|   |   |   |  Елжас Каменов – Студенттер лигасында Назарбаев университеттің жеңіске жететініне сенімдімін

Елжас Каменов – Студенттер лигасында Назарбаев университеттің жеңіске жететініне сенімдімін

Елжас Каменов – Студенттер лигасында Назарбаев университеттің жеңіске жететініне сенімдімін
Елжас Каменов Назарбаев Университет командалары жайлы

Бүгін Студенттер лигасының финалдық ойындары басталады. Ақтық кезеңге шыққан төрт команданың екеуі Назарбаев университеттің командалары. Осы орайда аталмыш оқу ордасының Спорттық өмірінің жетекшісі Қаменов Елжас Нарымбекұлымен сұхбаттасып, қос команданың финалдық кезеңге дайындығы туралы сұраған едік.

– Елжас, алдымен қалалық Студенттер лигасынның алғашқы маусымы жайлы сіздің ойыңызды білсек деп едік.

– Осы сұхбатты пайдаланып, бірінші ретте турнирді жоғары деңгейде ұйымдастырып жатқан Астана футбол федерациясына зор алғыс білдіргім келеді. Ұйымдастыру жағы маған ұнап жатыр. Толыққанды мағлұмат таратып отыратын сайты бар, әр ойын өз уақытымен басталуда. Кәсіби білікті төрешілер қызмет етеді. Медициналық қызметкер де өз орнында. Бұдан басқа не керек? Бізге қалғаны – алаңға шығып, өз өнерімізді ортаға салу.

– Назарбаев университет командалары үшін біріншілік барысында қай ойындар қиын болды?

– Екі командамыз үшін «Тұран-Астана» және ҚазЭХЖХСУ студенттеріне қарсы кездесулер оңай болған жоқ. Өте қарымды және жігерлі командалар. Финалдық кезеңге жолдама алуға лайықты еді. Бірақ, қалайша тыс қалып қойғанындарына қайранмын. Бәлкім өз себептері бар шығар. «Тұран-Астана» тіпті, біздің екінші командамызды 5:1 есебімен ойсырата жеңген болатын.

– Назарбаев университеттің екі командасының да Студенттер лигасының финалдық кезеңіне шығатынына сенімді болдыңыз ба?

– Иә, өйткені, біз өз жігіттеріміздің мықтылықтарына сенімдіміз және оларды білікті жаттықтырушы Владимир Глевич баптайды. Ол кісінің қаншалықты тәжірибелі маман екенін футболды түсінетін жанкүйерлердің барлығы жақсы біледі. Екі командамыздың да құрамы бір-біріне шамалас. Қарымды. Дегенмен, футзал – динамикалық ойын, бәрі әп-сәтте өзгеріп кетуі мүмкін. Сондықтан, екі командамыздың бірі финалдық кезеңге шықпай қалады-ау деген қорқыныштың болғаны жасырын емес.

– Енді финалдық кезеңнен не күтесіз?  

– Болжам жасап, сәуегейлікке барғым келмейді. Кімнің жеңіске жететінін осы жексенбі күні білетін боламыз. Әлбетте, командалардың бұған дейінгі статистикаларына қарап, Назарбаев университет командаларының бірі жеңіске жетеді деп ойлауға болады. Оның үстіне, шынымен де біздің чемпион атанатын мүмкіндігіміз мол. Дегенмен, әзірге ешнәрсе белгісіз.

– Назарбаев университеттің екі командасы да финалдық кезеңге шықты. Қайсысына көбірек үміт артып отырсыздар?

– НУ-1 командасына. Өйткені, бұл командада кіл мықтыларымыз жиналған. Бұған дейінгі көрсеткіштері де жақсы. Бірінші кезеңді бірінші орынмен аяқтады. Алайда, НУ-2 командасына да зор үміт артып отырмыз. Егер күтпеген жерден бірінші командамыз сүрініп қалар болса, онда барлық күшті НУ-2 командасына саламыз. Бірі бас жүлдені, екіншісі «күмісті» иеленіп жатса, тіпті қуаныштымын.

– Қалай ойлайсыз? Чемпиондықтың тағдыры қай турда шешілуі мүмкін?

– Өзі бар болғаны үш қана тур ғой. Сондықтан, финалдық кезеңді бірден қарқынды бастау қажет. Дегенмен, екінші турда-ақ чемпионның есімін білеміз деп ойлаймын.

– Финалдық кезеңнің ойындары Назарбаев университеттің спорт залында өтеді. Бұл сіздердің командаларыңыз үшін қаншалықты көмек болуы тиіс?

– Әлбетте, ойындардың өз алаңымызда өтуі біздің студенттерге үлкен көмек болатыны анық. Оның үстіне, жанкүйерлер де барынша жиналып, бізге қолдау көрсетеді деп үміттенеміз.

– Назарбаев университет командаларын тәжірибелі бапкер Владимир Глевичтің жаттықтыруы студенттердің ойындарын қаншалықты жетілдіріп жатыр?

– Владимир Вениаминовичтің біздің студенттерді жаттықтырып жүргеніне екі жыл болды. Шыны керек, содан бері футболмен әуестенген студенттеріміздің шеберліктері едәуір шыңдалған. Оны енді өзімізден жібергіміз келмейді.

– Командаларыңызда қай ойыншыларды ерекше атап өтер едіңіз? Жалпы, сіздерде кәсіпқой футболшылар бар ма?

– Екі командамыздың да ойыншылары қарымды ғой. Сондықтан, жекелеген ойыншыларға тоқталғым келмейді. Дегенмен, университетті биыл тәмамдайтын студенттерді ерекше атап өтуді жөн көріп отырмын. Мәселен, Әлинұр Мирасов, Дәулет Кеңесбек және Бекзат Өмірзақов сынды жігіттер бар. Төрт жылдың ішінде білімін ғана емес, спорттық шеберліктерін де арттырды. Оқу ордасынан түлеп ұшқаннан кейін де бұл жігіттер барған жерлерінде Назарбаев Университеттің абыройын асқақтатып жүре береді деп сенемін.

– Соңғы сұрақ. Назарбаев университеттің өз ішкі біріншілігі бар екенін естідік. Сол жайлы кеңірек айтып өтсеңіз.

– Иә, біздің өз лигамыз бар. NUFL лига, яғни Nazarbayev University Futsal League додасы деп аталады. «А», «В» және Мұғалімдер мен қызметкерлер лигасы деп үш дивизионға бөлінген. «А» лигасына 210 студент, «В» лигасына 100 студент және Мұғалімдер мен қызметкерлер лигасына 90 адам қатысады. Лига студенттер арасында үлкен сұранысқа ие. Соның арқасында Университетіміздің құрамын жасақтап жатырмыз. 2015 жылы біздің Университет онлайн-порталға қосылды. Онда АҚШ-тың 400-ге жуық жоғары оқу орындары ұйымдастыру жұмыстарын жүргізе алады. Осы сайт арқылы студенттеріміз командаларға тіркеліп, ойындар кестесімен таныса алады.   

– Сұхбатымызға көп рахмет!

Тізімге қайта оралу