|   |   |   |  Студенттер лигасы. Бас жүлдені Назарбаев университеттің қос командасы сарапқа салады

Студенттер лигасы. Бас жүлдені Назарбаев университеттің қос командасы сарапқа салады

Студенттер лигасы. Бас жүлдені Назарбаев университеттің қос командасы сарапқа салады
НУ-2 шабуылшысы Исмаил Қарымсақ (№9) ЕҰУ-2 қақпасына кезекті голын соғуда

Студенттер лигасында чемпиондықтың тағдыры бүгін соңғы турда шешіледі. Бас жүлдеге Назарбаев университеттің қос командасы НУ-1 мен НУ-2 таласпақ.

Кеше финалдық кезеңнің екінші тур ойындары өтті. Алаңға алдымен НУ-1 командасы мен Қаржы академиясы шыққан. Өте тартысты өткен өзара текетіресте күтпеген жерден «болашақ қаржыгерлер» алға шығып кетті. Есепті теңестіру оңай болған жоқ. Алимур Баймаханов шәкірттері қорғаныста сауатты ойнап, алаң иелерін тырп еткізген жоқ. Сондықтан, таразы басы айып соққысынан кейін ғана теңесті. Бірнеше қорғаушыдан құралған қорғанның беріктігіне қарамастан Дәулет Кеңесбек қақпаның тоғыздығын дәл көздеді. Тамаша гол, тіпті Қаржы академиясының студенттері бірер сәт есеңгіреп те қалды. Осыны пайдаланған Владимир Глевич шәкірттері тағы бір гол соғып, үзіліске жеңімпаз ретінде шықты.

Бірақ екінші таймда бар жағдайды күрт өзгертті. Намысқа тырысқан Қаржы академиясы қатарынан екі гол соғып, есепте алға шығып кетті. Жанкүйерлер сілтідей тынды. Уақыт болса өтіп барады. Кенет «болашақ қаржыгерлердің» қақпашысы болмашы жерден қателесіп, Әнуар Еркінов осы ойындағы екінші голын соғып, таблодағы көрсеткішті 3:3-ке жеткізді. Матч аяқталды.

Келесі болып алаңға Назарбаев университеттің екінші командасы мен Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің екінші командасы шықты. Негізі, финалдық кезеңнің алдында ЕҰУ-2 бас жүлдеден басты үміткер болған. Алайда НУ-1 студенттерінен жеңілген соң жағдайлары қиындап кетті. Осы ойында күшіне енер деп едік, бірақ тіптен қарсылық көрсете алмай, Назарбаев университеттің жастар командасынан 8:4 есебімен ойсырай жеңілді. Енді олар тек 3-орынға ғана таласа алады.

Бүгін финалдық кезеңнің соңғы туры. Бас жүлдені қанжығасына байлау үшін НУ-2 командасына тең есеп те жеткілікті. Ал НУ-1 жігіттеріне қалайда жеңіс керек. Осы орайда айта кетейік, Назарбаев университеттің бірінші командасы 3-4 курс студенттерінен жасақталған болса, екінші командасы 1-2 курс білімгерлерінен құралған. Сондықтан, інілері ағаларына бас жүлдені сыйлап жібере ме деген қауіп те жоқ емес. Екі команданы да жаттықтыратын Владимир Глевич кешегі турдан соң барлық студенттерін жинап алып, «не істесеңдер де өздерің біліңдер, маған керегі тек Назарбаев университеттің екі командасының да бірінші және екінші орынды иемденгендері» деп кесіп айтты.

Сонымен, чемпион бүгін анықталады.

Финалдық кезең, 2-тур.

НУ-1 – Қаржы академиясы 3:3

Голдар: Әнуар Еркінов-2, Дәулет Кеңесбек – Елдар Омаров-2, Саид-Сұлтанбек Хасанов.

ЕҰУ-2 – НУ-2 – 4:8

Голдар: Ерасыл Саясатов, Нұрбек Жолшыбек, Талғат Мұхамедиев, Нұрсұлтан Қабылбеков – Исмаил Қарымсақ-3, Ғани Қасымов-2, Жандос Әлжанов, Санжар Саттиев, Әділбек Қамиев.

 

Тізімге қайта оралу