|   |   |   |  Әлем чемпионатының жолдамасы кімге бұйырады?

Әлем чемпионатының жолдамасы кімге бұйырады?

Әлем чемпионатының жолдамасы кімге бұйырады?
Yeleu cup мемориалы

Ертең елордамыздың «Астана» спорт кешенінде еліміздің ең танымал футзал турнирлерінің бірі YELEU CUP додасы басталады. Үш күнге созылатын турнирге барлығы 12 команда қатысып, жеңімпаз атанғаны келесі жылы Испанияда өтетін әуесқойлар арасындағы әлем чемпионатына аттанады.

Бүгін «Астана-Арена» стадионында доданың алқақотан жиыны өтіп, қай команданың қай топқа түскендігі анықталды. Айта кетейік, турнир жүйесі бойынша 12 команда алты-алтыдан екі топқа бөлінген. Топтық кезеңнің қорытындысы бойынша жартылай финалға шыққан төрт команда анықталып, бас жүлдеге таласты ары қарай жаластырады.

– 2002 жылдан бастау алған YELEU CUP додасы биыл 15-ші рет ұйымдастырылмақ. Бас кезінде отбасылық ойыннан басталған бұл турнир қазір халықаралық деңгейге дейін көтерілді. Астана футбол федерациясы, Қазақстан футбол федерациясы, Спорт және мәдениет министрлігімен ынтымақтастық орнатқан бізге бүгінде халықаралық ұйымдар да көз тіге бастады. Қазір KAFUSA Азия футзал қауымдастығымен серіктестік орнаттық. Мен сол қауымдастықтың Астана және Солтүстік Қазақстан өңірлеріндегі өкілімін. Ал биылғы YELEU CUP додасында жеңімпаз атанған команда келесі жылы Испанияның Льорет-де-Мар қаласында өтетін әуесқойлар арасындағы әлем біріншілігіне қатысады. Биыл дүниежүзілік додаға Қазақстан атынан YELEU CUP турнирінің өткен жылғы чемпионы Астананың «Аманат» командасы қатысады, - деді YELEU CUP додасының басты ұйымдастырушысы Мұрат Елеупов. 

Қанат Елеупов мемориалының жеребе тарту рәсімі

Одан кейін командалар жеребенің нәтижесі бойынша екі топқа бөлініп, әрқайсысының қарсыластары анықталды. Ертең турнир Ақтау қаласының дербиімен басталмақ. Сағат 10:0-де «Астана» спорт кешенінің паркетіне мұнайшылар өлкесінің «Байұлы» және «Ынта» командалары шығады.

Айпақшы, турнирге қатысуға ниет білдіріп жатқан командалардың көптігіне байланысты келесі жылдан бастап YELEU CUP додасына 16 команда қатысатын болып шешілді.

Айта кетейік, турнир 2001 жылы 29 жасында жол көлік апатынан қаза болған Қанат Елеуповтің құрметіне 2002 жылдан бері орай өткізіліп тұрады. Қанат Елеупов – елімізге белгілі меценат болған және көптеген жауапты қызметтер атқарған. Футболдан бөлек, баскетбол, волейбол, бильярд, саяткерлікпен айналысқан.

Ғалым Кенжалинов, турнирдің бас төрешісі:

– YELEU CUP додасының деңгейі жыл өткен сайын артып келеді. Кейбір командалар сапында футзалдан Қазақстан чемпионатында өнер көрсететін кәсіпқой ойыншылар да бар. Бас жүлдеге 500 мың теңге берілсе, 2-орын иегері 200 мың теңгеге ие болады. 3-орынға қол жеткізген команда 150 мың теңгені қанжығасына байламақ. Негізі турнир 12 команда арасында өтеді. Бірақ қатысайық деп өтініш білдіріп жатқандар өте көп. Сондықтан, келесі жылдан бастап командалар саны 16-ға дейін артады.


YELEU CUP додасының толық ойындар кестесі кейінірек жарияланады.

Тізімге қайта оралу