|   |   |   |  Тухан Хамхоев: Жарақатымның кесірінен кәсіпқой футболды ерте аяқтадым

Тухан Хамхоев: Жарақатымның кесірінен кәсіпқой футболды ерте аяқтадым

Тухан Хамхоев: Жарақатымның кесірінен кәсіпқой футболды ерте аяқтадым
Тухан Хамхоев (Достар)

Биыл Астана біріншілігінің қысқы маусымында күміспен күптелген «Достар» командасының моторы Тухан Хамхоев болды. Жігіттерін жігерлендіріп, үнемі жеңіске жетелеп отыратын капитан турнир аяқталған соң үздік жартылай қорғаушы номинациясын да жеңіп алды. Кейін порталымызға сұхбат берген ол «Достар» командасы туралы толық айтып беріп, өзінің кәсіпқой футболдағы карьерасы жөнінде әңгімеледі.

- Тухан, биыл «Достар» командасына Астана біріншілігінде бас жүлдені жеңіп алуға екі ұпай жетпей қалды. Соңғы ойында «Астана-1964»-ті жеңгендеріңізде чемпион болатын едіңіздер...

- Сол ойын әлі көз алдымда. Бірінші таймда бізге өте қиын болды, бірақ қақпамызға гол жіберіп алғаннан кейін жиналып, өз мінезімізді көрсеттік деп ойлаймын. Кішкене сәттілік жетіспеді, дегенмен бұл футбол. Қарсыласты құрметтеу керек. Ойын өте ұнады, финалға бергісіз ойын болған сияқты. Эмоция да, керемет ойын да болды. Әлі талай уақыт еске алып жүретін матч еді.

- Маусымның басында шабуылда ойнаған едіңіз. Кейін орталық шепке ауысып, соңында турнирдің үздік жартылай қорғаушысы атандыңыз. Жалпы, шеп ауыстыруыңызға не себеп болды?

- Мен негізі амплуа бойынша шабуылшымын. Ақылдаса келе бапкеріміз мені сәл артта ойната бастады. Себебі шабуылдарды бастап тұратын ойыншы керек болды.

- «Достарда» ойнап жүргеніңізге көп болды ма?

- Биыл төртінші жыл. Құрылғанынан бастап осы командадамын десем де болады.

- Кәсіби деңгейде Көкшетаудың «Есіл», «Алматы», «Астана» клубтарының қатарында ойнадыңыз. Бірақ «Астанадан» сол кездегі бас бапкер Александр Ирхинмен келіспеушілік болып кетіп қалды дейді. Сол рас па?

- Негізінде ол кезде жарақатым бар болатын. Шыны керек, әлі де сол ескі жарақатыммен күресіп келемін. Соңғы 16 жыл бойы мазалап жүр. Сондықтан кәсіби мансабымды ерте аяқтауға тура келді. Ал бапкермен мүлдем ешқандай келіспеушілік болған жоқ. Өзім дайын емес болған шығармын немесе жарақаттарым кедергі болды.

- Сол кездері «Астана» сапында жергілікті футбол түлектері көп болушы еді. Давид Лория, ағайынды Азовскийлер, Максим Жалмагамбетов, Антон Чичулин, Максим Казначеев, Сіз, Игорь Павлюк... Қазіргі кезде дублерлердің негізгі құрамға кіре алмай жүргенінің себебі неде деп ойлайсыз?

- «Астананы» айтатын болсақ ол кезде сонымен қатар бүгін бізге қарсы ойнаған Қуаныш Абдуалиев те болған. Қазір «Астананың» мақсаттары жоғарылады, еурокубокта ойнап жүр олар. Сондықтан мықты легионерлер барда негізгі құрамға кіру өте қиын. Дегенмен Исламбек Қуат сынды дарынды ойыншылар да бар. Жастарды дайындау керек. Әркімде өз мүмкіндігі болады деп сенем. Меніңше уақыт өте келе инфрақұрылым мен клубтың жаңа деңгейге өтуінің арқасында қаламыздан жаңа таланттарды табамыз деп ойлаймын.

- Тухан, сұхбатыңызға рахмет. Жарақатыңыздан айығып кетуге тілектеспіз!

Тізімге қайта оралу