|   |   |   |  Астана-1964 – Достар. Чемпиондық кімге бұйырады?

Астана-1964 – Достар. Чемпиондық кімге бұйырады?

Астана-1964 – Достар. Чемпиондық кімге бұйырады?
Тұрсынбаев VS Хамхоев

Ертең Астана қаласы біріншілігінде үздіктер мен жүлдегерлер толық анықталады. Бас жүлдеге «Астана-1964» командасы мен «Достар» таласады. Тартысты текетірестің қарсаңында біз екі команданың ойыншылары Сәбит Тұрсынбаев пен Тухан Хамхоевті сұхбатқа тартқан едік.

– Биылғы біріншілік несімен есте қалады?

Сәбит Тұрсынбаев: – Чемпионның тағдыры соңғы турда анықталатын ерекше маусым болды. Бұған дейін тек «Достар» мен «Астана-1964» командалары ғана мықты болатын. Биыл біраз мықты командалар пайда болды. Үздік алтылыққа енгендердің барлығы да жүлдегер атануға лайық. Шыны керек, ешбір жеңіс оңайлықпен келмеді.

Тухан Хамхоев: – Есте қаларлықтай турнир болды. Әр ойыннан ләззат алдық. Төрешілердің де деңгейлері өскен. Бірде-бір даулы ойын болмады. Бір сөзбен айтқанда биылғы біріншілікке қатысқан да арманда, қатыспағанда арманда.

– Қарсыласыңызды жеңу үшін нендей амалдар қолданасыздар?

Сәбит Тұрсынбаев: – Біздің командамыз жастардан құралған. Сондай-ақ, «Достарға» қарағанда трансферлік маусымда құрамымызды біраз күшейттік. Айтпақшы, бірінші айналым аясында өткен ойында біз оларды 4:1 есебімен ойсырата жеңген болатынбыз. Жалпы, соңғы екі жылда «Достармен» талай кездестік. Тек бір-ақ матчта тең түскенбіз. Қалған ойындардың бәрінде біз жеңдік. Ертең де сол дәстүрді жалғастырмақ ниетіміз бар. Дегенмен, тең ойын да бізді чемпион етеді.

Тухан Хамхоев: – Командамыздың аты айтып тұрғандай бізде кілең достар жиналған. Сондықтан, алаңдағы ынтымақтастығымыздың, бірлігіміздің арқасында жеңіске жетуге тырысамыз. Бір жағынан бас бапкеріміз Әділ Шанабаевтың біліктілігіне сенеміз. Рас, өте ауыр ойын болатынын сеземіз. Өйткені, «Астана-1964» командасының ойыншылары қолды-аяққа тұрмайтын өте ширақ футболшылар. Дегенмен, сәттілік біз жақта болады деп үміттенемін.

– Егер жеңіске жетіп, чемпион атанып жатсаңыздар, сыйақы бола ма?

Сәбит Тұрсынбаев: – Біздің жетекшіміз Данияр Абдуллаев жол жөндеумен айналысатын компанияның басшысы. Егер чемпион атанып жатсақ, ренжіте қоймас.

Тухан Хамхоев: – Біздің команданың ойыншыларын тек достар құрайтындықтан ақша мәселесі көтерілмейді. Арамызды достық байланыстырып тұр.

– Турнирдің үздік ойыншысы деп кімді атар едіңіз?

Сәбит Тұрсынбаев: – Шебер ойыншылар өте көп. Мәселен, «Достардағы» Тухан Хамхоевті баршамыз үлгі тұтып, сол секілді ойнауға тырысамыз. «Школьник» сапында Ержан Мухамединнің ойыны ұнайды. «Зениттегі» Эльвин Аллаяров та үздіктердің бірі. Дегенмен, мен турнирдің үздік ойыншысы деп біздің командадағы Қуаныш Абдуллаевты айтар едім. Оның өткір пастары кез-келген ойынның тағдырын бір сәтте шеше алады.

Тухан Хамхоев: – Қысқы маусымның үздік ойыншысы сөз жоқ, Жасұлан Омаров. Екеуміз бір командада ойнайтымызға қуанам. Оның қорғаныстағы өте сауатты ойыны біздің соңғы матчтарда жеңістерге жетуімізге сеп болды. Ол тек алаңда ғана емес, алаң жиегінде де лидер.

– Сұхбатқа көп рахмет! Үздік команда жеңіске жетсін!

Тізімге қайта оралу