|   |   |   |  YELEU CUP-2016. Чемпиондықтан алты команда үмітті

YELEU CUP-2016. Чемпиондықтан алты команда үмітті

YELEU CUP-2016. Чемпиондықтан алты команда үмітті
YELEU CUP додасының екінші күні өте тартысты болды

YELEU CUP додасының екінші күнгі ойындары өтіп, жартылай финалға шығатын үміткерлердің саны алтауға дейін қысқарды. Әзірге солардың тек біреуі ғана жартылай финал жолдамасын «қалтасына салып» қойған. Қалған үш орынға бес команда үмітті.

«А» тобында Астананың «Есілі» ешкімнің еңсесін көтертер емес. Қарсыластарының барлығын қоғадай жапырып келеді. Бірақ Ақтөбенің «Желкеніне» қарсы өткен ойын оңай болған жоқ. Егер бразилиялық «қара маржан» Алекс болмағанда ұтылып та қалуы мүмкін еді. Экс-«тұлпарлық» шабуылшы гол да соғып жатты, пас та шығарып тұрды. Бірақ «Желкенін» жайып алған «ақтөбеліктер» де қарап қалған жоқ. Қарымта шабуылдарды ұтымды ұйымдастырып, лайықты жауап қайтарып жатты. Соңғы минутқа дейін таблода 3:3 есебі тіркеліп тұрған. Алайда, «Есілдің» толассыз шабуылдарына төтеп бере алмай, Ермек Әбділбаевтың голын жіберіп қойды.

Осылайша «Есіл» 12 ұпаймен «А» тобында көш бастап тұр және жартылай финалдың жолдамасын қалтасына салып та қойды. Осы топтан екінші болып шығуға Ақтаудың «Байұлы» мен «Ынта» командалары үмітті. Бірінде 10, екіншісінде 7 ұпай. Сондықтан, «Байұлының» мүмкіндігі молырақ.


Чемпион ертең анықталады

«В» тобында Алматының «СКА» командасы мен Астананың «Cuman-Әлішері» 10 ұпайдан олжалаған. Ал өткен жылғы чемпион «Аманаттың» еншісінде 7 ұпай бар. Бүгін «Аманат» пен «Cuman-Әлішер» өзара кездесіп, былтырғы жеңімпаз 0:1 есебімен ұтылып қалды. Өз кезегінде «Cuman-Әлішер» де алматылықтарға 0:2 есебімен есе жіберді де топтық кезеңге тиесілі ойындарының барлығын өткеріп үлгерді. Ертең топтық кезеңнің соңғы турының аясында «Аманат» пен «СКА» кездеседі. Егер «Аманат» жеңіске жетсе, онда үшеуінің де еншісінде 10 ұпайдан болмақ. Міне, бар қызық сол кезде болады.

Ертең YELEU CUP додасының соңғы ойын күні. Қанат Елеуповті еске алуға арналған 15-ші турнирдің чемпионы кім болар екен?

Турнирдің ойындар кестесімен және нәтижелерімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

Тізімге қайта оралу