Главная страница
 |   |   |   |  Cәбит ТҰРСЫМБАЕВ – Астана біріншілігінде әлсіз командалар көбейіп кетті

Cәбит ТҰРСЫМБАЕВ – Астана біріншілігінде әлсіз командалар көбейіп кетті

Cәбит ТҰРСЫМБАЕВ – Астана біріншілігінде әлсіз командалар көбейіп кетті
Cәбит ТҰРСЫМБАЕВ – Астана біріншілігінде әлсіз командалар көбейіп кетті

Өткен сенбі күні «Тарлан-Арена» стадионында қала біріншілігінің аясында «Әулие-Ата» мен «Виктория» кездесті.

Кездесудің басталғаны жаңа ғана сияқты еді, «әулие-аталықтар» сапындағы жартылай қорғаушы Сәбит Тұрсымбаев ойынды жалғастырғысы келмей, алаңнан шығып кетті. Артынан футболшының өзімен сөйлесіп, соның себебін сұрап көрген едік.

– Мұндай ойындар мен үшін қызық емес. «Виктория», «Лидер» сынды командаларға қарсы бір аяқпен ойнайсың. Оның несі қызық? Өзіңмен тең командаларға қарсы ойнаған дұрыс. Сондықтан, ойын басында-ақ алаңнан шығып кеттім. Жалпы, биылғы маусым былтырғыға қарағанда аса қызық емес. Әлсіз командалар көбейіп кетті.

– Қызықты болу үшін не істеу керек?

– Меніңше Астана біріншілігін екі лигаға бөлетін уақыт жеткен сияқты. Мәселен, «Виктория», «Лидер», «Астана-2000» сынды командаларға қарсы аса қатты құлшыныспен ойнамайсың. Оларды Бірінші лигаға жіберген дұрыс. Ал Супер-лигада нағыз лайықтылар ойнасын.

– Ал қай командаларға қарсы доп тепкен қызық?

– Өзіме «Достар», «Зенит», «Бірінші Президент фонды», «Арт Принт» «№8 СДЮСШОР» сынды командаларға қарсы ойнаған ұнайды. Өйткені, деңгейіміз шамалас. Барыңды салып ойнайсың. Осылардың ішінде «Достар» мен «Зенит», тіпті Қазақстанның Екінші лигасында ойнай алады. Бізге де жақсы 2-3 ойыншы керек. Сонда біз де республикалық аренаға шыға аламыз.

– Жалпы, биыл «Әулие-Атаның» алдына қойып отырған мақсаты қандай?

– Жүлделі орындардан көріну. Әзірге жоспарымыз ақырындап жүзеге асып келеді.

– Өз мақсатың қандай?

– Менің мақсатым – команданың мақсаты үндес. Сұрмерген, үздік шабуылшы болуды көздемеймін. Тек командам жоғары орындардан көрінсе болғаны.

– Ал «Достарға» биыл қарсылас бар ма?

– Жоқ, өкінішке қарай, жоқ. «Достар» биыл да чемпион болатын шығар. «Зенит» қарсылық көрсете алатын шығар деп ойлап едім. Олар да екі-үш ойынын сәтсіз өткізіп, маңызды ұпайларын жоғалтып алды.

– Сіздер ше? «Әулие-Ата» «Достарға» қарсылас бола алмай ма?

– Өкінішке қарай, біз де маңызды ұпайларымызды жоғалтып алдық та, «Достарды» тым алыстатып алдық. Енді біздің басты бәсекелестеріміз – «Зенит», «Арт Принт» және «Бірінші Президент фонды».

Тізімге қайта оралу