|   |   |   |  Эмиль Алиев: Кәсіпқой футболды ерте аяқтағаныма өкінемін

Эмиль Алиев: Кәсіпқой футболды ерте аяқтағаныма өкінемін

Эмиль Алиев: Кәсіпқой футболды ерте аяқтағаныма өкінемін
Эмиль Алиев

Эмиль Алиев – бір кездері болашағынан мол үміт күттірген футболшы еді. «Астана» командасында доп тепті, Көкшетаудың «Оқжетпесінде» ойнады. Одан кейін елорданың «Бәйтерегінде» доп тепті.

Алайда, 2013 жылғы футбол маусымынан кейін күтпеген жерден кәсіпқой футболмен қош айтысты. Бүгінде Астана қаласының біріншілігінде өнер көрсететін «Наша Кампания» командасының намысын қорғап жүр.

– Мен ең алдымен «Астанада» ойнадым. Уақыт өте «Оқжетпеске»  келдім. Дегенмен, жаттықтырушылар алқасы сенбеді ме, алаңға аз шығып жүрдім. Футболшы ретінде ләззат ала алмадым, - деп бастады Эмиль – Кейіннен «Бәйтеректен» ұсыныс түсті. Қателеспесем, 2013 жыл болатын. Бірінші лигада доп теуіп жүрдім. Бірақ сол командадан кейін кәсіби футболға оралмадым. Әрине, өкініш бар. Әлі біраз жыл жоғарғы деңгейде футбол ойнай алатын шамам бар еді. Кәсіпқой футболды ерте аяқтадым. Алайда бұл – өмір. Алға қарай ұмтылу керек. Футболда сәті түспесе, басқа істе жолым болар.

– Сонда бүгінде немен айналысудасыз?     

– Жеке кәсібім бар. Құрылыс техникаларын жалға берумен айналысамын. Жалпы жаман емес, ісімізді әрі қарай жетілдіруге ұмтылып жүрген жайымыз бар.

– Бірақ, доп теуіп тұрасыз ғой?

– Онсыз бола ма? Кәсіби футболмен қоштасқалы бері «Наша Кампания» командасындамын. Екі жарым жылдай болып қалды-ау деймін, осы командаға сіңісіп кеттім. Астана футбол федерациясы ұйымдастырған турнирлерге қатысып тұрамыз. Бірақ, биылғы қысқы біріншілікте жолымыз болмады. Бар болғаны, 5-орыннан көріндік.

– Айтпақшы, біріншілік басында «Наша Кампания» фавориттердің бірі болатын. Жүлделі орындарға енбей қалуларыңыздың себебін қалай түсіндіресіз?

– Білесіз бе, футболда кез-келген ұсақ түйек нәрсенің бәрі де ойынға үлкен әсер береді. Жұлдыздар, көшбасшылар бір бөлек, оған қоса команда құрамы да үлкен мәнге ие. Маусымды бірге бастаған жігіттер кейіннен басқа командаларға ауысып кетті. Ол да әсер еткен шығар. Кей жерде ойынға төселе алмай қателіктер жібердік. Сонда да аянып қалған жоқпыз. Лайықты ойын көрсеттік деп ойлаймын.

– Осы біріншілікте 17 гол соғып, турнирдің үздік сұрмергені атандыңыз. Сол голдардың қайсысын көбірек еске аласыз? Қайсысы маңызды болды?

– Қысқы маусым қызығы мен шыжығы қатар жүрген матчтарға толы болды. Өзім «Зенитке» қарсы ойынды қуанышпен еске аламын. 1:2 есебімен жеңіліп бара жатқанда, соңғы минутта мен тепкен доп қақпадан дәл табылып, есепті теңестірген болатынбыз. Сол допты командама өте қажет, әрі ең шешуші гол болды деп ойлаймын.

– Ал, ең әдемі гол қайсысы?

– Әдемісі? «Астана-98» командасымен болған матч есіме түсіп отыр.  Қарсыластар қақпасына шамасы, 30 метрдей қашықтықтан допты дәл соқтым. Көбінесе осылай қиындықпен келген голдар ойыма бірден оралады.

– Біріншіліктің бірінші кезеңінде 16 гол соғып, екінші жартысында бір-ақ голмен шектеліпсіз. Себебі неде?

– Бірінші айналымда командалар босаңсып жүрді ме, әлде аса қатты күш сала қоймады ма, гол соғу қиын болған  жоқ. Екінші айналымда бәріне де жеңіс керек болғандықтан қимыл, тартыс, қысым күшейе түсті. Содан да болар, бастапқыдағыдай нәтиже көрсете алмадым.

– Енді алда жазғы маусым...

– Күтіп жүрміз. Жазғы маусымда барымызды салып, бас жүлдеге таласамыз деген ойдамын. Қыста жіберген есемізді енді жазда қайтарамыз.

– Сұхбатыңызға рахмет! Сәттілік!

Тізімге қайта оралу