|   |   |   |  Студенттер лигасын Назарбаев университет командасы жеңіп алды

Студенттер лигасын Назарбаев университет командасы жеңіп алды

Студенттер лигасын Назарбаев университет командасы жеңіп алды
Студенттер лигасының бірінші маусымы мәресіне жетті

Астанада қалалық студенттер лигасының бірінші маусымы мәресіне жетті. Бүгін дүбірлі доданың соңғы туры өтіп, Назарбаев университеттің бірінші командасы бас жүлдені жеңіп алды.

Естеріңізге сала кетейік, сегіз команда қатысқан Студенттер лигасының бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша, финалдық сынға төрт команда жолдама алған. Олар Назарбаев университет-1, Назарбаев университет-2, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университі және Қаржы академиясы. Финалдық сынның алғашқы екі турынан кейін турнир кестесінің көш басына НУ-2 студенттері шыққан. Сондықтан, соңғы турда оларға НУ-1 жігіттерімен тең ойнаса да жеткілікті еді. Екі команданы да белгілі бапкер Владимир Глевич жаттықтырады. Бірақ, қай командасы жеңсе де көңілі тоқ, Владимир Вениаминович ойынды трибунадан тамашалап отырды.

Сонымен, Назарбаев университет-2 командасы өздеріне қажетті нәтижеге қол жеткізе алмады. Кездесуді бірден қарқынды бастаған Назарбаев университеттің аға студенттер командасы үшінші минутта-ақ есеп ашты. Әріптесінен әдемі пас алып, командасын алға шығарған Шыңғыс Нұрбай болатын. Осыдан кейін НУ-2 жігіттерінің ойынынан мән кетті. Шамасы, бас бапкердің нұсқаулары жетіспеген сияқты. Болмашы жерден жаңылыса берді. Осылайша бірінші таймда-ақ 1:3 есебімен ұтылып жатты. Үзілістен кейін жағдайды реттестіруге тырысқандарымен қаһарына мінген аға студенттерін тоқтату мүмкін болмады. Қорытынды есеп – 6:3, Назарбаев университет-1 командасы бас жүлдені жеңіп алса, НУ-2 екінші орынды қанағат қылды.


Назарбаев университеттің қос командасы

Үшінші орын Қаржы академиясына бұйырды. Әу баста аутсайдерлердің санатына жатқызылған «болашақ қаржыгерлер» сенсация жасап, финалдық кезеңнің жолдамасын жұлып алған. Мінезді команда екен, кешегі ойында Назарбаев университет-1 командасымен де тең ойнап, бір ұпайды жұлып алды. Бүгін де қайсарлықтарын көрсетті. Еуразия ұлттық университетінен бірінші таймның қорытындысы бойынша 0:2 есебімен жеңіліп жатып, ақырында оларды да тақырға отырғызып кетті.

Сонымен, Студенттер лигасының бірінші маусымы мәресіне жетті. Соңғы турдан кейін марапаттау рәсімі өтіп, Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Самат Қабдулин жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар мен естелік кубоктарын табыстады.

– Турнир өте жоғары дәрежеде өтті. Бұл елордамызда жастардың, оның ішінде студенттердің футболға деген қызығушылығы жақсы екенін дәлелдеп отыр. Осының барлығын жоғары деңгейде ұйымдастырған Астана футбол федерациясына да алғыс білдіреміз, - деді Самат Амангелдіұлы.

Номинация иегерлері:

Үздік қақпашы – Игорь Стрельченко (Л.Гумилев ат. ЕҰУ-2)

Үздік қорғаушы – Әділбек Қамиев (Назарбаев университет-2)

Үздік шабуылшы/сұрмерген – Дәулет Есбергенов (ҚазЭҚж/еХСУ) – 12 гол

Үздік ойыншы – Дәулет Кеңесбек (Назарбаев университет-1)

Фейр-Плей – Қаржы академиясы  

Студенттер лигасының финалдық кезеңі

3-тур

Назарбаев университет-1 – Назарбаев университет-2        6:3

Голдар: Шыңғыс Нұрбай-3, Данияр Мақсатов, Дәулет Кеңесбек, Әлинұр Мирасов – Бекзат Өмірзақов, Еркеғали Метей, Санжар Сәттиев

Еуазия ұлттық университеті-2 – Қаржы академиясы           3:3

Голдар: Ерасыл Саясатов, Талғат Мұхамедиев, Нұрсұлтан Қабылбеков – Саид-Сұлтанбек Хасанов, Елнұр Елікбаев, Елдар Омаров.

Тізімге қайта оралу