|   |   |   |  "Тұран-Астана" студенті Расул Қарбаев – "Рузаевка" биыл Бірінші лига жолдамасына таласады

"Тұран-Астана" студенті Расул Қарбаев – "Рузаевка" биыл Бірінші лига жолдамасына таласады

"Тұран-Астана" студенті Расул Қарбаев – "Рузаевка" биыл Бірінші лига жолдамасына таласады
Расул Қарбаев "Тұран-Астана", "Есіл" және "Рузаевка" командаларының айырмалары жөнінде айтып берді

Астана Студенттер лигасында кәсіпқой футболшылар ойнайды. Солардың бірі «Тұран-Астана» университетінің түлегі – Расул Қарбаев. Солтүстік Қазақстан облысының «Рузаевка» командасында ойнайтын Расул бүгінде Екінші лигада ойқастап жүр. Студенттер лигасының топтық кезеңінен кейін футболшымен сұхбаттасып, өзі туралы біраз мағлұмат алған едік.

– Расул, Астана Студенттер лигасының топтық кезеңі аяқталды. Бірақ сендердің командаларың финалдық сынға шыға алмады. Бұған не себеп болды деп ойлайсың? 

– Шынын айтсам, Студенттер лигасын еске түсіргім де келмейді. Тезірек ұмытсам екен деймін. Құрамымыздың қарымды болғанына қарамастан өте нашар ойнадық. Не себеп болғанын нақты айта алмаймын. Бізде мысалға «Оле Бразил» академиясында тәлім алған Саян Мұқанов бар, қазір «Бәйтеректе» ойнайды. Сондай-ақ, «Бәйтеректің» қақпашысы Игорь Черных та Студенттер лигасында біздің команданың намысын қорғады. Одан бөлек, Мәди Данабеков, Диас Егінжанов сынды мықты ойыншыларымыз бар. Университет басшылары да бізге зор көңіл бөліп, барлық жағдайымызды жасады. Проректорымыз Мұхамбет ағай Шайжанов та әрдайым бізбен бірге болып, ойындарымызды жібермеді. Өкінішке қарай, үміттерін ақтай алмадық. Сегіз команданың ішінде 7-орын алу деген масқара ғой. Алда Республикалық Студенттер лигасы келе жатыр. Сол додада бар өнерімізді ортаға саламыз.

– Енді финалдық кезеңде қай команда жеңіске жетеді деп ойлайсыз?

– Маған қайсысы жеңсе де бәрібір. Өзіміз ойнамаған соң келіп-кетер не пайда? Дегенмен, Назарбаев университетінің бірінші командасы мен Еуразия ұлттық университетінің ойыны көңілімнен шығады. Солардың бірі чемпион атанатын шығар деп отырмын.

– «Тұран-Астана» университетінің командасынан бөлек, елорданың «Есіл» әуесқой командасында ойнайтыныңды білеміз. Өзіңе қай жақта ойнаған ұнайды?

– «Тұран-Астанада» дайындығымыз аз болып қалды. Ал «Есілде» біз бір-бірімізді бұрыннан білеміз. Әбден үйренісіп қалғанбыз. Әлбетте, «Есілде» ұнайды. Талай рет қала чемпионы атанғанбыз.

– Расул, өзің бала кезіңнен футболмен айналысушы ма едің?

– Доп тебуді тоғыз жасымда бастағанмын. Көкшетауда «Оқжетпес» футбол клубының дайындық тобында болдым. Бірақ негізгі құрамға жете алмадым. Кейін Астанаға көшіп келдік. Қазір «Тұран-Астана» университетінде 1-ші курс студентімін. Мамандығым – программист.

– Сені жақында Екінші лигадағы «Рузаевка» командасының сапынан көріп қалдық. Ол клубтың сапында бұрыннан барсың ба?

– Биылдан бастап осы командаға шақырды. «Рузаевкамен» бірге үш оқу-жаттығу жиынына қатыстым. Содан бапкерлер алқасы маған келісімшарт ұсынды. Әуесқой футболшыдан кәсіпқой футболшыға айналғаным үшін қуаныштымын.

– Осы жексенбі Екінші лига маусымы басталды. Алғашқы ойындарыңды түзде «Жетісуға» қарсы өткіздіңдер. Матч қалай болды?

– Алдымен Алматыға одан кейін Талдықорғанға жол тарттық. «Жетісудың» жастары өз алаңында намысқа тырысты. Жалпы, командасы жаман емес екен. Бірақ сәттілік біздің жағымызда болып, 1:0 есебімен жеңіп кеттік. Өзім негізгі құрамда алаңға шықтым.

– Қай қапталда ойнап жүрсің?

– Бас бапкер Станислав Погорелов мені оң қапталға пайдаланып жүр. Негізі жартылай қорғаушы болғаныммен қорғанысқа да, шабуылға да араласуымды талап етеді.

– «Рузаевканың» алдында қандай мақсаттар тұр?

– «Рузаевканың» Екінші лигада бақ сынап жүргеніне біраз болды. Бірақ Бірінші лигаға жолдама алатын кез-келді. Клуб басшылығы бізден жоғары топқа өтуімізді талап етеді. Жанкүйерлеріміз де бар. Жағдайымыз жақсы. Сондықтан, келесі маусымда Бірінші лигада доп теуіп қалармыз.

Тізімге қайта оралу