|   |   |   |  Барым да, нарым да өзіңсің немесе неліктен елордалықтар үшін ең жақын команда – Астана-1964

Барым да, нарым да өзіңсің немесе неліктен елордалықтар үшін ең жақын команда – Астана-1964

Барым да, нарым да өзіңсің немесе неліктен елордалықтар үшін ең жақын команда – Астана-1964
Астана-1964

Әр жанкүйердің, әр футболшының жүрегіне жақын тұтатын, бала кезден жанындай жақсы көретін өз командасы бар. Әлбетте, Астана біріншілігіндегі ұжымдардың қай өкілі болмасын, өз командасын өзгелерден артық көріп, ерекше санайды. Дегенмен, кім де болсын, мойындауы керек, елордалықтар үшін жандарына ең жақын команда – «Астана-1964». Келіспейсіздер ме? Ендеше жеті себебін тізіп берейін.

Бірінші себеп. «Целинник» пен «Жеңістің» мұрагері

Уикипедияда бұл клубтың уақытша жабылғаны туралы ақтың үстіне қарамен анық жазылған. Қазіргі «Астана-1964» командасының футболшылары да өткен жылы әртүрлі турнирлерге «Прогресс.kz» атауымен қатысып жүргенін жасырмайды. Алайда, биылдан бастап аталмыш ұжымның футболшылары бұрынғы «Целинник», «Жеңістердің» ізін жалғауды жөн көріп, мұрагеріне айналды. Жанкүйерлер де бірден қолдай кетіп, бұл «Астана-1964»-ті бұрынғы «Астананың» тікелей ізбасары ретінде қабылдады.

Екінші себеп. Терең тарих

Бұл «Астана-1964»-тің бұрынғы «Астананың» мұрагері екендігін анықтадық. Демек, тарихы да тереңде. Ресми түрде 1964 жылдан бастау алғанымен оған дейін де команда «Динамо» атауымен Қазақ КСР чемпионаттарында өнер көрсеткен. Кейін кәсіпқой деңгейде КСРО-ның Екінші лигасында, Қазақстан Премьер-лигасы мен Бірінші лигасында ойнады. Дегенмен, 2014 жылы клуб қаржы тапшылығына байланысты тарқап, жабылып қалды. Енді міне, қайта ашылып жатыр. Рас, әзірге тек команда ретінде ғана, алайда таяу болашақта кәсіпқой клуб ретінде де дүбірлі додаларда атой салады деген үмітіміз бар.

Үшінші себеп. Жетістіктер.

КСРО Екінші лигасы аймақтық турнирінің жеңімпазы, Қазақ КСР Кубогының екі дүркін иегері, үш дүркін Қазақстан чемпионы, Қазақстан кубогының үш дүркін жеңімпазы, Чемпиондар лигасының іріктеу додасына қатысқан еліміздегі ең алғашқы команда... Иә-иә, біз «Астана-1964» командасы жайлы айтып отырмыз. Тізе берсең, командалық жетістіктері де, жекелей жетістіктері де жетіп артылады. Егер қаржы дағдарысы болмағанда клуб әлі де отандық футболдың көш басында жүрер еді.


"Астана-1964" – Елорда біріншілігі қысқы маусымының жеңімпазы

Төртінші себеп. Шәкірттері

Астана қаласының біріншілігінде ойнап жүрген футболшылардың ішінде осы команданың төл шәкірттері жетерлік. Шыны керек, елордадағы футболшылардың басым бөлігі бұрын-соңды «Астана-1964»-те доп тепкен жігіттер. Тіпті, қысқы маусымда соңғы минутқа дейін қарсылық көрсеткен «Достар» құрамының жартысына жуығы да экс-«астаналықтар». Мәселен, Мұрат Тілешев, Антон Чичулин, Тухан Хамхоев, Олжас Сүлейменов, Игорь Черных сынды саңлақтардың бәрі-бәрі бір кездері «сары-көк» жейдеде өнер көрсеткен. Көпшілігі бүгінде «Астана-1964»-ті өздерінің ең жақын, туған командалары санайды.

Бесінші себеп. Көк-сары жолақты форма

Сәйкестік пе білмейміз, бірақ былтыр команда турнирлерге «Прогресс.kz» деген атпен қатысып жүргенде-ақ футболшылар ойындарға сары-көк жолақты формада шығатын. Команданың ойының көрген көпшілік 2000 жылдардың басында жасыл алаңда жасындай жарқылдаған «Жеңісті» көргендей толқып еді. Иә, сол кездегі командадаға әлі де жанкүйерлердің ностальгиясы бар, сағынышпен еске алады. Енді міне, жанкүйерлердің жоғалғаны табылып, «Астана-1964» қайта жанданды.

Алтыншы себеп. Команда-жеңімпаз

Қайда болмасын, қай турнирде болса да «Астана-1964» әрдайым тек жеңіс үшін ойнап, бас жүлдеге ғана таласады. Жанкүйерлерін де жеңіске әбден үйретіп тастаған. Басқа орындарға көңілдері көншімейді. Жетістіктері де аз емес. Қайталап тізіп шығудың да қажеті шамалы болар. Тек аталмыш команда ойыншыларының өткен жылдан бері барлық турнирлерде бас жүлдені қанжығаларына байлағанын айтсақ жеткілікті. Астана қаласының жазғы біріншілігі, қысқы чемпионаты, Қала кубогы, Қазақстанның Екінші лигасы – бәрі-бәрінде бірінші орынды осы команда жеңіп алған. Бақыт үшін басқа не керек?

Жетінші себеп. Жалынды жанкүйерлер

Қиындықта теріс бұрылмай, өзге клубқа «глор» болып кетпеген жанкүйерлеріңнің болғаны қандай жақсы. «Астана-1964»-тің фанаттары қай кезде болмасын командамен бірге. Ыстығына күйіп, суығына тоңып жүр. Елорданың басқа бірде-бір командасы мұндай жалынды да, сенімді жанкүйерлерімен мақтана алмайды. Олардың тіпті, әлеуметтік желілерде өз топтары да бар. Үнемі команда туралы жағымды жаңалықтар және соңғы ақпараттармен бөлісіп отырады. Иә, туған командаңды қолдайтын болсаң, осылардан үлгі ал!

Бізбен бірге болыңыздар. Келесі жолы біз «Наша Кампания» командасының сіз білмеген жеті фактісі туралы жариялайтын боламыз. 

Тізімге қайта оралу