|   |   |   |  Ербол Изекенов: Биыл да Қазақстанның Екінші лигасына қатысамыз

Ербол Изекенов: Биыл да Қазақстанның Екінші лигасына қатысамыз

Ербол Изекенов: Биыл да Қазақстанның Екінші лигасына қатысамыз
Ербол Изекенов

Астана футбол федерациясының ұйымдастыруымен өткен үлкен футболдан қала біріншілігінде үздік шабуылшы номинациясын «Астана-1964» командасының ойыншысы Ербол Изекенов жеңіп алды. Турнирден кейін Ербол sportsffa.kz сайтына сұхбат беріп, біріншілік жайлы өз ойымен бөлісті.

– Ербол, Астана біріншілігіндегі жеңістеріңізбен құттықтаймын! Чемпиондықтың тағдыры соңғы турда шешіліп, басты бәсекелестеріңіз «Достармен» тең ойнағандарыңыздың арқасында ғана бас жүлдені жеңіп алдыңыздар. Жалпы, сол кездесуде ұтылып қаламыз деген қорқыныш болған жоқ па?

- Соңғы турдың алдында біз «Достардан» екі ұпай алда тұрғанбыз. Яғни, бізге жеңбесек те, жеңілмей, тең түсудің өзі жеткілікті еді. Алаңға да сол мақсатпен шыққан болатынбыз. Соңғы кездері «Достардың» ойыны қатты күшейіп кетті. Оның үстіне, біздің құрамда бірнеше ойыншы жарақатына және дисквалификацияларына байланысты ойынға қатыса алмады. Сондықтан кем дегенде тең ойнауымыз керек еді. Өздеріңіз көргендей бірінші болып гол соғып, есепте алға шықтық, бірақ босаңсып қалғандықтан өзіміз де жіберіп алдық. Ойынның соңғы минутында қақпамызға пенальти белгіленді. Шыны керек, біткен жеріміз осы шығар деп ойладым. Бірақ, бағымызға орай, «Достар» ойыншысы 11-метрлікті қиыс теуіп, біз чемпон атандық.

- Біріншіліктің бірінші айналымында команда біраз ұпай жоғалтты. Жалпы, команданың сол кезде сәтсіз ойнауының себебі неде?

- Бірінші айналымда біздің командада көбінесе жастар ойнаған болатын. Ал екінші айналымда тәжірибелі ойыншылар қосылды. Айтпақшы, бұған дейін біз турнирлерге «Прогресс» деген атпен қатысып жүрдік. Биыл «Астана-1964» деп атын өзгерткенімізбен «Прогресстің» құрамын сақтап қалдық. Әлбетте, бірінші айналымда кейбір ойындарға дұрыс дайындала алмадық. Дегенмен, екіңші айналым өзіміз жоспарлағандай жақсы өтті.

- Ербол, енді өзіңіз туралы. Әр турнир сайын әйтеуір бір номинацияның жеңімпазы атанып келесіз. Былтыр көктемде футзал біріншілігінде үздік жартылай қорғаушы, одан кейін қырқүйекте Екінші лиганың үздік ойыншысы атандыңыз. Енді міне, футболдан қала чемпионатының үздік шабуылшы номинациясын жеңіп алдыңыз. Сіздің жеңістеріңіздің сиқыры неде?

- Білмеймін (күліп). Шынын айтсам, турнирдің басында жекелей номинациялр жайлы мүлдем ойланбайын. Ең бастысы, командалық жетістіктер. Ал қалғаны өзі келеді.

- Өзіңізден басқа тағы қай ойыншыны осы жүлдеге лайық деп ойлайсыз?

- Меніңше командаласым Қуаныш Абдуалиевке осы турнирде орталық жартылай қорғаушы позициясында тең келер ешкім болмады. Қуаныштың әдемі пастары кез-келген ойынның көркі.


Ербол Изекенов – үздік жартылай қорғаушы

- Біздің білуімізше «Астана-1964» командасының жаттықтырушысы жоқ. Сонда жаттығуларыңызды қалай өткізесіздер, кім жетекшілік жасайды?

- Сіздер күлетін шығарсыздар, бірақ бізде шынымен де жаттықтырушы жоқ. Бірлесіп жаттығу жасамаймыз да. Былтыр да осы мәнерде турнирлерге қатысып, Қазақстанның Екінші лигасын жеңіп алғанбыз. Негізі біздің ойыншылар кезінде Премьер-лига демесем де Бірінші лига деңгейінде ойнаған жігіттер. Ойындар сайын жиналып, содан ләззат аламыз.

- Өзіңіз айтпақшы, былтырғы маусымда «Астана-1964» командасы Екінші лиганы ұтқанымен қаржылық қиындықтарға байланысты Бірінші лигаға қатыса алмады. Демеуші іздедіңіздер ме?

- Иә, әрине іздедік. Негізі, біздің демеушіміз бар. Бірақ ол жалғыз өзі барлық қаржыны көтере алмайды. Әкімдікке де бардық. Нәтиже болмады. Ешкімне ешқандай қолдау таппадық. «Астана-1964» деп атану мақсатымыздың негізі де осы. Команданың атын «Астана-1964» деп атасақ, бізге шырай танытатындар табылатын шығар деп сендік. Бір жағынан әйгілі клубтың тарихын жалғастырып, жанкүйерлерін сақтап қалғымыз келді.

- Биыл қайта Екінші лигаға қатыспақ ойларыңыз бар ма?

- Иә, биыл да бағымызды сынап көрсекпе деген ниетіміз бар. Әзірге Регламентімен танысып, қаржы жағын қарастырып жатырмыз.

- Сіз осыған дейін «Екібастұз» футбол клубында өнер көрсеткен болатынсыз. Бірақ 2013 жылғы маусымнан кейін ол жақтан кетіп қалдыңыз. Себебі қандай?

- Үйленгеннен соң отбасыма ыңғайлы жағын қарастырдым. Ал, өздеріңіз білесіздер, жұмыс жағынан Астанада мүмкіндіктер жоғары. Рас,қазір кәсіпқой деңгейде доп теуіп жүрген жоқпын. Дегенмен, көріп отырғандарыңыздай, футбол жағынан ештеңе жоғалтпадым.

- Бүгінде футболдан басқа немен айналысасыз?

- Астана қаласының сауда үйлерінің бірінде ұялы телефон жөндеп, сататын өзімнің бутигім бар. Негізгі жұмысым сол кәсіптің шаруасын дөңгелету.

- Ендеше отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз

- Қызым қазір 1 жас 9 айда. Балалар өміріміздің мәні ғой. Солар үшін өмір сүреміз.

– Сұхбатыңыз үшін рахмет!

Тізімге қайта оралу