|   |   |   |  Астана біріншілігі. Бас жүлдеден үміткер екі-ақ команда қалды

Астана біріншілігі. Бас жүлдеден үміткер екі-ақ команда қалды

Астана біріншілігі. Бас жүлдеден үміткер екі-ақ команда қалды
"Достар" "Зенитті" біржола орға жықты

Футболдан Астана қаласы біріншілігінің аяқталуына бір тур қалғанда іріктеліп, сүзгіден әбден өткен екі команда қалды. Енді соңғы турда маусымның бас жүлдесін осы екі команда сарапқа салады.

«Зенит» тур өткен сайын турнир кестесінде төмен түсіп барады. Бірінші кезеңде қарсылас шақ келтірмеген Илья Меланичтің шәкірттері біріншіліктің екінші жартысында жүрістерінен жаңылады деп кім ойлаған? Сенбі күні «Достарға» қарсы алаңға шыққан «Зенит» 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Ойын тағдырын бұл жолы қорғаушы Сергей Мокровтың 29-минутта соққан жалғыз голы шешті. Екінші таймда есепті теңестіруге қанша тырысқандарымен «аспан көк» жейделіле сол күйі гол соға алмады. Осылайша, басты қарсыластарының бірін сүріндірген «Достар» турнир кестесінде екінші орынға көтерілген.

Ертесі күні «Зенит» тағы да ұтылды. Бұл жолы «Астана-1964» командасынан жеңілген олар бас жүлдеден үміттерін біржола үзді. Бірақ бәрі «аспан көк» жейделілер үшін сәтті басталған. Бірінші таймда екі гол соғып, жеңіске бір табан жақындады. Рас, үзілістен кейін экс-»Прогресс» жігіттері бір гол соғып, таблодағы көрсеткішті қысқартқандай болып еді, алайда ойын ережесін өте дөрекі бұзғаны үшін Еркеғали Жантілеуов алаңнан қуылып, «Астана-1964» жігіттерін қиын жағдайға қалдырды. «Енді «Зенит» жеңісті уыстарынан шығармас» десті жанкүйерлер. Дегенмен, «сары-көк жейделілер» еңселерін түсірген жоқ. Керісінше есепті теңестіріп қана қоймай, кездесудің аяқталуына бір минут қалғанда жеңісті жұлып алды. Осылайша, «Зенит» бас жүлдеден күдерін мүлдем үзді. Ал бас жүлдеге соңғы турда «Астана-1964» пен «Достар» жігіттері өзара таласатын болады.

Өз кезегінде Әділ Шанабаев шәкірттері сенбі күнгі жеңістен кейін жексенбіде «Наша Кампанияның» қақпасына жауапсыз бес гол соқты.

14-15-тур ойындарын өте сәтсіз өткізген «Школьник» футболшылары естерін енді жиғандай. Алдымен «астаналық барселоналықтар» «Наша Кампанияны» жеңді. Ойынның 25-минутында есеп ашқан Ислам Ахметовтің голынан кейін кездесуде есеп өзгерген жоқ. «Кампашка» жігіттері таразы басын теңестіруге барын салып, алға атойлаған. Бірақ, бірінші таймның аяқталуына алты минут қалғанда алаңнан қуылған Арминак Качканьян командасының жағдайын одан сайын қиындатып жіберді.


Зенит - Школьник 1:0

Ал үзілістен кейін «Школьниктің» қарқындары тіптен күшейді. Алайда, таблодағы көрсеткіш сол күйі өзгеріссіз қалды. Сенбідегі жеңістен жігер алған «Школьник» жексенбіде «полиграфтардың» түгін қоймай, 4:0 есебімен ірі жеңіске қол жеткізді. Иә, дәл қазір үздік алтылықта ұпай таратушының рөлін «Art Print» сомдап жүр. Байқағандарыңыздай, «Зенит» те қалысар емес.

Ал, «аутсайдерлер» тобында «Астана-98» әлі де ешкімді жеткізер емес. Дегенмен, №8 МБЖСМОР-97 командасымен кездескен олар бірінші турда тәп-тәуір ойнағандарымен үзілістен кейін жүрістерінен жаңылып, 1:3 есебімен жеңіліп қалды.

«Ардагерлерден» құралған «Целинник» үшін осы апта өте сәтті өтті. Екі кездесуде де 3:1 есебімен жеңіске жеткен олар турнир кестесінде 9-орынға көтерілді.

Дегенмен, басты айқастар соңғы турдың еншісіне қалып отыр. Бас жүлдеге «Астана-1964» пен «Достар» таласса, «Зенит» пен «Школьник» өзара үшінші орынның тағдырын шешеді. 

Тізімге қайта оралу