|   |   |   |  Данияр Абдуллаев: "Астана-1964" командасының шығыны көп, бірақ ләззаты ерекше

Данияр Абдуллаев: "Астана-1964" командасының шығыны көп, бірақ ләззаты ерекше

Данияр Абдуллаев: "Астана-1964" командасының шығыны көп, бірақ ләззаты ерекше
Доппен Данияр Абдуллаев

Бір кездері еліміздің алпауыт клубтарының бірі болған «Астана-1964» командасына бүгінде қарапайым кәсіпкер Данияр Абдуллаев жетекшілік етеді. Sportsffa.kz сайтына сұхбат берген меценат командаға демеушілік етудің қаншалықты қиын екенін айтып беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.

– Данияр, «Астана-1964» командасына демеушілік жасау Сіз сынды кәсіпкер үшін не береді? Несімен қызық?

– Қай тұрғысынан алғанда? Мәселен, жеке бас пайдасына келер болсақ, бұл команда маған бір тиын да бермейді. Шығыны болмаса, пайдасы жоқ. Тек футболды жақсы көргеннен, осы клубтың тарихын құрметтегеннен демеушілік етемін. Аптасына бір рет стадионға келіп, өз командама жанкүйер болудан адреналин аламын. Ұтылса күйініп, ұтса сүйініп қайтамын. Осы аралықта команданы жақсы көріп үлгердім.

– Ара-тұра өзіңіз де алаңға шығып тұрасыз ғой...

– Иә. Алайда, тек қажет болсам ғана. Демеуші екенмін деп барлық ойында бас-көз жоқ алаңға ұмтыла бермеймін. Кімнің негізгі құрамда ойнайтынын, кімнің қосалқы құрамда қалатынын жігіттердің өздері бірлесіп шешеді. Оның үстіне, ойыншыларды алаңға бастап шығатын капитан бар. Биыл Астана біріншілігінің қысқы маусымында кей матчтарда алаңға шықтым. Жартылай қорғаушы, шабуылшы шептерінде ойнадым. Сонда көз жеткізгенім, алаңда да, алаң жиегінде де біздің команда өте тату.

– Жалпы, биылғы қысқы біріншілікте «Астана-1964» үшін қай ойындар қиын болды?

– Өте ауыр маусым болды. Бұрын бірді-екілі командалар ғана чемпиондыққа таласушы еді ғой. Биыл бес клубтың бас жүлдеден дәмесі болды. Соңғы минуттарға дейін бірінші орынды кімнің жеңіп алатыны белгісіз болды. Әсіресе соңғы ойын қатты есте қалды. Қазір ойлап қарасам, ойын толығымен «Достардың» басымдығымен өтіпті. Соңғы минутта жолымыз болды. Егер сол кезде қарсыластарымыз пенальтиді соғып кеткенде, онда екінші орынды қанағат қылып қайтар едік.

– Биыл Қазақстанның Екінші лигасына қатысу туралы жоспарларыңыз бар ма?

– Біз Екінші лигаға былтыр қатысқанбыз. Жеңімпаз атанып, Бірінші лиганың жолдамасын жеңіп алған болатынбыз. Өкінішке қарай, қаржы тапшылығына байланысты жоғары өрлей алмадық. Биыл әлі нақты шешкен жоқпыз. Әйтеуір, қатысу туралы ойымыз бар. Қазір Федерация тарапынан турнирдің Регламентін күтіп жатырмыз. Әртүрлі алып-қашпа әңгімелерден биыл Екінші лига аймақтық болады деп жатыр ғой. Кейбіреулер керісінше Екінші лига ойындары да үйде және түзде жүйесімен біріншілік тәрізді ұйымдастырылатынын айтып жатыр. Әлбетте, қаржы жағынан шамамыз жетіп жатса, неге қатыспасқа?!

– Өзіңіз немен айналысасыз? Негізгі кәсібіңіз қандай?

– Астана қаласындағы жол құрылысы саласындамыз. Елордамыздың жолдарын жөндеумен айналысамыз. Фирманың коммерциялық директорымын.

– Сұхбатыңызға көп рахмет!

Тізімге қайта оралу