|   |   |   |  Назарбаев университет командалары көш бастады

Назарбаев университет командалары көш бастады

Назарбаев университет командалары көш бастады
Паркетте НУ-1 командасы мен ЕҰУ-2 студенттері

Студенттер лигасы финалдық кезеңінің бірінші турынан кейін Назарбаев университет командалары көш бастады. Шамасы бас жүлде осы оқу ордасының екі командасы арасында сарапқа салынатын сияқты.

Назарбаев университеттің спорт залында өтіп жатқан финалдық кезеңнің бірінші турында алдымен алаңға ЕҰУ-2 мен НУ-1 командалары шықты. Бірінші кезеңнің аясында өткен өзара ойын өте тартысты өтіп, 2:1 нәтижесімен Назарбаев университет командасы басым түскен болатын. Қарымта қайтарғысы келген «еуразиялықтар» ойын тізгінін бірден өз қолдарына алып, Нұрсұлтан Қабылбеков соққан голдың арқасында есепте алға шықты. Дегенмен, қорғанысқа ерте жатып алған секілді. Осы есепті ұстап қалуға тырысып, тізгінді НУ-1 студенттеріне беріп қойды. Екінші таймда шабуылын тіптен күшейте түскен алаң қожайындары ақыры мақсаттарына жетіп, ойынның аяқталуына бес минут қалғанда таразы басын теңестіріп кетті де, кездесудің соңғы екі минутында қатарынан екі гол соғып, «еуразиялықтарды» жалқы ұпайдан да айырды. Қорытынды есеп – 3:1.

Одан кейін паркетке НУ-2 мен Қаржы академиясының жігіттері шықты. Назарбаев университеттің жастарынан құралған екінші командасына жігер де, шеберлік те жетерлікте екен. Бірден қарқынды шабуылдарға көшкен олар капитаны Әділбек Қамиевтің соққан әдемі голының арқасында есепте алға шықты. Бірінші таймның соңына таман Қамиев тағы бір тура соққы жасап, есепті еселесе, үзілістен кейін Еркеғали Метей дубль жасап, таблодағы көрсеткішті 4:0-ге жеткізді. Қайта соңына таман естерін жиған Қаржы академиясының жігіттері әйтеуір бір гол соғып, абыройларын сақтап қалды. Қорытынды есеп  4:1.

Финалдық кезең, 1-тур.

НУ-1 – ЕҰУ-2 – 3:1

Голдар: Данияр Теміров, Елдар Балтабаев, Дәулет Кеңесбек – Нұрсұлтан Қабылбеков.

НУ-2 – Қаржы академиясы 4:1

Голдар: Әділбек Қамиев-2, Еркеғали Метей-2 – Әділет Әбдіманап

Тізімге қайта оралу