|   |   |   |  Жандос Әлімбеков, "Аманат" командасының менеджері – Енді әлем чемпионатына дайындаламыз

Жандос Әлімбеков, "Аманат" командасының менеджері – Енді әлем чемпионатына дайындаламыз

Жандос Әлімбеков, "Аманат" командасының менеджері – Енді әлем чемпионатына дайындаламыз
Бауыржан Әлімбеков - "Аманат" командасының менеджері

Биыл екінші рет YELEU CUP турнирінің жеңімпазы атанған Астананың «Аманат» шағын футбол клубы мамыр айында Испанияда өтетін әуесқойлар арасындағы Чемпиондар лигасына қатысады. Осы орайда команданың менеджері Жандос Әлімбеков «Аманаттың» әлемдік мундиальдағы жоспарларымен бөлісіп, YELEU CUP додасынан алған әсерлерін айтып берді.

– Жандос, екінші рет осы турнирдің чемпионы атандыңыздар. Жалпы, биылғы дода қаншалықты қиын болды?

– Чемпион атанғаннан гөрі чемпиондықты қорғап қалу қиын екендігіне биыл тағы бір рет көз жеткіздік. Оңай ойын болған жоқ. Бізге қарсы командалардың барлығы да барынша дайындалып, ерекше қатты ойнады. Тіпті, топтық кезеңнің соңғы турының алдында жартылай финалға шыға аламыз ба, жоқ па, ол жағы да белгісіз болып тұрды. Әйтеуір, Алланың қалауымен бәрі сәтті аяқталды. Жалпы YELEU CUP додасы 2002 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Ал қатарынан екі рет чемпион атанған команда бізге дейін екеу-ақ болыпты. 2002-2003 жылғы «Парламент» пен 2005-2006 жылғы «КАФ» командасының рекордын қайталағанымызға қуаныштымыз.

– Чемпион атандыңыздар. Дегенмен қарсыластарыңыздың әлеуеттерін қалай бағалайсыз?

– Меніңше барлық командалардың деңгейі шамамен бірдей секілді. Турнирде әуесқойлар да, кәсіпқойлар да ойнады. Ешкім бір-біріне дес берген жоқ. Тіпті, Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншыларына да бұл турнир оңай тимеді. Олар да YELEU CUP додасының деңгейі өте жоғары болғанын айтып жатыр. Біз де топтық кезеңде ұтылдық, тең түсіп те қалдық. Мәселен, жартылай финал мен финалда да қақпамызға бірінші болып гол жіберіп алдық. Алайда жігіттердің рухы мықты болып, ойын тағдырын өз пайдамызға қарай шеше алдық.

– «Аманатта» Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншылары Павел Таку мен Александр Гребонос ойнады. Олар командаға қаншалықты көмектесе алды?

– Паша да, Саша да осы турнирге қатысу үшін арнайы Қарағандыдан келген болатын. Шебер ойыншылар екені көрініп тұр ғой. Ойындарын өте жоғары деңгейде өткізді. «Әуесқой футбол ғой, бұл менің деңгейім емес», - деп мұрындарын шүйіріп жүргендерін де көрмедім. Барлық ойында бар күштерін салды. Сол үшін алғысым шексіз. Әлбетте, оларға да қазір оңай болып жүрген жоқ. Қарағандының «Тұлпар» командасы жабылып қалғаннан кейін клубсыз қалды. Дегенмен, далада қалмайды деген үміттеміз. Келесі маусымда өздеріне лайықты командаларын табады деп ойлаймын.

– Сондай-ақ, ұлттық құрамамыздың тағы бір ойыншысы Александр Довгань да осы турнирге келіп, «Аманат» намысын қорғайды деген сыбыс болған еді...

– Сашаның кішігірім жарақаты бар болып шықты. Өткенде Қазақстан ұлттық құрамасы Польшаны қабылдап, 7:0 есебімен жеңді ғой. Сол матчта аяғын ауыртып алған екен. Сондықтан, келе алмады. Әйтпесе, алдын-ада ол футболшымен де келісіп қойған болатынбыз.

– Ұлттық құраманың басқа ойыншыларымен келіссөздер жүргізген жоқсыздар ма? Тағы кімдерді шақырғыларыңыз келді?

– Біраз жігіттермен сөйлескенбіз. Дегенмен, футзалдан Қазақстан чемпионаты әлі мәресіне жеткен жоқ қой. Клубтары жібермейді. Ұлттық құраманың екі-үш ойыншысы көмектеседі деген. Міне, Таку мен Гребонос келіп, жеңісімізге сүбелі үлестерін қосты. Бұл жерде, сондай-ақ, мына нәрсені айта кету керек, қанша жерден жан-жақтан мықты футболшыны жинап әкелгенімен ол команда болмайды. Ол үшін кішкене жігіттер бір-біріне үйреніскен болулары керек. Қайта Паша мен Сашаға рахмет, аз ғана уақыттың ішінде командаға толығымен сіңісіп кетті.

– Енді YELEU CUP додасының өткен жылғы жеңімпазы ретінде Чемпиондар лигасына қатысу үшін мамыр айында Испанияға аттанасыздар. Дайындық қалай жүріп жатыр?

– Осы күнге дейін бар ойымыз YELEU CUP додасында болатын. Енді әлем чемпионатына дайындыққа кірісеміз. Мамырдың 8-і күні аттануымыз керек. Өткенде Парагвай астанасы Ассунсьонда жеребе тарту рәсімі өтіп, біздің топқа Франция және Чехия клубы түсіпті. Ұтамыз деп ойлаймын. Қазір демеуші қарастырып жатырмыз. Таза кәсіпқой клуб болмасақ та, жартылай кәсіпқой командамыз. Қолдау көрсетіп, демеп жіберетіндер табылады деп үміттенемін.

– Жалпы, «Аманат» клубынан әлем чемпионатынан не күтуге болады?

– Қазақстан ұлттық құрамасы Еуропа чемпионатында 3-орын алды. «Қайрат» футзал клубы тіпті, әлемді аузына қаратып отыр. Осындай жетістіктеріміз бола тұра, Испанияға барып, сәтсіз ойнап қайтсақ, бізге сын. Кем дегенде Чемпиондар лигасынан 3-орын алуға тырысамыз.

– Сұхбатыңызға көп рахмет!

Тізімге қайта оралу