|   |   |   |  Дәулет Орынтай, ҚазЭУ ойыншысы – Жазда "Бәйтерекке" ауысатын шығармын

Дәулет Орынтай, ҚазЭУ ойыншысы – Жазда "Бәйтерекке" ауысатын шығармын

Дәулет Орынтай, ҚазЭУ ойыншысы – Жазда "Бәйтерекке" ауысатын шығармын
Дәулет Орынтай (көк жейдеде) "АМУ" қақпасына кезекті голды қақырата соғуда

Астана қаласында Студенттер лигасының топтық кезеңінің соңғы туры басталып, финалдық додаға жолдама алған төрт команда түгел анықталды. Алайда, арасында Қазақ экономика, халық және халықаралық сауда университеті жоқ. Турнирді тамаша бастаған олар белортаға келгенде жүрістерінен жаңылысты. Енді Студенттер лигасын сырттай тамашалауға мәжбүр.

 Жалпы, «сәтсіздіктер неден басталды? Кім кінәлі? Не жетіспеді?» деген cұрақтарға аталмыш команданың лидерлерінің бірі Дәулет Орынтай да жауап іздеп көрген еді.

– Өзіме кешегі ойынымыз ұнады. «Астана» медициналық университетін 8:7 есебімен ұттық. Бас жаттықтырушымыз Борис Ескендировичтің барлық нұсқауларын орындауға тырыстық. Әттең өзі ойынға келе алмады, - деп бастады сұхбатымызды ҚазЭУ шабуылшысы.

– Бәлкім, ұтыла бергендерің үшін ренжіп қалған шығар сендерге?

– Үмітін ақтауға тырыстық. Бірақ екі ойыннан кейін шашырап кеттік. Жаттығуымыз дұрыс болмады. Кейбір ойыншылар жарақат алып қалды. Әйтеуір, әлсіздік танытып алдық. Ешкімді кінәлай алмаймын. Алайда, «медиктерге» қарсы қалай ойнасақ, барлық ойында да әрқайсымыз солай жігерлік көрсеткенімізде, онда финалдық кезеңге шыға алар едік.

– Енді кім чемпион болады деп ойлайсың?

– Меніңше бас жүлдеге талас Назарбаев университетінің бірінші командасы мен Қаржы академиясы арасында өрбитін секілді. Екеуі де мықты командалар. Назарбаев университетінде футболға жоғары көңіл бөлетіні көрініп тұр. Ойындары жинақы. Ал Қаржы академиясын бізге қарсы кездесуден кейін ұнаттым. Футболшыларында намыс бар екен.

– Сені нөміріңе қарап қорғаушы деп ойлап жүр едік, «Астана» медициналық университетінің қақпасына бес гол соғып тастадың ғой...

– Негізі шабуылшымын. Сүйікті нөмірім – 11. Бірақ нөмір үлестіргенде кешігіп қалдым да, маған 2-нөмір тиді. Онда тұрған ештеңе жоқ қой. Африкалық «қара маржан» Асамоа Гьян да шабуылшы болғанымен 3-ші нөмірде ойнап жүр. Ең бастысы, гол соғып, командаңа көмектесу ғой.

– Ал футболмен кәсіпқой деңгейде айналысқан ба едің?

– Иә, 12 жасымнан бері футболмен шұғылданамын. Өткен жылға дейін «Астана» футбол клубының қарамағында болдым. Былтыр «Астананың» дубльдік командасында ойнадым. Бірақ биыл келісімшартым аяқталды. Әзірге командасыз жүрмін. Мен 1996 жылғымын ғой. Ал «Астанада» қазір екпін жасөспірімдерге қойылып жатыр. Мәселен, Геворг Наджарян 1998 жылғы, Мәди Жақыпбаев 2000 жылғы бала.

– Қысқы маусымаралық үзіліс кезінде басқа командалардан ұсыныстар түскен жоқ па?

– Астананың «Бәйтерегі» шақырған. Бірақ соңғы сәтте маусымға тіркеп үлгермеді. Енді жазғы трансферлік кезеңді күтемін. Бір мәнісі болып қалатын шығар. Одан бөлек, «Астанада» өзінде қалдырғысы келді. Алайда әзірге ол жақтан хабар жоқ. Негізі елорданың командаларында қалғаным дұрыс еді. Өйткені, әлі 2-ші курста оқимын. Сабақтан да қалып қойғым келмейді. Ал егер басқа командалар шындап қызығып жатса, онда қай қалаға болмасын баруға дайынмын.

– Ал арманың қай клуб?

– Алматының «Қайратында» ойнағым келеді. «Астана» екеуін жиі салыстырамын ғой, «Қайраттың» клуб ретіндегі деңгейі шарықтап кеткен. Еліміздегі ең үздік клуб шығар. Ол жақта футболшыларға барлық жағдай жасалған. Қаласы да әдемі.

– Әлемдегі үздік команда деп қай клубты айтар едің?

– «Барселона». Кішкентайымда Роналдиньоның ойыны ұнайтын. Содан бері каталондық команданың жанкүйерімін. Өкінішке қарай, биыл Чемпиондар лигасының жартылай финалына өте алмай қалды. Шамасы, ұта бергеннен шаршап қалған секілді. Енді финалда «Реал» мен «Бавария» ойнайтын шығар.

– Сұхбатыңа рахмет, Дәулет! Өз клубыңды табуыңа тілектеспіз!

Тізімге қайта оралу