|   |   |   |  Школьник – Зенит. Жеңгенге қола, жеңілгенге түк те жоқ

Школьник – Зенит. Жеңгенге қола, жеңілгенге түк те жоқ

Школьник – Зенит. Жеңгенге қола, жеңілгенге түк те жоқ
Богомолов VS Әділханов

Футболдан Астана біріншілігінде қола жүлдені «Школьник» пен «Зенит» командалары өзара сарапқа салады. Екі команданың арасын небәрі екі-ақ ұпай күтіп тұр. Жеңілген командаға түк те жоқ. Сондықтан, матч «барселоналықтар» үшін де, «аспан-көк жейделілер» үшін де өте маңызды. Текетірестің алдында қос команданың ойыншылары sportsffa.kz сайтына сұхбат беріп, кездесуге дайындықтары туралы айтып берді.

– Қарсыластарыңыздың қандай артық және әлсіз тұстарын байқадыңыз?

Александр Богомолов: – Олардың қақпашысы тасқамал. Негізінен соның арқасында «Зенит» турнир кестесінің жоғарғы жағында келеді. Соңына дейін күресе білетін жігерлі жігіттер. Біз секілді олар да турнирге бірінші рет қатысып жатыр. Соған қарамастан баршамызды таңғалдырып үлгерді. Ал әлсіз жерін айтқаным дұрыс болмас. Егер өзімізді дұрыс қайрай білсек, онда қарсыласымызды жеңе аламыз деп ойлаймын.

Дияс Әділханов: – «Школьниктің» әр қапталында тәжірибелі, Премьер-лигада ойнаған футболшылар жиналған. Әлсіз жағы бірден есіме түспей тұр. Бірақ, басқа командаларға тән кемшілік бұларда да бар сияқты. Байқағаным, кей ойындарға психологиялық тұрғыда дайын болмай шығатын секілді. Бәлкім, менсінбеушілік деуге болатын шығар мұны. Дегенмен, бізге қарсы барынша дайындалып шықса екен деймін. Сонда ойын қызықты, әрі тартысты өтеді.

– Чемпиондықтан басты үміткер саналып, бас жүлдені ғана емес, «күмісті» де қолдан шығарып алғандарыңыз қалай?

Александр Богомолов: – Біз әлі күмістен үмітімізді үзген жоқпыз. Теориялық тұрғыда әлі де екінші орынды иемденетін мүмкіндігіміз бар. Ол үшін біз «Зенитті» жеңіп, «Достар» «Астана-1964»-тен жеңілу керек. Осылай болады деп сенемін. Не үшін осындай жағдайға түсіп қалғанымызды өзім де түсінбеймін. Бәлкім кейбір ойындарда эмоциялық тұрғыда дайын болмаған шығармыз. Мүмкін, сәттілік жетіспеді ме, оны да білмеймін. Гол соғатын талай мүмкіндіктеріміз бола тұра, қисық тебе бергеніміз тағы бар.

Дияс Әділханов: – Біріншіліктің бірінші айналымын керемет өткізіп, бірінші орынмен аяқтадық. Бәленің барлығы екінші айналымда басталды. Эмоциялық және психологиялық тұрғыда маңызды матчтарға дайын болмай шықтық-ау. Әр кездесуде өз деңгейімізден төмен ойнадық. Бәлкім, тәжірибе жетіспеді ме, әйтеуір қала біріншілігінде бұрыннан ойнайтын «Наша Кампания», «Астана-1964» және «Достар» сынды командаларға шама жетпеді.

– Жеңіліп қалып, «қоладан» айрылар болсаңыздар, командаңыз үшін қаншалықты трагедия болмақ?

Александр Богомолов: – Біз қала біріншілігіне бірінші рет қатысып жатырмыз. Егер жеңіліп қалсақ, ештеңесі жоқ, өз қателіктерімізден қорытынды шығарып, келесі маусымға барынша дайындаламыз. Дегенмен, әзірге жеңілеміз деген ойымыз жоқ. Қалайда «Зенитті» ұтуымыз керек.

Дияс Әділханов: – Алаңға тек жеңіс үшін шығамыз. Жеңіліс жайлы ойланбаймыз да. Сәтсіздіктердің барлығы артта қалды деп үміттенемін. Жеңілсек, біз үшін ауыр соққы болмақ.

– Бірінші айналым аясындағы өзара кездесулеріңізде «Зенит» 1:0 есебімен жеңген еді. Сол ойынның нәтижесі заңдылық болды ма, әлде күтпеген нәтиже ме?

Александр Богомолов: – Міне, дәл сол ойында бізге сәттілік жетіспеді. Ойынның басым бөлігін біздің команда шабуылдаумен өткізді. Бірақ қақпашысы мықты екен. Оның үстіне, пенальти соға алмадық. Сөйтіп жүргенде қарымта шабуылын жіберіп алдық та, «Зенит» бізге гол соғып кетті. Енді осы кездесуді өз пайдамызға шешуге тырысамыз.

Дияс Әділханов: – Жеңіске жеттің бе, демек соған лайық ойнадың деген сөз. Кім мықты болса, сәттілік соның жағында болады деген бар емес пе?! Дегенмен, рас, «Школьник» сол ойында барын сала ойнап, әбден есімізді шығарды.

– Сұхбаттарыңызға рахмет!

Тізімге қайта оралу