|   |   |   |  "Астана-1964" елорда біріншілігінің чемпионы атанды

"Астана-1964" елорда біріншілігінің чемпионы атанды

Астана қаласы біріншілігінің қысқы маусымының жеңімпазы анықталды. 18-турда басты бәсекелесі «Достармен» тең түскен «Астана-1964» командасы кезекті рет елорда чемпионы атанды.

Кез-келген доданың финалына бергісіз өткен ойында екі команда да барын салды. Турнир кестесінде араларын екі ұпай бөліп тұрғандықтан Әділ Шанабаевтың шәкірттеріне тек жеңіс қажет еді. «64»-ке тең ойын да жеткілікті болатын. Сондықтан, бірінші минуттан бастап тізгінді өз қолдарына алған «Достар» Бейбіт Мамырайымов қорғаған қақпаға тыным берген жоқ. Әдетте допты ұзақ ұстап, қарсыласын әрлі-берлі піспектеген соң ғана допты қақпаға тебетін олар бұл жолы «сыланып-сипанбай-ақ» реті келсе болды, қақпаға қақырата берді. Алайда, бірінші тайм голсыз аяқталды.

Үзілістен кейін «Достар» қарқындарын тіптен күшейтіп, кейде қорғанысты ұмытып кетіп жатты. Сондай сәттердің бірінде қарымта шабуылды әдемі ұйымдастырған «Астана-1964» Қанат Есенғазинов соққан голдың арқасында алға шығып кетті. Ойынның аяқталуына 20 минут қалған болатын. Есепті теңестіруге бар күштерін салған Әділ Шанабаев шәкірттері тайлы-тұяғымен шабуылға көшіп, қарсыласының айып алаңына «отауын тігіп алды». Ақыры толассыз шабуылдары нәтиже беріп, ойынға екінші таймда қосылған Амангелді Дүйсенбаев таразы басын тең етті.

Дегенмен, «Достар» үшін бұл да аз еді. Тең есеп оларды қанағаттандырмайды. Бас бапкері бүкіл ойыншыларын алға жіберді. Қақпашыдан басқа ешкім жоқ. Бірақ, Данияр Абдуллаевтың командасы да сәтті қорғануда. Ал уақыт болса сырғып барады. Бас төреші Марат Ысқақов кездесуге бес минут қосқан. Ол да соңына тақады. Кенет, «Астана-1964» қорғаушыларын қара басып, арасындағы біреуі айып алаңында ойын ережесін дөрекі бұзды. Қапталдағы төреші бәрін көріп тұр, жалаушасын көтеріп үлгерді. Бас арбитр да эпизодтың қасында болатын, саусағын шошайта нүктеге қарай көрсетті. Иә, пенальти. Соқса жеңеді, соға алмаса бітті дей бер. 11 метрлік айып добын орындау жауапкершілігі Самир Кулиевке жүктеліпті. Ойынға қосылмағанына көп болмаған, әріптестеріне қарағанда тың ойыншы болатын. Бірақ қисалаңдай жүгіріп, шірене тепкен оның добы тым қиыс кетті. Пенальтидің белгіленгеніне қуанып тұрған «Достар» ойыншыларының еңселері түсті де кетті. Төрешінің соңғы ысқырығы да естіліп үлгерген еді. Қорытынды есеп – 1:1, «Астана-1964» командасы қала біріншілігі қысқы маусымының жеңімпазы атанды. «Күміс жүлде» «Достардың» еншісінде.


Үздік шабуылшы Ербол Изекенов үздік жартылай қорғаушы Тухан Хамхоевке қарсы

Ал үшінші орынға «Школьник» пен «Зенит» таласты. Бұлардың да арасын екі ұпай бөліп тұрған. Алғашқысына тең ойнаса да жеткілікті. Бірақ, қызық болғанда, бірінші минутта-ақ қақпаларына гол жіберіп алып, жағдайларын қиындатып алды. Бірінші таймның аяқталуына бес минут қалғанда пенальтиден гол жіберіп, екі доп айырмашылығымен жеңіліп жатты.

Алайда, үзілістен кейін «Школьниктің» ойыны түлеп қоя берді. Екінші таймның басталғанына бес минут болғанда пенальти орындауға мүмкіндік алып, әріптесі Аслан Еркеннің қателігінен кейін қақпаға енбеген допты команда капитаны Әнуар Төкенов тоғытты. Арада он минут өткенде Ербол Мұсабаев таразы басын теңестіріп, есепті 2:2-ге жеткізді. Қорытынды есеп ˜– 2:2, дегенмен «Школьникте» жеңісті жұлып алатын керемет мүмкіндіктер болды. Оның үстіне, ойынның аяқталуына 10 минут қалғанда қорғаушысы Данияр Плотников алаңнан қуылып, «Зениттің» жағдайы тіптен қиындады. Ал ойынның өзі өте шиеленісті өтіп, бас төреші ескерту қағазын қалтасынан он рет шығаруға мәжбүр болды.

Сондай-ақ, 18-турдың аясында «Art Print» 3:1 есебімен «Наша Кампанияны» жеңсе, «Астана-99» 1:0 есебімен «Целиноградтан» басым түсті. Ал ардагерлерден құралған «Целинник» №8 МБЖСМОР-97 командасын 4:2 есебімен тізерлетті. Енді ертең қала біріншілігінің соңғы туры.

Жүлдегерлер толық анықталып қойғандықтан бірден ресми жабылу салтанаты да өтіп, Астана қаласы футбол федерациясының Президенті Лашын Аймағамбетов пен Жоғары ұлттық дәрежедеші төреші Николай Дрютов жүлдегерлер мен үздіктер марапаттады. Бұдан бөлек, «Целина» газетінің бас редакторы Марат Байғабылов тағайындаған арнайы сыйлықты үздік жаттықтырушы ретінде «Достар» командасының бас бапкері Әділ Шанабаев жеңіп алды.

Үздік номинациялар:

Үздік қақпашы – Серік Елубаев (Зенит)

Үздік қорғаушы – Әнуар Төкенов (Школьник)

Үздік жартылай қорғаушы – Тухан Хамхоев (Достар)

Үздік шабуылшы – Ербол Изекенов (Астана-1964)

Үздік жаттықтырушы – Әділ Шанабаев (Достар).    



Тізімге қайта оралу