|   |   |   |  Студенттер лигасында финалдық кезеңге жолдама алған командалар анықталды

Студенттер лигасында финалдық кезеңге жолдама алған командалар анықталды

Студенттер лигасында финалдық кезеңге жолдама алған командалар анықталды
Қаржы академиясы - Тұран-Астана

Астана қаласында Студенттер лигасының финалдық кезеңіне жолдама алған төрт команда да белгілі болды. Олар: Назарбаев университеті-1, Қаржы академиясы, Еуразия ұлттық университеті-2 және Назарбаев университеті-2. Енді 30 сәуір мен 14 мамыр аралығында өтетін финалдық кезеңнен кейін бас жүлденің иесі анықталады.

Бүгін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің спорт кешенінде топтық кезеңнің аясындағы соңғы турдың алғашқы екі ойыны өтіп, үздік төрт команда белгілі болды.

Алаңға алдымен «Астана» медициналық университеті мен Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті шыққан. Алғашқылары финалдық кезеңнен үмітті болатын. ҚазЭУ-де келесі кезеңнен еш үміт қалмаған. Сондықтан, болашақ «медиктер» еш қиындықсыз жеңеді деп ойлағанбыз. Қайдағы... Намысқа тырысып, соңғы күштері сарқылғанша атойлаған «экономистер» тартысты кездесуді 8:7 есебімен өз пайдасына шешті. Осылайша өздері құлап бара жатып, шыңға өрлеп бара жатқан АМУ командасының аяқтан тартып, құзға бірге ала кетті.

– Турнирдің жақсы бастағанбыз. Алғашқы екі матчты жеңіп, турнир кестесінде көш бастап едік. Бірақ кейін бір ойыншымыз жарақат алып қалды, екіншісі дисквалификацияға ұшырады, үшіншісі басқа себептермен алаңға шықпады. Әйтеуір, басымыз қосылмай, біраз ұпай жоғалттық. Әрине, қазір өкінгенмен қолдан келер қайран жоқ. Енді келесі турнирге барынша дайындалатын боламыз, - деді «Астана» медициналық университетінің қақпасына 5 гол соғып, командасының жеңісіне сүбелі үлес қосқан ҚазЭУ студенті Дәулет Есбергенов.
ҚазЭУ ойыншысы Біржан Қуандықов (көкте) АМУ қақпасына кезекті голды соғуда

Одан кейін паркетке Қаржы академиясы мен «Тұран-Астана» командасы шықты. «Қаржыгерлер» турнирді тым сәтсіз бастағанымен ойындары матч өткен сайын жетіле берді. Осы жолы да олар «Тұран-Астана» командасын еш қиындықсыз 5:2 есебімен тізе бүктірді. Ал «тұрандықтар» жайлы не айтуға болады? «Жұлдыздардан» құралған команда. Бәрі де дарынды ойыншылар. Қақпашысы Игорь Черных «Бәйтеректе» ойнайды. Сол сияқты, «Бәйтеректің» намысын Саян Мұқанов қорғайды. 7-ші нөмірлі Расул Карбаев «Рузаевка» командасының сапында биыл Қазақстанның Екінші лигасына қатыспақ. Команда капитаны Мәди Данабековтің ойынына да көз сүйсінеді. Сондай-ақ, Дияс Егінжанов та қайсар жігіт. Жетекшісі Мұхамбет Шайжанов та шәкірттерінің әр ойынын қалт жібермей, өзінің проректорлық статусына қарамастан үнемі студенттерінің жанында жүріп, қолдауын аямайды.

– Меніңше енді Назарбаев университетінің бірінші командасы жеңімпаз атанатын сияқты. Олардың ойындары жетілген. Ең мықты команда солар секілді, - деп Мәди Данабеков турнирдің қорытындысына өз болжамын жасады.

Енді сенбі, яғни 21 сәуір күні 7-турдың қалған екі кездесуі өтеді.

Турнирдің топтық кестесімен және ойындар нәтижесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

Тізімге қайта оралу