Главная страница
 |   |   |   |   |  Астана біріншілігі. Қысқы маусым басталды

Астана біріншілігі. Қысқы маусым басталды

Астана біріншілігі. Қысқы маусым басталды
Астана біріншілігі. Қысқы маусым басталды

Бүгін футболдан әуесқойлар арасындағы Астана біріншілігінің қысқы маусымы басталды. Бірінші турдың аясында бес ойын өтіп, алғашқы үш ұпайдың иегерлері де анықталды.

Маусымның шымылдығын «Бірінші Президент қоры» мен «Қазаэронавигация» ашты. Тек қысқы маусымға ғана қатысатын «Навигация» жігіттері үлкен футболды сағынып қалған сияқты, кездесуді бірден қарқынды бастап, 10-шы минутта-ақ «Фонд ПП» қақпасына екі гол соқты. Алайда, тәжірибенің аздығы ма, әлде расымен де қарсыласының шеберлігі басым болды ма, үш баллың былай тұрсын, бір ұпайға да қол жеткізе алмады. Қорытынды есеп – 3:2, алғашқы үш ұпай Дидар Сыдықбек бастаған «Бірінші Президент қорының» еншісінде.

Ең ірі жеңіс №8 БЖСМОР еншісінде. «Целиноградпен» кездескен спорт мектебінің өкілдері қарсыласының қақпасына жауапсыз 12 гол соқты. Бірінші таймда-ақ 7 гол соғып алған «№8 БЖСМОР» үзілістен кейін Александр Черников командасын тағы бес рет қапы қалдырды. Бір қызығы, голдардың тең жартысы шабуылшы Асқат Баймулдаевтың еншісінде.

Сондай-ақ, маусымдағы алғашқы жеңістеріне «Астана-2000» мен «Зенит» командалары да қол жеткізді. Алғашқылары біріншіліктің басты аутсайдері «Викторияны» 5:1 есебімен ойсырата ұтса, «Зенит» тартысты өткен матчта «Астана сити» футболшыларын 4:2 есебімен тізерлетті. Бірінші таймда Илья Меланич шәкірттері тамаша ойнап, үш гол басымдығымен алға шыққан. Екінші таймның ортасында бас төреші Ғалымжан Кенжалинов «Астана ситидің» бір ойыншысын алаңнан қуып, жасыл жейделілердің жағдайы мүлдем қиындады. Бірақ, еңселерін түсірген жоқ. Алдымен 62-ші минутта Джаба Джамаришвили бір гол соқса, араға жеті минут салып Саян Мұқанов «Зенит» қақпасына тағы бір доп тоғытты. Енді бір ышқынса, кем құраммен-ақ есепті теңестіріп кетейін деп тұр. Алайда, «Зенит» жігіттері дер кезінде естеріп жиып, Ербол Изекенов төртінші голды соқты.

Ал «Эверест» пен «Астана-2001» тең ойнады. Екі тарап та бір-біріне лайық қарсыластар екен. «Әткеншек режимінде» өткен ойыннан екі жақ та бір-бір ұпайдан алды.

Астана әуесқой біріншілігінің турнир кестесімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

Возврат к списку