|   |   |   |  Алимур Баймаханов – Бізді аутсайдер дегендердің ауыздары күйіп жатыр

Алимур Баймаханов – Бізді аутсайдер дегендердің ауыздары күйіп жатыр

Алимур Баймаханов – Бізді аутсайдер дегендердің ауыздары күйіп жатыр
Алимур Баймаханов - Қаржы академиясының жаттықтырушысы

Футзалдан Астана Студенттер лигасында топтық кезеңнің соңғы туры қалды. Одан кейін ұпайы жоғары төрт команда финалдық сынға жолдама алып, бас жүлдеге таласты жалғастырады. Сол төрттікке енуден үміткерлердің бірі Қаржы академиясы.

Маусымды өте сәтсіз бастаған аталмыш команда соңғы екі турда жеңіске жетіп, жағдайларын жақсартып алды. Бірақ финалдық кезеңнің жолдамасы бұйыра ма? Жалпы, алдарына қойған мақсаттары не? Осы сұрақтар бойынша біз Қаржы академиясы командасының жаттықтырушысы Әлимур Баймаханов хабарласқан едік.

– Ертең «Тұранмен» ойнайсыздар. Егер жеңіске жетсеңіздер, Студенттер лигасының финалдық кезеңіне шығасыздар. Дайындықтарыңыз қалай?

– Бәрі ойдағыдай өтіп жатыр. Жігіттер сабақтан босаған кезде жиналып, доп теуіп тұрады. Аптасына үш рет жаттығамыз. Әлбетте, «Тұран» университеті оңай шағылар жаңғақ емес. Ол жақта кәсіпқой деңгейде футбол ойнайтын жігіттер де бар. Дегенмен, бізге керегі тек қана жеңіс. Алаңға ұту үшін шығамыз. Әйтпесе, алдымызды «Астана» медициналық университеті орап кетуі әбден мүмкін.

– Жалпы, Қаржы академиясы Студенттер лигасын сәтсіз бастап, алғашында біраз ұпай жоғалтып алды. Бұған не себеп?

– Иә, бас кезінде тактикамыз дұрыс болған жоқ. Оның үстіне, біздің командада ойыншылар еліміздің әр өңірінен жиналған. Бірі Тараздан болса, екіншісі Алматыдан, үшіншісі Қарағандының баласы. Мен қызылордалықпын. Сондықтан, аздап түсініспеушіліктер болғаны рас. Қазір бір-бірімізге толық үйреністік. Жігіттер өзара тіл табыса бастады. Нәтижесінде басында аутсайдер едік, қазір финалдық кезеңге шығудан үміттіміз. Турнир кестесінде төртінші орында тұруымыз соның айғағы.

– Басында ұтыла берген соң қарсыластар сіздерге аутсайдер деп айдар тағып қойды. Бұл жайт шамдарыңызға тиген жоқ па?

– Иә, сұхбаттардан оқыдым. Көбісі бізді аутсайдер қатарына қосып, алаңға менсінбей шығады екен. Кімнің аутсайдер, кімнің мықты екенін әлі-ақ көрсетеміз. Сол сұхбаттардан кейін жігіттермен дұрыстап сөйлестік. Олар да ашуланды, ызаланды, тістенді. Бірақ бәрін түсінді. Бізге бүкіл университет үміт артып отыр. Қаржы академиясының басшылығы әрдайым қолдап, жағдайымызды сұрап тұрады. Ұтыла берсек, олардан да ұят қой. Ешкімді жерге қаратқымыз келмейді. Сөйтіп, әр матчқа тыңғылықты дайындала бастадық. Нәтижесі жаман емес. Әзірге 4-орындамыз. Енді ертеңгі ойында жеңіске жетуді көздейміз.

– Өткен аптада 0:2 есебімен ұтылып жатып, Қазақ экономикалық университетінен 6:3 нәтижесімен жеңісті жұлып алдыңыздар...

– Иә, бастапқыда қақпамызға жылдам екі гол жіберіп алдық та, абдырап қалдық. 7-ші нөмірлі ойыншысы Ризат Шарипов мықты екен. Осы турнирдегі үздік ойыншылардың бірі дер едім. Қорғаушыларымызды әбден әбігерге салды. Қайта абырой болғанда есепті теңестіріп, артынша жеңісті жұлып алдық. Қайсар мінезімізді көрсеттік. Сол үшін ойыннан кейін жігіттерге алғысымды білдірдім. Бірақ өкінішке қарай, сол матчта бір ойыншымыз Дастан Сүлейменов аяғынан ауыр жарақат алып, саптан шығып қалды. Жедел жәрдем шақырып, дәрігерлерге қараттық. Ертеңгі ойынға қатыса алмайды. Әттең, негізгі шабуылшыларымыздың бірі еді, онсыз қиындау болайын деп тұр.

– Жалпы, Қаржы академиясының сапында ең үздік ойыншы деп кімді атар едіңіз?

– Жігіттердің ешқайсысын бөлгім келмейді. Алайда 3-нөмірлі ойыншым Елнұр Елікбаевты ерекше атап өтер едім. Өте талантты жігіт. Ұйымшыл және ойынды әдемі үйлестіре біледі. Команданың капитаны да сол. Әрі менің көмекшім. Айтпағымды бірден түсінеді де, жігіттерге жақсы жеткізеді.

– Алимур, осы турнирде сіздің командаңыздың қатысуымен даулы жағдайдың болғаны есімізде. 5-турда «Астана» медициналық университеттен 4:7 есебімен ұтылып қалып, артынша арыз жазғансыздар. Нәтижесінде техникалық жеңіс сіздерге жазылды...

– Негізі футбол деген тартыс, спорт қой. Ол қашан да әділ болу керек. Егер көзжұмбайлыққа қарап, бәрін кешіре берсек, онда өмірді әділетсіздік билейтін еді. Сол матчта АМУ сапында 7-нөмірлі ойыншы күдік тудырды. Бірінші таймда алаңға шықпаған. Жай ғана сыртта командаластарына нұсқау беріп жатқанын байқағанмын. Үзілістен кейін қарасам, ойында ойқастап жүр. Оның үстіне, төрешілерге, құдды бір, құрдастары секілді өзімсіне сөйлейтінін қайтерсің? Кездесуден кейін протоколды тексерсем, хаттамада мүлдем жоқ болып шықты. Содан арыз жаздық. Қайта Астана футбол федерациясында әділ қызметкерлер жұмыс істейді екен. Ақ-қарасын анықтап, жеңісті бізге берді ғой.

– Осы орайда ұйымдастырушылар тарапына тағы қандай назыңыз бар?

– Студенттер лигасын қолға алып, осындай жоғары деңгейде ұйымдастырып отырғандары үшін Астана футбол федерациясына алғыс білдіргім келеді. Турнир тамаша өтіп жатыр. Тек бір өтінішім бар. Кейбір командалар ойындарға жаттықтырушысыз келіп жатады. Олардың орындарына капитандары жауапты болып, протокол толтырып жатады. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Егер команданың ресми өкілі, яғни жаттықтырушысы болмаса, онда ойынды өткізбей-ақ қойса деймін. Капитан дегеніміз студент, ал ол ойыннан ши шықса, бірге араласып кетеді. Сондайда «қой-қойлайтын» жаттықтырушы немесе басқа мұғалім болуы тиіс. Осы жағы ескерілсе екен деймін.

– Сұхбатыңызға көп рахмет! 

Тізімге қайта оралу