|   |   |   |  Ғани Қасымов Студенттер лигасында футбол ойнап жүр

Ғани Қасымов Студенттер лигасында футбол ойнап жүр

Ғани Қасымов Студенттер лигасында футбол ойнап жүр
Генерал Ғани Қасымовтың толық аттасы Назарбаев университетінің құрамасында ойнайды

Футзалдан Студенттер лигасының ойындарын тамашалап отырғанбыз. Кенет, «қақпаға гол соққан – Ғани Қасымов» деп диктордың хабарлағаны құлағымызға біртүрлі қызық естілді.

Сөйтсек, белгілі саясаткер, генерал Ғани Қасымовтың толық аттасы Назарбаев университетінде оқиды екен. Өз командасының «күміс жүлдегер» атануына сүбелі үлесін қосқан студентпен финалдық ойыннан кейін сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Ғани, тегің қызық екен.

– Иә, атамның есімі Қасым болған. Соның құрметіне менің тегімді Қасымов деп қойды.

– Ал генерал Ғани Қасымовты білесің ғой...

– Әлбетте, білем. Кездескен емеспін. Бірақ оның өмірімен таныспын.

– Достарың сенің сол саясаткермен толық аттас екеніңді айтып, жиі әзілдесетін шығар?

– Иә, оныңыз рас. Кейбіреулері «Ғани Есенгельдинович, жасарып кетіпсіз ғой. Бұл шынымен де сіз бе?» деп әзілдеп жатады. Бұған әбден үйреніп те қалдым. Қалыпты жағдай сияқты жүре беремін.

– Өзіңе мұндай салыстыру ұнай ма?

– Иә, ұнайды. Алайда, шынымды айтсам, ол менің үлгі тұтатын адамым емес. Оның бағыты бөлек, менің әлемім басқа. Саясаткер екенін, генерал-майор деген шені барын, кезінде президенттік сайлауға түскенін, бүгінде өз партиясының төрағасы екенін білемін. Бірақ, өмірін соншалықты зерттеп, сол секілді болсам екен деп ұмтылмаппын. Егер Ғани Қасымов деген футболшы немесе химик болғанда, онда іздеп жүріп өмірімен танысар ма едім.

– Сонда болашақта саясатпен айналысқың келмей ме?

– Менің мамандығым химик. Қазір бірінші курс студентімін. Осы сала бойынша еліме пайдамды тигізсем деймін. Ал саясат туралы әзірге ойланбаппын.


Ғани Қасымов "Ғани Қасымов" болудың қалай екендігін айтып берді

– Назарбаев университетке түсу әр талапкердің арманы. Сен бұл оқу ордасына қалай түстің?

– Қарағандының баласымын. Сол жақта Қазақ-түрік лицейінде оқығанмын. Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары балл жинадым. Одан кейін алдымен Назарбаев университеттің дайындық курсын оқып, білімімді толықтырған соң шығармашылық емтиханын тапсырдым. Мақсатына ұмтылған адам әрдайым дегеніне жетеді ғой.

– Ал футболмен бала кезіңнен айналысасың ба?

– Менікі әуесқой деңгейдегі футбол ғана. Бала кезімде Қарағандыда алты ай футболмен жаттыққанмын. Бірақ кейін оқуға көбірек көңіл бөліп, доп менің тек ермегім болып қалды. Қазір Назарбаев университеттің құрама командасында ойнаймын.

– Сендердің НУ-2 командаларың Студенттер лигасының финалдық кезеңін тамаша бастап, соңғы ойында НУ-1 командасына жол беріп қойды. Бас жүлдеге қол жеткізуге не жетіспеді?

– Соңғы турда тең ойнасақ та жеткілікті еді. Бірақ өкінішке қарай, ұтылып қалдық. НУ-1 – өте мықты команда. Біздің команда 1-2 курс студенттерінен құралған болса, ол жақта кілең 3-4 курс жігіттері. Сондықтан, тәжірибелері басым болды деп ойлаймын. Оның үстіне, бас бапкеріміз ортақ. Владимир Глевич екі команданы да жаттықтырады. Өзара ойында «ешқайсыңа жақтаспаймын. Өздерің біліңдер» деді. Бәлкім, бас бапкердің болмауы да себеп болған шығар.

– Өзің осы турнирде неше гол соқтың?

– Студенттер лигасының бірінші кезеңінде гол соға алмадым. Финалдық сында екі гол соқтым. Дегенмен, мен қорғаушымын ғой. Гол соғу менің міндетім емес.

– Сұхбатыңа рахмет, Ғани!

Тізімге қайта оралу