|   |   |   |  Әділбек Қамиев – "Тұран" командасы аспанда қалықтап жүрген бізді жерге бір-ақ түсірді

Әділбек Қамиев – "Тұран" командасы аспанда қалықтап жүрген бізді жерге бір-ақ түсірді

Әділбек Қамиев – "Тұран" командасы аспанда қалықтап жүрген бізді жерге бір-ақ түсірді
Әділбек Қамиев - Назарбаев Университеті-2 командасының көшбасшысы

Студенттер лигасында нағыз айқастар енді басталды. Енді бір турдан кейін біріншіліктің бірінші жартысы тәмамдалады дегенімен финалдық кезеңге берілер төрт жолдамадан бірден жеті команда үмітті. Солардың бірі – Назарбаев университетінің екінші командасы. Кезекті турдан кейін аталмыш ұжымның басты лидері Әділбек Қамиевпен сұхбаттасып, алдарына қойылған мақсаттарын білдік.

– Әділбек, соңғы ойындарыңызда Еуразия ұлттық университетінің командасын 5:2 есебімен жеңдіңіздер. Сол матч несімен есте қалды?

– Студенттер лигасының аутсайдері болғанымен бізге қарсы тыңғылықты дайындалып келіпті. Жеңіс оңай келген жоқ. Дегенмен, өз алаңымыздағы ойын болғандықтан, оның үстіне жанкүйерлеріміз залда лық толып отырғандықтан намысқа тырыстық. Бірақ, өзіміз де байқап жүрміз, ойынымыз әлі де соншалықты мықты емес. Енді-енді ғана бір-біріміздің ойынымызға үйренісіп келеміз. Бас кездерінде біраз ұпай жоғалтып қойдық қой. Енді соның барлығын қайтару керек.

– Өзара жаттығу өткізіп тұрасыздар ма?

– Бізде Университеттің ішкі біріншілігі бар. Аптасына бес рет өтеді. Соған қатысамыз. Одан бөлек, аптасына үш мәртеден жаттығу жұмыстарын жасап тұрамыз. Бірақ Студенттер лигасының деңгейі бөлек. Мұнда әр университеттің мықты командалары жиналған. Сондықтан, аздап қиындықтар болғаны рас. Алайда, ақырындап бабымызға келіп жатырмыз.

– Жалпы, Студенттер лигасында қай командаға қарсы өткен кездесу бәрінен қиын болды?

– Мойындауым керек, «Тұран-Астана» командасымен болған ойын бәрінен қиын болды. Өмірі естен кетпейтін шығар. Басында оп-оңай ұтып аламыз деп ойлағанбыз. Бірақ 1:5 есебімен өзіміз ойсырай жеңілдік. Аспанда қалықтап жүрген бізді олар әп-сәтте-ақ жерге түсірді.

– Ойындар кезінде көбіне қандай тактика қолданасыздар?

– Маған «Барселонаның» ойын мәнері ұнайды. Яғни, «тики-така», қысқа пастар. Дегенмен, футзалда аздап басқаша екен. Өзің ойлағандай бола бермейді. Соған қарамастан бәрібір қысқа пастар арқылы ойнауға тырысамыз.

– Назарбаев Университетінің бірінші кезекті білімге қатты көңіл бөлетінін білеміз. Екеуін қатар алып жүру қиын соғып жатқан жоқ па?

– Футбол оқуға кедергі келтіреді дейтіндер өздері доп теуіп көрмегендер болса керек. Бұл жалған. Керісінше спортпен шұғылданған адамның миы екі есе жылдам жұмыс жасап, тез шешім қабылдауға септігін тигізіп жатады. Оның үстіне, Назарбаев университетінде тек білімге ғана емес, спортқа да үлкен көңіл бөлінеді. Бізде спорт шеберлері аз емес.

– Жалпы, футболды қалай түсінесіз? Өміріңізді қаншалықты өзгерте алды?

– Футбол мен үшін жай ғана ойын емес, өмірімнің бір бөлшегі. Аптасына уақытымның 10 пайызын болса да футболға арнауға тырысамын. Өзім Сыр еліненмін. Қызылордада жүргенде де қолым сәл боса қалса, достарыммен бас қосып, жасыл алаңда доп тебуге тырысамын. Назарбаев Университетінде де футболға үлкен көңіл бөлінеді. Оның дәлелі – Студенттер лигасында осы оқу орнынан бір емес, екі команда қатысуда. Орайы келіп тұрғанда Университет басшылығына және осындай турнирді ұйымдастырып жатқан Астана футбол федерациясына алғыс білдіргім келеді.

– Сұхбатыңызға рахмет! Ендеше сәттілік тілейміз!

Тізімге қайта оралу