|   |   |   |  Серік Елубаев: Кәсіпқой футболдан шаршағандығымнан кеттім

Серік Елубаев: Кәсіпқой футболдан шаршағандығымнан кеттім

Серік Елубаев: Кәсіпқой футболдан шаршағандығымнан кеттім
Серік Елубаев (Зенит)

«Зенит» сапында қысқы маусымның үздік қақпашысы атанған Серік sportsffa.kz порталына сұхбат беріп, неліктен кәсіпқой футболдан ерте кеткені жайлы айтып берді.

Бір жылдың ішінде адам өмірі түбегейлі өзгеріп кететіні рас қой. Былтыр ғана кәсіпқой деңгейде Бірінші лигада футбол ойнап, «Екібастұз» қақпасын қорғаған Серік Елубаев бүгінде Астана біріншілігінде әуесқой деңгейде доп теуіп жүр. 

- Серік, сіз биыл Астана қаласының біріншілігінде «Зенит» әуесқой командасында өнер көрсетіп, турнирдің үздік қақпашысы атандыңыз. Ал сіздің командаңыз бірінші орында келе жатып, соңында мүлдем жүлдесіз қалды? Жалпы биылғы маусымға қандай баға бересіз?

– Шынымды айтсам, үздік қақпашы атанамын деп ойламадым. Мен үшін күтпеген тосын сый болды. Өйткені, командамыз небәрі 4-орыннан көрінді. Рас, басында жақсы бастадық. Жолымыз болып, біріншіліктің бірінші жартысын бірінші орында аяқтадық. Жақсы нәтижелер көрсеттік. Алайда, соңына қарай жеңудің сәті түспей, төртінші орынды қанағат еттік.

– Бар мәселе сәтсіздікте ме?
– Кінә өзімізде. Жүгіру керек жерде тоқтап қалдық, тартысу қажет кезде тартынып қалдық. Мүмкін жеңімпаздарға тән мінез көрсете алмаған шығармыз. Дегенмен, бірінші рет қатысып отырған команда үшін кешірімді деп ойлаймын. Келесі турнирге дейін қателіктермен жұмыс жасап, жаңа маусымда чемпион атанамыз деп үміттенемін.

- Қайсы командаға қарсы тұру қиындау болды?

- Бәріміз де алаңға жеңеміз деген үмітпен шығамыз ғой. Әрине, әрбір команда өз алдына бөлек, өзінше қызықты, қиынырақ болады. Алайда, мен «Астана-1964» пен «Школьникті» ерекше айтар едім. Олардың ойнау тәсілін бақыладым. Мықты, жетілген командалар.


Серік Елубаев Астана біріншілігінің үздік қақпашысы

- Бір жыл бұрын «Екібастұз» құрамында едіңіз. Алайда, бірінші айналымнан кейін клубтан кетіп, қалдыңыз. Соның себебі неде?

- Қалай айтсам екен... Оның себебі көп. Шынымды айтсам шаршадым. Бірінші лигада ойнағым келмеді. Ендігіде болашақтың қамын жасап, отбасы жайлы да ойлау керек. Қазір Астанада тұрамын. Маған «Зенитте» ойнаған ұнайды. Команда сенімін ақтауға тырысамын.

- Серік, байқаймыз, Қазақстанда көптеген қақпашылар футболдағы карьерасын ерте аяқтайды. Сіздің ойыңызша осының себебі не?

- Ерте деп айтпаушы едім. Себебі 30-35 жасқа дейін қақпашы болып ойнағандар бар. Рас, 25 жасында-ақ бұл кәсіппен қоштасатындары да аз емес. Менің ойымша, көпшілігі денсаулығына байланысты ерте аяқтайды. Сондай-ақ, қақпадағы бәсекелестіктің зор екенін де ұмытпаған жөн. Алаңдағы ойыншылар 10, ал қақпашы жалғыз. Сол жалғыз орынға таласатын қақпашы көп. Ол да бір себеп.

- Ал қазір сізге кәсіпқой клубтардан ұсыныстар түсіп жатқан жоқ па?

- Ұсыныстар бар, бірақ ол жайлы қазір ашып айтпай-ақ қояйын. Мен амбициясы жоғары, мақсаты асқақ командада ойнағым келеді. Егер сондай клубтардан ұсыныстар түсер болса, онда қарастыруға дайынмын. Ал алдында ешқандай мақсаты жоқ командаға барғым келмейді.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Тізімге қайта оралу