|   |   |   |  Студенттер лигасының бас жүлдесі кімге бұйырады?

Студенттер лигасының бас жүлдесі кімге бұйырады?

Студенттер лигасының бас жүлдесі кімге бұйырады?
Студенттер лигасының финалдық кезеңінен не күтеміз?

Ертең елорданың Назарбаев университетінде Астана қаласы Студенттер лигасының финалдық кезеңі басталады. Үш күнге созылатын дүбірлі додада қай команда жеңіске жетер екен? Саралап көрелікші.

Әлбетте, бас жүлдеден әркімнің-ақ бар дәмесі. Бірақ, финалдық кезеңде командаларға бәрін басынан бастау қажет болады. Оның үстіне, финалдық кезең олимпиадалық жүйе бойынша емес, біріншілік ретінде өтетіндіктен әр ұпай командалар үшін өте маңызды. Олай болса, командалардың мүмкіндіктеріне кеңірек тоқталып өтсек.

Назарбаев университет-1

Бірінші кезеңде Назарбаев университетінің бірінші командасы жеті ойынның бесеуінде жеңіске түсіп, біреуінде тең түсті және тағы бір матча ұтылып қалды. Бірақ финалға шыққан үш бәсекелісінің біреуінен ешқайсысынан да жеңілген жоқ. Тек «Астана» медициналық университетіне қарсы кездесуде ғана опық жеді.

Назарбаев университетінің бірінші командасы үшін финалдық кезеңнің тағдыры бірінші матчына шешілетін сияқты. Егер ертең Еуразия ұлттық университетінің екінші командасын жеңе алар болса, онда бас жүлде қалтада деп есептей беруге болатын шығар. Өйткені, бірінші кезеңде Қаржы академиясы оларға аса лайықты қарсылас бола алған жоқ. Ал Назарбаев университетінің екінші командасымен олар үшінші турда ғана кездеседі. Яғни, егер ұпайы жетпей жатса, курстастары соңғы ойында үш ұпайды «сыйлай» салулары да мүмкін. Айтпақшы, ойындардың барлығы Назарбаев университетінің спорт залында өтетінін де ескере кету қажет.


НУ-1 бас жүлдеден басты үміткер

Артықшылығы: Команданы өте тәжірибелі бапкер Владимир Глевич жаттықтырады және финалдық кезең осы университеттің алаңында өтеді.

Кемшілігі: Командада есімі көпке таныс кәсіпқой ойыншылар жоқ.

Біздің болжам: НУ-1 командасы бірінші орынды жеңіп алады.

Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің екінші командасы

ЕҰУ-2 командасы да бас жүлдеден басты үміткерлердің бірі. Егер ертең НУ-1 студенттерін жеңе алар болса, онда «алтынға» жолдары ашылары сөзсіз. Алайда, Назарбаев университетінің екінші командасы да оңай шағылар жаңғақ емес. Бас жүлдеге қол жеткізу үшін ЕҰУ-2 жігіттеріне қатарынан екі асудан өту қажет болады. Шамалары жетер ме екен?

Бірінші кезеңде «еуразиялықтар» жеті кездесудің төртеуінде жеңіске жеткен. Бір ғана матчта жеңілістің кермек дәмін татты. Нақты айтсақ, басты бәсекелесі НУ-1 командасынан жеңілді.

Финалдық кезеңде бұл Еуразия ұлттық университетінің студенттеріне шабуыл шебін күшейту қажет-ау. Өйткені, осы біріншіліктегі ең аз гол соққан командалардың бірі осылар. Дегенмен, шабуыл шебі қаншалықты әлсіз болса, қорғаныс шебі мен қақпашысы соншалықты мықты. Яғни, осы турнирдегі ең аз гол жіберген де – ЕҰУ-2.


ЕҰУ-2 капитаны Ербол Мейрамбайға зор үміт артады

Артықшылығы: Ойыны жөнінен финалға шыққан ешбір командаға дес бермейді және қорғанысы мен қақпашысы мықты.

Кемшілігі: Гол соға алатын сұрмергені жоқ.

Біздің болжам: Егер ертеңгі ойында жеңіске жетсе, онда бас жүлдені жеңіп алады. Ал тең түсіп немесе ұтылып қалар болса, 2-ші немесе 3-орынды қанағат қылуы әбден мүмкін.

Қаржы академиясы

Әлбетте, чемпиондыққа таласып, соңына дейін айқасады деп үміттенеміз. Оның үстіне, Алимур Баймаханов шәкірттері соңғы кездесулерді сәтті өткізіп, қатарынан үш матчта жеңіске жетті. Дегенмен, жасыратыны жоқ, финалға шыққан төрт команданың ішіндегі аутсайдері осы – Қаржы академиясы. Егер 5-турдағы техникалық жеңіс болмағанда, олардың орнында финалдық кезеңде қазір «Астана» медициналық университеті ойнар еді.


Қаржы академиясы – қаһарлы команда

Артықшылығы: Командада жігер бар және ойыншылары өте ұйымшыл.

Кемшілігі: Бірінші кезеңде финалға шыққан үш қарсыласын да жеңе алмаған, тіпті екеуінен жеңіліп қалған. Қарабайыр тілмен айтқанда «күшік кезінде таланған».

Біздің болжам: Қаржы академиясы үшін финалдық кезеңге шығуының өзі үлкен ерлік. Сондықтан, 4-орын.

Назарбаев университет-2

Бұл команданың да тағдыры ертеңгі кездесуге байланысты болуы мүмкін. Нақты айтсақ, ЕҰУ-2 мен Назарбаев университет-1 командалары арасындағы ойында «еуразиялықтар» жеңіп кетсе, онда бапкерлер алқасы бар күштерін осы командаға жұмсайтыны анық. Осы орайда Назарбаев университетінің екі командасын да Владимир Глевич жаттықтыратынын да айта кету керек. Әрине, екі команданы төрге қатар сүйреу оңай емес. Сондықтан, бастапқыда әккі жаттықтырушы Владимир Венич бар күшін НУ-1 студенттеріне салады. НУ-2 командасы қосымша вариант болмақ. «Қосымша вариант» жағдайында бұлар 4-орыннан көрінсе де таңғалмаймыз.


НУ-2 командасы өз алаңына сенеді

Артықшылығы: Ойындардың барлығы осы университеттің спорт залында өтеді және команданы тәжірибелі бапкер Владимир Глевич жаттықтырады.

Кемшілігі: Ойындары тұрақсыз.

Біздің болжам: НУ-2 командасы 3-орынды иемденеді деп отырмыз.

Финалға шыққан төрт команданың Бірінші кезеңдегі өзара текетірестері:

1-тур.

НУ-1 – НУ-2 – 3:3

2-тур.

НУ-2 – ҚА – 0:0

2-тур.

ЕҰУ-2 – НУ-1 – 1:2

3-тур.

ЕҰУ-2 – ҚА – 2:1

4-тур.

НУ-1 – ҚА – 5:1

7-тур.

НУ-2 – ЕҰУ-2 – 2:3




Тізімге қайта оралу