|   |   |   |  Әнуар Төкенов: Бәлкім, мен мықты футболшы болмаған шығармын...

Әнуар Төкенов: Бәлкім, мен мықты футболшы болмаған шығармын...

Әнуар Төкенов: Бәлкім, мен мықты футболшы болмаған шығармын...
Ануар Төкенов (Школьник)

Футболдан жақында ғана мәресіне жеткен Астана біріншілігінде үздік қорғаушы атанған "Школьник" ойыншысы Әнуар Төкенов sportsffa.kz сайтына сұхбат беріп, өзінің кәсіпқой футболдағы дәуренін еске алды.

- Әнуар, бірінші ретте, Астана біріншілігінің «үздік қорғаушысы» атануыңызбен құттықтаймын! Қысқы маусымды да аяқтадыңыздар. Турнирде есте қалған қызықты сәттермен бөліссеңіз.

– Көп рахмет! Маусымға қатысқан командалардың қай-қайсысының болмасын, дайындықтары жақсы болды. Кездесулер барысында олардың оңайлықпен жеңісті қолдан бермейтінін, құлшыныстары зор екенін байқадық. Солардың ішінде «Достар», «Астана-1964» командаларымен болған ойындар бізге өте қиын болды. Бірінші орынды жеңе алмағынымыз өкінішті. Алайда, біз бұл біріншілікке бірінші рет қатысып отырмыз. Сондықтан, үшінші орыннан көрінуіміздің өзі аз жетістік емес деп ойлаймын.

– Сіздің ойыңызша, осы біріншілікте тағы кімдер «Үздік қорғаушы» атағына лайық болды?

– Өзім Максим Жалмагамбетовті таңдар едім. Әлі де тың, әлі де бабында. Биыл да жақсы ойын көрсетті. Жалпы біздің командадағы жігіттердің бәрі мықты, бәрі үздік ойыншы номинациясына лайық.

- «Школьниктің» мақсаты зор, амбициясы биік, бақуатты команда екенін байқадық. Биыл Қазақстанның Екінші лигасында бақ сынап көруді жоспарламайсыздар ба?

- Дәл қазір ол жағын кесіп айта алмаймын. Бәрі де басшылықтың шешіміне байланысты. Әлбетте, орайы келіп жатса, неге бақ сынамасқа? Бәрі де сондай турнирлерден басталады ғой.


Әнуар Төкенов – Астана біріншілігінің үздік қорғаушысы

- Кезінде 17 жасыңызда Қазақстанның жасөспімірдер құрамысында ойнаған едіңіз. Сол кездерді бүгінде жиі есіңізге алып тұратын шығарсыз?

- Иә, жастайымнан футболға қызығып өстім. Сол кездерде жасөспірімдер құрамасына шақырту аламын деген ойым болған жоқ. Тек өзіміз үшін беріліп футбол ойнайтынбыз. Жақсы ойыншы деп білсе керек, жастар құрамасына шақырды.

- Білуімізше, «Шахтер», «Астана», «Оқжетпес», «Астана-1964» сынды еліміздің бірнеше клубтарында ойын көрсеткенсіз. Қай команда сізге көбірек ұнайды?

- Көбірек дейсіз бе? Есімде жақсы сақталғаны Көкшетаудағы кездер екен. «Оқжетпесте» екі ойын өткіздім. Команда ұжымы тату, әрі белсенді болатын. Содан болар, ол жақтан ойымда тек жақсы естеліктер қалыпты.

- Кәсіпқой футболды неге ерте аяқтадыңыз?

- Мүмкін мен мықты футболшы болмаған шығармын... Мүмкін кәсіби футболды жалғастыру маңдайыма жазылмаған шығар (күліп). Әйтеуір, тағдырдың жазуымен кәспқой футболды ерте аяқтадым.

- Ал футболдан бөлек жұмысыңыз бар ма?

- Жеке кәсіппен айналысамын. Қолым босағанда әрдайым жаттығу залына барып тұрамын. Футболды әлі күнге ермек етемін. Қанша дегенмен жасыл алаңнан алыстап кеткен жоқпын.

- Сұхбатыңызға рахмет!


Тізімге қайта оралу