|   |   |   |  «Школьникке» жанкүйер болудың жеті себебі

«Школьникке» жанкүйер болудың жеті себебі

«Школьникке» жанкүйер болудың жеті себебі
"Школьник" әуесқой футбол командасы

Әр клубтың өз жанкүйерлер армиясы бар. Әлбетте, біреулерде миллиондаған болуы мүмкін, біреулердің «армиясы» санаулы-ақ адамдарды құрауы ғажап емес. Бірақ, әйтеуір, бар. Біріне әдемі ойын көрсеткені үшін жанкүйерсің, екіншісінің терең тарихын құрметтейсің, ал үшіншісін Криштиану Роналду ойнағаны үшін ғана жақсы көресің. Солай емес пе?!

Ал жай ғана қалалық деңгейдегі команда несімен қызықтыра алады? Не үшін жанкүйер болуымыз қажет? Бүгінгі мақалада Sportsffa.kz порталының тілшісі Астана қаласының біріншілігінде бағын сынап жүрген «Школьник» командасына жанкүйер болудың жеті себебін тізбектеп берген еді.

Бірінші себеп. Өрнекті ойын, әдемі шабуыл.

Астана қаласының біріншілігінде «Школьник» 16 ойында қарсылас қақпасына барлығы 77 гол соғыпты. 77 гол, яғни әр матчта орта есеппен қарсылас қақпасына 5 голдан тоғытып отырған. Бұл көрсеткіш бойынша «астаналық барселоналықтар» өзгелерден оқ бойы озық келеді. Мысал үшін айта кетейік, голдарының көптігі бойынша екінші орында тұрған «Достардың» еншісінде тек 56 доп қана бар. Бір қызығы, «Школьник» құрамында таза шабуылшы жоқ та. Көбіне қос қаптал арқылы ойқастайтын олардың сапында кез-келгені шабуылшы бола береді. Тіпті, қорғаушылардың өзі артқы шебін қорып, қорғаныста жантайып жата бермейді. Бір сөзбен айтқанда, «Школьник» қарсыласын жай ғана ұтпайды, әдемі жеңгенді жөн көреді. Айтпақшы, осы турнирде қақпаларына 12-ақ гол жіберген олар бұл тұрғыдан да алда келеді.

Екінші себеп. Алаңдағы әдептілік.

«Школьник» футболшылары өздерін алаңда өте әдепті ұстайтын Астана қаласының біріншілігіндегі аз ғана командалардың бірі. Дөрекі ойнамайды, ашуын сыртқа шығармайды және төрешімен дауласатын кездері де тым сирек. Ойыншылары өте ширақ, әрі қолды-аяққа тұрмайтын жылдам болғандықтан шығар, көбіне ережені олар емес, оларға қарсы қарсыластары бұзып жатады. Сондай-ақ, бір ұнайтыны, «жеңілсең жер көтереді» деген нақылды ұстанатын олар ұтылса да, еңселерін түсірмейді және өзгелер секілді кінәні басқалардан іздемейді.

Үшінші себеп. «Барселоналық» форма және ойын мәнер

Әйгілі испаниялық клубтың формасында өнер көрсететін болғандықтан шығар, бұл команданы көпшілік «астаналық барселоналықтар» деп те атайды. Экипировкасы ғана емес, ойындары да «каталондықтар» секілді. Ал Луис Энрике командасының ойыны бүгінде бүкіл әлемге ұнайтыны жасырын емес. Тіпті, «Блаугрананы» жек көретін «Реал», «Эспаньол» сынды клубтардың да фанаттары да «Барселонаның» мықтылығын мойындап, ойынына сүйсінеді. Демек, «каталондықтар» сияқты ойын мәнері бар «Школьниктің» де осал болмағаны.

Төртінші себеп. Жергілікті футбол түлектері

Астана қаласының біріншілігінде бақ сынап жатқан командалардың көпшілігі өзге аймақтардың ойыншыларымен жасақталғаны жасырын емес. Мәселен, біріншіліктің бірінші кезеңін жеңіспен аяқтаған «Зениттің» құрамында Екібастұз қаласының ойыншылары бар. Сол сияқты, «Астана-1964» командасының жартысына жуығын Шымкенттің жігіттері құрайды. Әлбетте, Астана қаласының біріншілігі өзге өңірлердің ойыншыларын да қызықтыратыны бәрімізді қуантады. Дегенмен, елордамыздың нағыз патриоты құрамы кілең жергілікті футбол түлегінен жасақталған «Школьникке» жанкүйер болуы тиіс.


"Школьниктің" қорғаушыларына дейін шабуылға бейім 

Бесінші себеп. Сұлулардың пікірі.

«Школьниктің» қатысуымен өтіп жатқан ойындардың бірінде жігіттеріне барынша қолдау көрсетіп жатқан арулардан осы командаға жанкүйер болудың ең болмағанда бір себебін айтуын сұрағанмын. «Өйткені, мұнда Астана қаласының ең келбетті, стильді және зиялы жігіттері жиналған» деп жауап берді көп ойланбастан сұлулардың бірі. «Өзге командалардың да ойыншылары қара жаяу емес қой» деп айтайын дедім де, «Школьниктің» құрамына мұқият назар салып, кімді меңзеп жатқандарын бірден түсіндім.

Алтыншы себеп. Асқақ мақсат

Команданың құрылғанына көп болған жоқ. Қала біріншілігіне биыл ғана қатысып тұр. Сондықтан шығар, кейбір ойындарда аздап тәжірибе жетіспей жатты. Дегенмен биылдың өзінде жүлделі орындардан дәмелі. Тіпті, алғашқы маусымында-ақ чемпиондықты көздеп еді, өткен аптаны өте сәтсіз өткізіп, мүмкіндікті жіберіп алды. Алайда, алдарына қойған мақсаттары зор, оған қол жеткізуге жағдайлары да жетеді. Биыл «Школьник» Екінші лигаға қатысып, келесі жылы Қазақстан Бірінші лигасында бақ сынап жатса, таңғалмаңыздар.

Жетінші себеп. Глор болмау үшін қазірден бастап жанкүйер болыңыз

Алтыншы себептің жалғасы десек те болатын шығар. Кім-кімнен сұрасаң да, бәрі де бала кезден «Реал», «Барселона», «Челси» сынды танымал командаларға жанкүйер екендіктерін айтады. Егер болашақта «Школьник» те айы оңынан туып, ел чемпионатында жеңіске жетіп, Қазақстанның намысын халықаралық аренада қорғап жатса, онда сіз де осы еріксіз осы команданы қолдап шыға келесіз. Қалай үстіңізге клубтың көгілдір футболкасын киіп, фанаты болып келгеніңізді де байқамай қаласыз. Сондықтан, кейін «глор» деген жаман атқа қалмау үшін, «Школьникке» бүгіннен бастап жанкүйер бол!

Келесі жолы біз неліктен «Достардың» ең дөкей команда екендігінің жеті себебін тізбектейтін боламыз.

Тізімге қайта оралу