|   |   |   |  Футбол "Оскары" Студенттер лигасында

Футбол "Оскары" Студенттер лигасында

Футбол "Оскары" Студенттер лигасында
Студенттер лигасында "Оскар" сыйлығына кім лайық?

Кино әлемінде әр жыл сайын үздіктерді марапаттап тұратын «Оскар» сыйлығы бар. Сол «Оскардың» аясында бірнеше номинация бойынша лайықтылар анықталып, сыйлықтар өз иелерін тауып жатады.

Студенттер лигасының алғашқы маусымының аяқталғанын пайдаланып, біз де осы турнирдің кейіпкерлеріне өзіндік «Оскар» сыйлықтарын табыс етуді жөн көрдік.

Маусым фильмі – Назарбаев университет-1 – Назарбаев университет-2 ойыны

«Ең үздік фильм» номинациясына осы ойын лайық шығар. Финалдық кезеңнің соңғы туры болатын. Мұның алдында екі матчта да жеңіске жеткен НУ-2 командасына чемпион атану үшін қарсыласымен тең ойнау да жеткілікті болатын. Бірақ өте тартысты да, текетіреске толық болған кездесуде 3:6 есебімен жеңіліп қалды да, чемпиондықты НУ-1 студенттеріне беріп қойды. Иә, алаң жиегінде қалай келіскендерінде шаруамыз жоқ. Алайда «Ең үздік фильм» номинациясына осы ойынды лайық деп таптық.


НУ-1 мен НУ-2 арасындағы шытырманды ойын 

Ең үздік қысқаметражды фильм – ЕҰУ-1 командасы

Турнирді өте сәтсіз бастаған Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бірінші командасы Студенттер лигасында жігерлік таныта алмады. Бес турдан кейін-ақ доданы жалғастырудан бас тартқан бұл команданың ғұмыры тым қысқа болды.

Ең үздік актер – Дәулет Кеңесбек (Назарбаев Университет-1)

Студенттер лигасының үздік ойыншысы атанған Дәулет Кеңесбек ең үздік актер атағына да лайық. Дәулеттің шешуші голдары арқасында Назарбаев университеттің бірінші командасы финалдық сынға дейін жетіп, бас жүлдеге қол жеткізді. Әр ойын сайын гол соғатын шабуылшы айып соққыларын орындаудың да хас шебері екен. Оның Қаржы академиясының қақпасына соққан айып добын студенттер қауымы әлі біраз уақыт айтып жүрері анық.


Дәулет Кеңесбек – ең үздік актер 

Ең үздік комедиялық актер – Әміржан Давранов («Астана» медициналық университеті)

Топтық кезеңнің 5-туры аясындағы ойын болатын. Алаңда Қаржы академиясы мен «Астана» медициналық университеті ойнап жатқан. Болашақ медиктер 7:4 есебімен ұтып жатыр. Кенет, матчтан кейін АМУ құрамында хаттамаға тіркелмеген ойыншы Әміржан Даврановтың алаңға шыққаны белгілі болып, «қаржыгерлер» Ұйымдастыру комитетінің тарапына арыз жазды. Дегенмен, Әміржан ұзақ уақыт өзінің бұл ойынға Регламентке сәйкес қатысқанын дәлелдеуге тырысып, жоқ жерден басы дауға қалды.

Ең үздік драмалық актер – Ризат Шәріпов (ҚазЭҚжХСУ)

Топтық кезеңнің ең үздік ойыншысы осы шығар. Әріптестері де, қарсыластары да Ризат Шәріповтың мықтылығын мойындап жатты. Шынымен де, қайсар ойыншы. Соңына дейін айқасады. Бірақ командасы үмітін ақтамады. Сегіз команданың ішінде небәрі 6-орын алып, финалдық кезеңге жолдама ала алмады.


Ризат Шәріпов - топтық кезеңнің үздік ойыншысы 

Ең үздік екінші пландағы актер – Ғани Қасымов (Назарбаев Университет-2)

Назарбаев университеттің екінші командасында Ғани Қасымов есімді ойыншы ойнады. Иә, белгілі саясаткер генерал-майордың толық аттасы. Футболды жап-жақсы меңгерген екен. Қорғаныс шебінде ойнаған Ғани Қасымов өз командасының нағыз тірегі болып, қажет кезінде шабуылда да пайдасын тигізіп жатты.

Маусым сенсациясы – Қаржы академиясы

Кино әлемінде мұндай номинация жоқ. Бұл біздің өзіміздің ойлап тапқан номинация және бұл атаққа Қаржы академиясын лайық деп тауып отырмыз. Әу баста аутсайдер саналған «болашақ қаржыгерлер» финалдық кезеңге дейін жетті. Финалдық турнирде де қарап қалған жоқ. Көпшілігі төрт команданың ішінде соңғы орын алады деп болжаған. Бірақ, қарсыластарын сан соқтырып, 3-орынды иемденді. Тіпті, чемпионның да ұпайын тартып алды.

Ең үздік режиссер – Владимир Глевич (Назарбаев университет)

Владимир Вениаминовичтің екі командасы да финалдық кезеңге дейін шығып, екеуі де Студенттер лигасындағы алғашқы екі орынды бөліп алды. НУ-1 бас жүлдеге қол жеткізсе, НУ-2 «күміспен» күптелді. Жаттықтырушы үшін бұдан асқан бақыт бар ма?


Назарбаев университет командаларының жетістіктері режиссерінің арқасында

Ең үздік сценарист – Ерік Чинчалинов (Астана футбол федерациясы)

Үздік сценарист номинациясында Ерік Чинчанлиновқа бәсекелес жоқ шығар. Барлық команданың басын қосып, турнирді бір жүйеге келтіріп ұйымдастыру оңай шаруа емес. Бұл қажырды еңбекті қажет етеді. Еріктің ерен еңбегінің арқасында Студенттер лигасының алғашқы маусымы жоғары деңгейде өтіп, командалардың алғысын алды.

Бонус. Леонардо Ди Каприо атындағы номинация – Елнұр Елікбаев (Қаржы академиясы)

Қаржы академиясының жетістіктері көп жағдайда осы кішкентай балаға байланысты. Командасын жетелейтін де сол, жаттығуларын ұйымдастыратын да осы жігіт. Қаржы академиясын аутсайдер статусынан көшбасшы дәрежесіне жеткізген Елнұр Елікбаев чемпион атануға да, турнирдің үздік ойыншысы болуға да лайық еді. Алайда, командалық үшінші орыннан басқа атаққа қол жеткізе алмады. Иә-иә, дәл Леонардо Ди Каприо сияқты.


Елнұр Елікбаев - Студенттер лигасы атты фильмнің Ди Каприосы

Тізімге қайта оралу