл бірінші рет қатысып тұрғанымызға қарамастан елге күміспен оралдық. Келесі маусымда бас жүлдеге қол жеткізуге тырысамыз. Негізі финалдық ойын аса қиын болған жоқ. Ойын тізгіні толығымен бізден болып, шабуылдарды көптеп ұйымдастырғанбыз. Есепті бірінші болып ашқан да біз. Бірақ Александр Довганьнің жоқтығы білінді. Ресейдің командасына қарсы ойыннан гөрі чехтарға қарсы өткізген матчтарымыз қиын болған. Бірақ, сәттілік бірде біздің жақта болса, бірде қарамай қояды екен ғой, - деді турнир туралы өз ойын білдірген Павел Таку.

Тізімге қайта оралу