Главная страница
 |   |   |   |  Қазақстан құрамасының экс-ойыншылары әуесқойлар арасындағы Астана чемпионы атанды

Қазақстан құрамасының экс-ойыншылары әуесқойлар арасындағы Астана чемпионы атанды

Қазақстан құрамасының экс-ойыншылары әуесқойлар арасындағы Астана чемпионы атанды
"Достар" – Астана қаласының екі дүркін чемпионы

Әуесқойлар арасындағы Астана біріншілігінің аяқталуына бір тур қалғанда Қала чемпионы белгілі болды. Кеше «Астана-Аренада» «Әулие-Атаны» 2:0 есебімен жеңген «Достар» елорданың екі дүркін чемпионы атанды.

«Әулие-Ата» командасы – «Достардың» биылғы басты бәсекелесі. Қала чемпионының тағдыры осы екі команда арасындағы кездесуде шешілуі тиіс болған. Сондықтан, ұйымдастырушылар бұл ойынды арнайы «Астана-Аренада» өткізуді ұйғарды. Бірінші таймда екі команда да гол соғуға тырысып, басты акцентті шабуылға қойғанымен таблода сол күйі есеп ашылған жоқ.

Ал үзілістен кейін Әділ Шанабаев шәкірттері қарқындарын үдетті. Ойынның 51-ші минутында есепті Қазақстан ұлттық құрамасының экс-жартылай қорғаушысы Максим Азовский ашса, араға 11 минут салып Денис Прокопенко есепті 2:0-ге жеткізді.

Бұл гол «Әулие-Ата» футболшыларының жігерлерін құм сепкендей басып, оңтүстіктің командасы ойын тағдырын сол күйі өзгерте алмады.

– Өте қуаныштымыз. «Әулие-Ата» бізге әжептеуір қарсылық көрсетті. Жалпы, жақсы командалар өте көп болды. Әсіресе біріншіліктің екінші кезеңі тартысты да, қызықты өтті. Бұл Астана әуесқой біріншілігінің деңгейі өсіп келе жатыр деген сөз. Өзімізге келер болсақ, келесі жылы әуесқойлар арасындағы әлем чемпионатына қатысуды көздейміз, - деді «Достардың» капитаны Тухан Хамхоев.

Айта кетейік, бұл «Достардың» елорда біріншілігіндегі екінші чемпиондығы. Бұған дейін Әділ Шанабаев шәкірттері 2017 жылғы қысқы біріншілікті де жеңіп алған. Команда сапында Қазақстан ұлттық құрамасының экс-ойыншылары Мұрат Тілешев, Егор Азовский, Максим Азовский ойнайды. Сондай-ақ, қыста «Достарда» Санат Жұмаханов пен Антон Чичулин де доп тепкен.

Астана әуесқой біріншілігінің турнир кестесі мына сілтемеде.

Тізімге қайта оралу