|   |   |   |  "Аманат" YELEU CUP додасының екі дүркін чемпионы (фоторепортаж+видео)

"Аманат" YELEU CUP додасының екі дүркін чемпионы (фоторепортаж+видео)

Елордамызда футзалдан дәстүрлі YELEU CUP турнирі мәресіне жетті. Биыл 15-ші рет ұйымдастырылған дүбірлі додада Астананың «Аманат» командасы қарсылас шақ келтірмей, чемпиондық атақтарын қорғап қалды.

Топтық кезеңнің соңғы турының алдында жартылай финалдан үміткер алты команда болған. Тек «А» тобындағы «Есіл» ғана өзін қауіпсіз сезінді. Қалған бес команданың екеуі артық еді. Нәтижесінде, үздік төрттікке «А» тобында ұпайдан шашау шығармаған астаналық «Есіл» мен ақтаулық «Байұлы» жартылай финалға жолдама алды. Айта кету керек, «Байұлы» мен «Ақтаудың тағы бір командасы «Ынтаның» ұпайлары бірдей болатын. Екеуі де топтық кезеңде 10 ұпайдан еншілеген. Өзара ойында 2:2 есебімен тең тарқасқан. Турнир регламенті бойынша гол айырмашылығына мән берілді. Сөйтсе, «Байұлы» 13 гол соғып, өз қақпасына 8 гол жіберіпті де, «Ынта» 13 гол салып, 9 гол жіберген екен.

«В» тобында астаналық «Аманат» пен «Cuman-Әлішер» және алматылық «СКА» 10 ұпайдан еншілеген. Бірі екіншісін ұтса, екіншісі үшіншісін жеңіп, үшіншісі біріншісін тізе бүктірген. Бұл жерде де доп айырмашылығын есептеу қажет болды да астаналық екі команданың бірі артық болып, жартылай финалға «Аманат» пен «СКА» жолдама алды.

Нағыз тартыс осы жерде басталды. Алдымен «Астана» спорт кешенінің паркетіне «Есіл» мен «СКА» шыққан. Аса қызықты өтіп, драмаға толы текетірестің негізгі уақыты тең аяқталды. Тек пенальтиде ғана «Есілдің» жолы болып, ақтық сынға шықты.


Екінші жартылай финалдық ойын да тартысқа толы болғанымен «Аманаттың» алғырлығы көрініп тұрды. Бірінші минуттан бастап тізгінді уыстарынан шығармаған Асхат Қожахметов бастаған жігіттер еш қиындықсыз 4:1 есебімен жеңіске жетті.

Үшінші орын. «Байұлының» шаршап қалғаны сезіліп тұрды. Алматылықтар салған жерден шабуылға лап қойып, ойын тағдырын бірден шешіп алғылары келді. Бірақ батыстан келген ұжымның қақпашысы мықты екен, алдына келген доптың барлығын қайтарып, қақпасына доп дарытқан жоқ. Бірақ қашанғы «супермен» бола берсін?! Қадалған жерлерінен қан алмай қоймайтын алматылықтар ақыры жеңіске жетіп, қола жүлдеге қол жеткізді.

Финал. Алаңда астаналық дерби – «Аманат» пен «Есіл». Екі команда да Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншыларымен жасақталған. Бірінде Павел Таку мен Александр Гребонос ойнаса, екіншісінде Николай Пенгрин ойқастап жүр. Сондай-ақ, бразилиялық Алекс те осы командада. Сонымен, алма-кезек шабуылдармен өрбіген матчта есепті бірінші болып «Есіл» ашты. Әріптесінің пасын ұтымды пайдаланған Ұлан Жақсылықов. Дегенмен, үзіліске дейін-ақ «Аманат» таразы басын теңестірді де, екінші тайм басталған бетте тағы бір гол соғып, алға шықты.

Уақыт сырғып барады. «Есіл» қорғанысты ұмытқан. Қалай да болса, есепті теңестіру қажет. Қақпашысын алып тастап, бес ойыншымен ойнауға көшті. Бесінші ойыншының рөлін Николай Пенгрин атқарып жүр. Кенет, Пенгрин бастаған шабуылды Алекс түйіндеп, таразы басын теңестіріп кетті. Есеп – 2:2, ойын аяқталды – тағы да пенальти. Пенальтидің лоторея екені рас қой. Мұнда жұлдыздардың өздері де жаңылысады. Алдымен Алекс қиыс тепсе, артынша Николай Пенгрин де мүлт кетті. Ал нүктеге соңғы болып жақындаған Павел Таку дәл орындап, «Аманатқа» чемпиондықты сыйлап берді. «Аманат» – YELEU CUP додасының екі дүркін чемпионы.


Финалдық кездесуден кейін турнирдің марапаттау рәсімі өтіп, үшінші орын иемденген СКА ойыншылары қола медальдар мен кубоктан бөлек, 150 мың теңгенің сертификатын жеңіп алды. Финалға дейін қарсылас шақ келтірмей, ақтық сында ғана сүрінген «Есіл» екінші орынды иеленіп, 200 мың теңгені қанжығаға байласа, екі дүркін чемпион атанған «Аманат» 500 мың теңге және әлем чемпионатының жолдамасын ұтып алды.

Үздік ойыншылар:

Үздік қақпашы – Дмитрий Козулькин («Аманат», Астана)

Үздік қорғаушы – Жандос Кенжеғалиев («Ярыш», Семей)

Үздік шабуылшы – Станислав Кононенко («СКА», Алматы)

Үздік ойыншы – Алекс («Есіл», Астана)    

Тізімге қайта оралу