Главная страница
 |   |   |   |   |  Вильдам НАСИБУЛЛИН – Қазіргі кезде танысың болмаса, Екінші лиганың командасына өту де қиын

Вильдам НАСИБУЛЛИН – Қазіргі кезде танысың болмаса, Екінші лиганың командасына өту де қиын

Вильдам НАСИБУЛЛИН – Қазіргі кезде танысың болмаса, Екінші лиганың командасына өту де қиын
Вильдам НАСИБУЛЛИН – Қазіргі кезде танысың болмаса, Екінші лиганың командасына өту де қиын

Семей қаласында тұратын Вильдам Насибуллин әр апта сайын Астанаға келіп, «Арт Принт» сапында қала біріншілігінде доп теуіп жүр. Жай ғана теуіп жүрген жоқ, әр соққысы голға айналатын шабуылшы қатарынан екінші маусым Елорда біріншілігінде үздік сұрмерген атағына қол жеткізіп отыр.

– Бұның барлығы командаластарымның арқасы. Олар пас шығарып тұрады. Менің міндетім – оларды голға айналдыру, - дейді бұл туралы сұрмергеннің өзі.

– Жалпы, Астана біріншілігінің биылғы деңгейіне қандай баға бересіз?

– Биыл маусым тартысты өтті. Чемпион ерте анықталып қойғанымен екінші орынға талас соңына дейін жалғасты. Тіпті, біздің өзіміздің соңғы турдағы тағдырымыз бұлыңғыр еді. Ұтылып қалсақ, төртінші орын. Тең түссек, үшінші орын. Жеңсек, екінші орын. Яғни, бәсекелестік қатты болды. Дегенмен, «Арт Принт» вице-чемпиондыққа лайық болды.

– Семейде де футбол ойнап тұратын шығарсыз. Ол жақтың біріншілігі жайлы айтып берсеңіз.

– Иә, біздің қаламыздың да өз әуесқой біріншілігі бар. Командалар саны Астанадағыдай көп емес. Сегіз команда жиналады. Чемпиондыққа тұрақты таласатын төрт-бес жақсы ұжым бар. Спорт мектебінің де жеткіншектері ойнайды. Әйтеуір, қызық.

– Ендеше Астана мен Семей қалаларындағы біріншіліктерді салыстырып өтсеңіз.

– Мұнда чемпионаттың деңгейі жоғарырақ.

– Несі жоғары?

– Мәселен, ойыншыларды алайық. Кезінде кәсіпқой деңгейде доп тепкендер өте көп. Бірінші лига емес, тіпті Премьер-лигада да ойнағандар аз емес. Әр ойын тартысты.

– Бірақ, соған қарамастан 25 гол соқтыңыз...

– Енді мен жалғыз өзім ойнамаймын ғой. Командада менен бөлек, басқа да жігіттер бар. Олардың да еңбектері бар.

– Жарайды, ендеше деңгейі жоғары Астана біріншілігінде 25 гол соғып жүрсеңіз, Семей чемпионатында қанша гол соғасыз?

– Ол жақта команда аз, сәйкесінше ойын да көп емес қой. Алайда, біраз голдар соғамын.

– Әр апта сайын Семейден Астанаға келіп тұру қиын емес пе?

– Жоқ, еш қиын емес. Әлбетте, жол ұзақ. Дегенмен, жоғары деңгейдегі футбол атмосферасын сезіну үшін апта сайын Астанаға келуден шаршамаймын. Қазір мен үшін Семей мен Астана арасы Семей мен Өскемен арасы сияқты болып қалды.

– Әлі де жассыз. Кәсіпқой деңгейде доп теуіп көргіңіз келмеді ме?

– Иә, келіссөздер жүргізгенмін. Дегенмен, қазіргі кезде Бірінші емес, Екінші лиганың өзіне жақсы таныс болмаса, өте алмайсың. Бір жақсы адамың немесе агентің болуы керек.

– Мұндай адамыңыз жоқ қой?

– Әзірге жоқ.

– Ал жасыңыз нешеде?

– 24-темін.

– Әлі де үміт бар екен ғой.

– Иә, тырысып жатырмыз.

– Ал жалпы немен айналысасыз?

– Отбасылымын. Кішкентай ұлым бар. Семейде жұмыс жасаймын. Алайда, футболдан жақсы варианттар болса, кәсіпқой деңгейде ойнауға не жетсін?..


Возврат к списку